Екі ойын алаңы ашылды
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Түркістан облысы Төлеби ауданының Қоғалы ауылдық округі, Ұзынарық ауылында екі нысан ел игілігіне пайдалануға берілді.
2022 жылдың қорытындысы бойынша өткізілген «Үлгілі елді мекен», «Үлгілі көше», «Үлгілі аула» байқауында «Үлгілі елді мекен» номинациялары бойынша Ұзынарық ауылы үздік деп танылған болатын.
Аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы номинация иелерін ынталандыру мақсатында елді мекендерге балалар ойын алаңшасының құрылысын жүргізуге қаржы бөлуге ықпал еткен болатын. Нәтижесінде жеңімпаз деп танылған Алатау, Көксәйек, Қоғалы ауылдық округтеріне қарасты елді мекендерге балалар ойын алаңдарын салуға жергілікті бюджеттен 37 миллион теңге қаржы бөлініп, нысандар жуырда ел игілігіне берілді. Бұл округ тұрғындарының қуанышын арттырды.
Ұзынарық елді мекеніндегі заман талабына сай балалар ойын және спорт алаңшасының, жабық футбол алаңының ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Лесбек Әуезханұлы қатысып, игілікті істің басы-қасында жүрген азаматтарға Төлеби ауданының 90 жылдық мерейтойына арнайы төсбелгі мен аудан әкімінің «Алғыс хатын» табыс етті.
Жабық футбол алаңының құрылысына бюджеттен қаржы бөлініп қана қоймай, ауыл тұрғындары да атсалысып, демеушілік көмек көрсетті. Спорт нысанының ашылуына орай, Елібай бабаға арналған турнир ұйымдастырылды. Турнирге он алты команда қатысып, өзара мықтыларды анықтап, сәтті ойын көрсетті.