«Кітапханаға кітап сыйла» акциясы
Жуырда Созақ аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінің фойесінде аудандық орталықтандырылған кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің ұйымдастыруымен «Кітапханаға кітап сыйла» қайрымдылық акциясы өтті.
Акцияға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов сөз сөйлеп, бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталды.
- Қазіргі таңда аудандық орталық кітапханада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жарлығымен «Оқитын Ұлт» жобасы аясында «Оқитын Созақ» ұтымды жобасы бар. Осы жоба аясында кітапхана қызметкерлері оқырмандарымен бірлесе жұмыстар жасап, іс-шаралар өткізуде. Бүгінгі игі шарада осы жоба аясында ұйымдастырылып отыр. Акция аясында жаңа кітаптармен толығып, оқырмандардың да сапасы артады деп сенеміз, - деді аудан әкімінің орынбасары Қалдыбек Әбілдаұлы.
Акцияның мақсаты оқырмандарға қажетті кітап қорымен толықтыру болатын. Аталған шараға аудандағы бөлім, мекеме басшылары қатысып, өз үлестерін қосты.
- Акция барысында кітапхана қоры кітапсүйер қауымға қажетті әдебиеттермен толықты. Мәселен, заманауи мотивациялық кітаптар, классикалық әдебиеттер, білім саласындағы соңғы шыққан дүниелер. Қаржылай да көмек берілді. Оған оқырман сұранысындағы кітаптар сатып алынады. Бұл іс-шара алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады,- дейді аудандық орталықтандырырылған кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің басшысы Эльмира Бейсехулова.