Түркістанда криминогендік ахуал тұрақты
Президент Қ.Ж.Тоқаев еліміздің Ішкі істер министрлігіне құқық қорғау саласын жетілдіру бойынша нақты шаралар қабылдап, Жаңа Қазақстанға лайықты полиция құру міндетін жүктегені белгілі.
Бүгінге дейін құқық қорғау саласында көптеген реформалар жасалып, ауқымды жұмыстар атқарылды. Дегенмен, Мемлекет басшысы өзінің былтырғы Жолдауында полицияның жұмысын жетілдіру бағытында нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл шаралар халықтың сұранысына, қоғамның мүддесін қорғауға бағытталған полиция құруды көздейді. Біз осыған орай саланы бюрократиядан арылту, цифрландыру және оңтайландыру бағыттарына басымдық бере бастадық.
Талдау көрсеткендей, біздің қызметкерлер жұмыс уақытының 45 пайызын жиналыстарға, анықтама дайындау және расталмаған фактілер бойынша материал жинауға жұмсайды екен. Ал, ең басты міндеті профилактикаға тек 2-ақ пайыз уақытын бөледі. Қазір біз осы мәселені ретке келтіріп жатырмыз. Қызметкерлерді есеп мәліметтерін қолмен жазудан босатып, процестерді автоматтандырудамыз. Мұндағы мақсат – құжаттың қағаз күйіндегі айналымын төмендету.
Бұған қоса, Түркістан қаласы – сервистік модель аясында пилоттық жоба ретінде таңдалған аймақтардың бірі. Қазіргі таңда өңірде бағдарламаның төртінші кезеңі іске асырылуда. Бұл орайда білім-білігі мол сақшылардың қатары артып, олар толығымен техникамен жабдықталып, елмен тығыз байланыста болуы шарт. Ішкі істер министрі «сервистік модель» жобасы аясында әрбір полиция органдары жанынан «Сервистік орталықтар» салынуы қажет екенін айтқан болатын. Соған орай, 2023 жылды «Қала, аудандардағы полицейлер жылы» деп бекіттім. Жаңа жылдан бастап жеке құрамға демеу болып, олардың проблемаларына жіті мән беріп жатырмыз. Полиция ғимараттарын жаңартып, жаңа талапқа сай қызметкерлерді құрал-жабдықтармен және сервистік орталықтармен қамтамасыз етеміз.
Сервистік модель өз кезегінде бірқатар жаңа міндеттерді айқындайды. Оның біріншісі – құқық тәртібін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу. Екіншісі – полицияның жұмыс процестерін қайта құру. Алдағы уақытта облыс тұрғындары полициядағы осы өзгерістерді сезінуі тиіс. Біз облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қолдауымен осы ауқымды жобаларды іске асыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз.
Өткен жылы облыстағы криминогендік ахуал тұрақты болды. Есептік мерзімде 5411 қылмыстық іс тіркелсе, қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде аса ауыр қылмыс 23,2 пайызға, тонау 16,1 пайызға, мал ұрлығы 3,5 пайызға, бұзақылық 8,1 пайызға төмендеді. Ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылу деңгейі 93 пайызға жоғарылады.
Қылмыспен күресудің ең тиімді тәсілі профилактикалық жұмыстар екені даусыз. Осыған орай біздің қызметкерлер орта, арнайы орта және ЖОО-да жастардың есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастыруда белсенді жұмыстар жүргізуде.
Әрине бүгінгі күннің талабына сәйкес цифрландыру бағытындағы жұмыстарды жандандырып жатырмыз. Бұған мемлекет тарапынан да жеткілікті қолдау көрсетілуде. Яғни полиция қызметкерлері соңғы үлгідегі қызметке қажетті құрал-жабдықтармен, техникалармен жабдықталуда. Бейнебақылау камераларының саны артып, өңір қауіпсіздігі цифрлы бейнежазбалар арқылы қадағалануда. Қағазбастылықты жою мақсатында барлық іс-қағаздары электронды түрде орындалуда. Сонымен қатар тұрғындар полициямен тез арада байланыс жасау үшін ұялы телефондарға, облыс орталығының адамдар көп шоғырланатын аумағында «SOS» батырмалары орнатылды.
Ең бірінші кезекте полиция халықтың қамқоршысы әрі жанашыры болуы керек. Біздің басты мақсат – сол! Әділетті Қазақстан құру жолында оның полициясы да талапқа сай жаңарып, жүктелген міндетін мінсіз атқаруы тиіс. Жұртшылықтың жүрегінен орын алғанда ғана нағыз ел қорғаны деген атқа ие боламыз.
Мұрат ҚАБДЕНОВ,
Түркістан облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры