Ұ.Сәдібеков: Кентау экологиялық аймақ деп танылуы тиіс

Oinet.kz 21-04-2023 406

19.jpg

Парламент Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков еліміздің Экология және табиғи ресурстар министрі Зульфия Болатқызына депутаттық сауал жолдады.

Депутат министрге жолдаған сауалында Кентауды экологиялық аймақ деп тану арқылы 100 мың халықтың өмір сүру сапасын жақсарта аламыз деген пікірін жеткізді. 

«Түркістан облысының Кентау қаласындағы экологиялық жағдай күннен күнге күшейе түсіп жатыр. Бұл мәселеге негізгі себептің бірі - қаланың Арал аймағына жақын орналасқандығы. Арал маңындағы қазақстандық бөліктің қарқынды шөлге айналуы халықтың әл-ахуалының қолайлы шарттарының жойылуына, атап айтқанда аурушаңдықтың артуына алып келіп жатыр. Осы себептер бойынша Қызылорда, Түркістан және Ақтөбе облыстарының кейбір аймақтары экологиялық апат аймақтары болып танылды. Ал, сол сәтте Кентау қаласы мен Бәйдібек ауданы сол тізімге енбей қалды», - деді Ұласбек Сәдібекұлы. 

Депутат атап өткендей, қазіргі кезде Кентау қаласындағы ауа мен судың ластануынан қала тұрғындарының арасында онкологиялық аурулар да асқына түскен. 

«Мәселен, 2020 жылы онкологиялық аурумен науқастанып, қайтыс болғандардың көрсеткіші 49,5 болса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 51,5-ке көбейген. Ал, 2022 жылы 62,4 болып отыр. Әрине, бұл дабыл қағарлық мәселе деп білемін. Кентау қаласына қарасты Құсшы ата ауылындағы жолдың арғы беті экологиялық аймаққа жатса, бергі беті экологиялық аймақ деп есептелмейді. Барлық тұрғынның жұтып отырғаны бір ауа. Бәйдібек ауданында да дәл осындай жағдай бар. Сондықтан Кентау қаласы мен Бәйдібек ауданын экологиялық аймаққа жатқызуға болады деп санаймын», - деді депутат.


Жаңа жұмыс орындарын ашу-әкімдердің басты міндеті
«Қоныс аудару» жәрмеңкесі -Сайрамда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу