Шалғай ауылдарда өрт сөндіру бекеттері құрылады
Келес ауданындағы ауылдарда мерзімді өрт сөндіру бекеттері құрылмақ. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады. Өрт сөндіру бекеті Бірлік ауылдық округі аумағынан құрылып, Бозай, Жамбыл, Бірлік және Ақтөбе ауылдық округтерінің аумағындағы қырлы далалар мен жайылымдық жерлерді өрттен қорғайды.
Келес аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Хайрулла Кеңесовтың мәлімдедуінше Бірлік ауылдық округі аумағынан құрылатын маусымдық өрт сөндіру бекеті жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылып жатыр.
«Бекет маусым айынан бастап қараша айына дейін ауданға қарасты ауылдық округтердің аумағындағы қырдағы малшылардың қоралары мен олардың жайылымдық жерлерін өрттен қорғауға қызмет атқарады. Сонымен қатар, келесі жылы Ақтөбе ауылдық округінің Кеңдала елді мекені аумағында заманауи өрт сөндіру депосының құрылысы басталады. Ол жерде екі өрт сөндіру техникасымен 28 жеке құрам қызмет атқарады. Осы жоспар шеңберінде Ошақты ауыл округі С.Саттаров ауылының тұсынан Шардара тас жолының Бозай, Жамбыл ауыл округтеріне бағыт алған бұрылысынан да өрт сөндіру депосын салу жоспарланған», - деді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы.
Бүгінгі таңда Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпараты бойынша елімізді өрттен қорғауға 426 өрт сөндіру депосы қызмет етеді. Соңғы 5 жылда республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен 11 өрт сөндіру депосы салынды.
Ал 2024 жылға дейін тағы 20 депоны пайдалануға беру жоспарланып отыр. Өрт сөндіру деполарын және құтқару станцияларын салу жоспары аясында 2030 жылға дейін халық саны 5 мың адамнан асатын елді мекендерде 47 өрт сөндіру депосын салу жоспарланған.