Татулық – тұрақтылықтың негізі
Түркістан облысы Қазығұрт ауданы әкімдігінің мәжіліс залында жуырда Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен «Этносаралық қақтығыстардың алдын алу жолында оның механизмі мен алгоритмін қалыптастыру» тақырыбында семинар өтті.
Семинарға Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Түркістан облыстық департаменті бастығының орынбасары Бахтияр Маметбакиев, облыс прокурорының орынбасары Саян Келдібеков және Қазығұрт ауданы әкімі Арман Абдуллаев қатысты. Сондай-ақ оған бірнеше аудан, қала прокурорлары, Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Түркістан облысы бойынша Департаментінің аудандық, қалалық бөлімдердің басшылары, аудандық, қалалық полиция бөлімдерінің бастықтары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары мен ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, этнос өкілдері тығыз орналасқан ауыл округі әкімдері мен учаскелік полиция инспекторлары, «Қоғамдық келісім» мекемесінің аудандық, қалалық филиалдарының басшылары, мамандары арнайы шақырылды.
Семинар кеңесті Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев ашып, жүргізіп отырды.
- Байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі ұлт өкілдері тату-тəтті тұрып жатыр. Осылайша бір шаңырақ астында араласып, біте қайнасып өмір сүрудеміз. Адам өмірінде татулық пен бірліктен асқан құндылық жоқ. Елдің аузы ала болса, айтқаны бір жерден шықпаса, жұрты көсемінің соңынан ермесе, әр үй өз ынтымағын қызғыштай қорғамаса, бірлігі кетіп, берекесі тозған ел содан шығады. Дәл қазір біздің кең-байтақ Отанымыз татулық сынды құндылықпен, осынау баға жетпес байлығымен мақтана алады, - деді ол.
Жиынның басты мақсаты – түрлі этнос өкілдерінің арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізу болды.
Жиын барысында спикерлер - Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті теология факультетінің деканы, философия ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетаев Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитеті, Түркітсан облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Жанғали Нұрсейітұлы, Оңтүстік Қазақстан мемелекеттік педагогикалық университеті Тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаментінің басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Анарбаев баяндамалар жасап, қойылған түрлі сұрақтарға жауап берді.
«Ата Заңымызда Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің ар-ұждан бостандығы мен діни наным-сенімдерін қорғауға кепілдік береді. Қазіргі жаһандану және халықаралық байланыстың ғаламдық геосаяси тенденциялары шиеленісіп жатқанда Мемлекет басшысы ұстанған саясаты ғасырлар бойы жалғасын тауып келе жатқан достық пен бірліктің мызғымас, берік шаңырағын құрып берді. Қазіргі таңдағы Қазақстанның саясаты ұлтаралық, конфессияаралық, толеранттылық бейбітшілік пен келісімді орнатуға, қазіргі заманғы қазақстандық көпұлысты, көпмәдениетті қоғамдағы рухани адамгершілік құндылықтардың жаңаша жүйесін құруға бағытталған» деген Қайрат Анарбаев барша қазақстандықтарды ұлтқа бөлінбей, бір елдің игілігі үшін қызмет етуге шақырды.
Семинар қорытындысында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев «Қазақстанның дамуы мен экономикалық өсім қоғамдағы тұрақтылық, ынтымақ пен достық, өзара сенім мен құрметтен бастау алатынын, тұрақтылық болмаған жерде даму да болмайтынын, бұл бағытта құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдарға артылатын сенім жүгі ауыр екенін, сондай-ақ, біз бірлесе атқарған жұмыстар арқылы қоғамның татулығы мен бірлігін, қоғамның қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ете алатынымызды» айтып өтті.
Семинарға қатысушыларға арнайы сертификаттар тапсырылды.