Жетісайда екі ауылдық округ табиғи газға қосылады

Oinet.kz 19-04-2023 133

29.jpg

2021 жылы елімізде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын әзірленді. Ұлттық жобаның мақсаты халықтың базалық көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізуін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайды, көліктік байланыстылықты жақсарту және елдің транзиттік әлеуетін, сондай-ақ халықтың ұтқырлығын арттыру болып табылады. Осы мақсатта Жетісай ауданында бірқатар жұмыстар жүргізілуде.  

Жетісай ауданында 112 елді мекеннің 56 елді мекені газбен қамтылған. Жергілікті тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету үшін Жаңа ауыл және Достық ауылдық округтеріндегі елді мекендерге жеткізуші газ құбырын салу жұмыстарына 2022 жылға 1 млрд. 655 млн 935 мың теңге қаржы қаралып, толық игерілген. Қазіргі таңда мердігер мекеме «Байсын-А» ЖШС тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.

Қарақай ауылдық округінде «Жетісай» АГТС, Ынтымақ ауылдық округінде «Кирово» АГТС нысандарын салу жұмыстарына тиісті қаржылар бөлініп, мердігер «БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалардың сметалық құны – 2,067 млрд. теңге.

Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Әбдіхалық, Мырзашөл, Атақоныс елді мекендерін газдандыруға республикалық бюджеттен 181 млн. 709 мың теңге бөлініп, мердігер мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Нысан құрылысы 2024 жылға өтпелі.

Бұдан бөлек, өткен жылы Қызылқұм ауылдық округіне қарасты Қызылқұм, Ақтөбе елді мекендері мен Абай ауылдық округіндегі Отан, Бейбітшілік елді мекендерін, Ж.Ералиев ауылдық округіндегі Ғ.Мұратбаев елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында және республикалық бюджеттен жалпы 1,6 млрд теңге қаржы бөлінді. Мердігер мекеме – «РемСтрой» ЖШС. Жұмыстар өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде. Нысанды қолданысқа тапсырған соң 1407 абонент немесе 10 мыңға тарта тұрғын табиғи газбен қамтылады.

Айта кетейік, құрылыс-монтаж жұмыстарына отандық сапалы өнімдер қолданылуда. Атқарған жұмыстарға 5 жыл кепілдік бар.

Ауданда жергілікті бюджеттен 2020-2022 жылдарға елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 38 елді мекенге жобалық-сметалық құжаттарын рәсімдеуге 149,3 млн. теңге бөлінді. Қазіргі таңда 26 елді мекенге табиғи газ тарту бойынша ЖСҚ толығымен әзірленіп, сараптама қорытындысы алынған. Оның ішінде 22 елді мекеннің құрылысына қаржы бөлуге ұсынылды.


«Қоныс аудару» жәрмеңкесі Мақтааралдан басталды
Түркістанда халықаралық конференция өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу