Автогаз қымбаттамайды
Түркістан облысында автогаз қымбаттамайды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиев мәлім етті.
Түркістан облысына сұйықтылған газдың сұранысы айына 12 000 тоннаға жуық көлемді құрайды. Ал, күнделікті тұтыну көлемі 420 тоннаның төңірегінде.
Басқарма басшысының сөзінше, өңірдегі сұйытылған автогаздың көлемі жеткілікті. Алдағы уақытта да тапшылық туындамайды.
«Сәуір айына 10236 тонна, мамыр айына 12359 тонна, маусым айына 10739 тонна сұйытылған мұнай газ Түркістан облысына бөлініп отыр. Бағасы да тұрақты. Түркістан облысы аумағында сұйытылған автогаздың литрі 60-65 теңгенің көлемінде сатылып жатыр. Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Абай облыстарында тариф өседі деп жоспарланып отыр. Ал, біздің өңірде әзірге ондай жоспар жоқ. Көлемі де жеткілікті. Зауыттан күніне 16 вагоннан Түркістан облысына жіберіліп жатыр» -деді Сәкен Далиев.
Бүгінде өңірде балон газын қолданатын 140 536 тұрғын үй бар. Сондай-ақ, 50 000 астам жеңіл көлік, 1500 жуық жүк тасымалдайтын және 1000-ға жуық жолаушы тасымалдайтын көлік сұйытылған автогазды тұтынады.
Қазіргі таңда Түркістан облысы аумағында 9 мұнай сақтау қоймасы мен 369 жанармай құю бекеті жұмыс істейді. Оның ішінде 328-інде дизель отыны сатылады. Дизель отынының өнімін есепке алудың ақпараттық жүйесі 135 жағармай құю бекетінде орнатылған (41,2%).
Еске сала кетсек, Түркістан облысындағы шекаралық аймақтарда энергетика бекеттері құрылды. Энергетика бекеттері дизель отынын көршілес елдерге заңсыз тасымалдау жолын кесу мақсатында жұмыс істейді. Сондықтан олар шекаралық аймақтарда орналасқан және қазіргі таңда Сарыағаш ауданындағы - «Жібек жолы», «Қазығұрт», Келес ауданындағы - «Б. Қонысбаев», Мақтаарал ауданындағы «Сырдария», «Атамекен», «Целинный» өткізу пунктерінде жұмыс істеп тұр.