Шаруалар өндіріске жаңа технологияларды батыл егізуде
Созақ ауданының негізгі саласы ауыл шаруашылығы. Биыл ата-бабадан келе жатқан бұл саланы өңір шаруалары табысты аяқтап отыр. Өнім көлемін арттыру үшін шаруалар тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясын қолдануда. Тың әдіс шаруалардың табысын жыл санап еселеп арттыруда.
Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековтың айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, мол өнім алған шаруашылықтар көп екен. Мәселен, жыл қорытындысымен барлық көрсеткіш бойынша үздік шыққан Шолаққорған ауыл округ әкімдігі бірінші орынды иеленген. Қаратау ауыл округ әкімдігі 2 орын, Қарақұр ауыл округ әкімдігі 3 орынды қанжығалаған. Әрине, мұның бәрі шаруалардың арқасында болған жеңіс.
Жыл бойы аудандық жәрмеңкелерге қатысып белсенділік танытқан Құмкент ауылдық округ әкімдігі де марапатсыз емес. Жалпы ауыл шаруашылығы саласында озат деп танылған «Қарақұр» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрайымы Сания Садырханова, «Қуан» шаруа қожалығының мүшесі Ержалғас Досанұлы, «Жанболат» шаруа қожалығының төрағасы Жанболат Адишов, «Атамекен» шаруа қожалығының мүшесі Ержан Асқаров, «Бабата-1 ЖШС» төрайымы Сәуле Қалдыбекова, «Құмкент» өндіріс коперативінің мүшесі Сейітмахан Берікбаев, «Сасықбұлақ» шаруа қожалығының мүшесі Қанат Қайратұлы, Қаратау ауыл округінен тұрғыны Ағажан Ақжігіттің еңбектері ескерусіз емес. Олар аудан басшылығы тарапынан да лайықты бағасын алып отыр.
Биыл теріскейлік шаруалар мол табысқа қол жеткізіп отыр. Өткен он ай қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 10 823,4 миллион теңге болып, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 939 миллион теңгеге артқан. 14275 гектар алқапқа егілген егін уақтылы жинап алынған. Аудан шаруалары тамшылатып суару әдісін де тиімді пайдаланып, оны толыққанды меңгеріп келеді. Шолаққорған, Қарақұр, Созақ, Құмкент, Қаратау ауыл округінің тұрғындары жалпы 5,05 гектар алқапқа тамшылатып суару әдісін қолданып, өнімдерін жинап алды. Мұнан бөлек, суды тиімді пайдалану мақсатында Шолаққорған ауыл округінен «Атамекен» шаруа қожалығы 40 гектар, «Жанболат» шаруа қожалығы 12 гектар, Таукент кентінен «Сейілбек ата» шаруа қожалығы 10 гектар, барлығы 62 гектар алқапқа ағын суды үнемдеу мақсатында жаңбырлатып суару қондырғыларын орнатты. Бүгінгі таңда егінді жаңбырлату сурағу әдісі өзінің тиімділігін дәлелдеп келеді.
«Болыс ата», «Нұрмағанбет» шаруа қожалықтары дарбыздарын шетелге экспортқа шығарып келді. Биыл да ауыл округтегі ең ірі «Б.Абдраманов» шаруа қожалығы осы істі қолға алып, Ресей мемлекетіне бар өнімін өткерген. Жыл басынан бері 16 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алынған. Ауданда төрт түлік мал басы да көбейіп, «Сыбаға» бағдарламасы аясында 3921 бас мүйізді ірі қара аналығы тұқымдық түрлендіруге тартылды. 820 бас қой аналығын несиелендіру жолымен сатып алынды. Созақтық шаруалардың алдында жаңа технологияны қолдана отырып, ауыл шаруашылығын дамыту сынды міндеттер тұр.