Арыс қаласының абаттандыруға жауынгерлер де қатысты

Oinet.kz 11-11-2022 337

Түркістан облысы Арыс қаласында көріктендіру, көгеріштендіру айлығына жастар да өз үлестерін қосуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында отаншылдық рухты жаңғырту Жолдаудың негізгі бағыттарының бірі болды десем артық айтқандығым болмас.

Screenshot_25.jpg

Президент «Отаншылдық рухы жоғары ел көздеген мақсатына қалай жетеді. Біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстанды құру. Бұл нені білдіреді? Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды. Бұған тарихтан талай мысал келтіруге болады. Біз келешегіміз кемел боларына және жарқын болашақты өз қолымызбен жасай алатынымызға сенеміз», деп атап өтуі, бұл жастарымыздың отаншылдық рухын оятқан жолдау болды деп білем.    

Арыс қаласының жастары да қоғам өмірінен тыс қалмай, елдің игі істеріне белсене араласуда. Атап айтсақ, көріктендіру, көгеріштендіру, абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстары барысында көшелер, ауыл айналасы кездейсоқ күл-қоқыстан тазартылды. Осы істе қала жастары мен ондағы әскери бөлім сарбаздарының үлесі бар. 

Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекованың айтуынша, қыс айы келгенімен де, қолайлы күндері қала аумағында жасыл желек ауқымын кеңейту мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Ауқымды жұмыстың бір парасы Арыс – Шымкент, Арыс – Шардара автожолының бойындағы жасыл белдеу. Қазір ары-бері өткен жолаушының көзін қуантып, бір кезде құла түз болып қурап жататын жерге күз және қыс айларында отырғызылатын шырша, басқа да қылқан жапырақты ағаштардың көшеттері отырғызылуда. Олардың саны  жыл сайын көбеюде.

Қаланы көгалдандырудың басында жүрген «Жасыл Арыс» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлі бүгінгі таңда Арыс қаласына қарасты Орманды елдімекенінде орналасқан «Сырдария –Түркістан» МӨТП тұқымбағынан 5000 дана қарағаш, 500 дана бозарша қазып алып, жол мен көше бойларына отырғызды.  

Бұл экологиялық іс-шарадан қаладағы әскерилер де шет қалмады. Жасыларыстықтарға жәрдемге келген сарбаздар әп-сәтте 70-тен астам көшеттің түбін қазып, жаңа орынға отырғызуға дайын күйге келтірді. 

Тынымсыз тал егіп жүрген жасыларыстықтар «бабын тауып, баптай білсең, бүгінгі көшет болашақта мәуелі баққа немесе көлеңкелі саябаққа айналады» дейді. Айта кетейік, құрамында 50-ге жуық қызметкер, 3 арнайы техникасы бар «Жасыл Арыс» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бір жылдың ішінде 40 мыңнан астам ағаш көшеттерін отырғызған. 

Жалпы, Арыс қаласы мен ауылдық округтер бойынша жыл басынан бері отырғызылған жас өскіндер саны 70-мыңға жуықтайды.

Екі ойын алаңы ашылды
Татулық – тұрақтылықтың негізі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу