Шу ауылына 60 жыл

Oinet.kz 28-11-2022 325

Созақ ауданы орталығынан шалғайда орналасқан Шу ауылының 60 жылдық мерейтойы игі істермен елдің есінде ұзақ сақталары анық. Өйткені бұл ауылда үлкенге деген құрмет жоғары. Ауыл жастары бастамашы болып, ауылдың мерейтойын жыл бойы өз жалғасын тауып келеді. Жыл басталғалы бірде-бір мерекені атаусыз қалдырмаған шулықтар Тәуелсіздіктің 31 жылдығына да қызу дайындықты бастап кеткен.

Screenshot_17.jpg

«Өлі ырза болмай тірі байымайды» деген қағиданы берік ұстанған ауыл жастары осы іс-шара барысында ауылдың орталық алаңында екінші дүниежүзілік соғыста қаза болған жауынгерлер мен елге аман-есен оралып, еңбек майданына араласқан, сонымен қатар тылда еңбек еткен батыр аналардың есімі тақтаға ойып жазып, үлкен іс тындырды. 

Жастардың бұл ісіне ардагерлер қауымының ризашылығы зор. Өзіндік қалыптасқан тарихы бар Шу ауылынан талай елге еңбегі сіңіп жүрген азаматтар шыққан. Солардың қатарында Түктібай Тасмағанбетов, Сәуле Мұсаева, қазақ ән өнерінің жұлдыздары – Сәкен Майғазиев пен Кенжебек Жәнәбіловтар бар. 

- Берекесі мен бірлігі жарасқан ауылда тәуелсіздік жылдары көптеген әлеуметтік нысандар салынды. Жаңа мектеп, балабақша мен мешіт салынып, автомобиль жолдарына асфальт жабыны төселіп, көшелер жарықтандырылды. Міне, мұның бәрі егемендік алғалы халық игілігіне берілген дүниелер. Ауылды бойлай өтетін Шу өзенін жергілікті халық тиімді пайдаланып отыр.  Өзен бойынан қыстық мал азығын жинап, жазда өріс қылып, ата-бабадан қалған мал шаруашылығын дамытып келеді, - дейді аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков. 

Атап айтар болсақ, мерейтой қарсаңында ауылда «Борсабай» мешіті күрделі жөндеуден өткізілген. Ал мерекелік іс-шараларын ауыл тұрғындары жуырда атап өтті. Ауылдағы игі істерге үлесін қосқан, ауылының гүлденуі үшін көп жұмыс атқарған Ерғали Төлегенұлына жерлестері ат мінгізді.  

Салтанатты іс-шарада спорттық ойындар өткізіліп, қазақ күресінен тараздық Мергенбай Бақберген «түйе балуан» атанып, жүлдеге тігілген өгізді алды. Екінші орынды Созақ ауданының балуаны Дәулет Досыбаев иеленіп, қошқарды қанжығаға байлады. Гір тасын көтеруден Қобыланды Орынбасар бас жүлдені иеленді. Қошқар көтеруден арыстық  Азамат Мақұлбеков бас жүлдені алды.  Сондай-ақ бәйге, көкпар бәсекесі де өтіп, ұлттық спорт ұлықталды. Жарыс жеңімпаздары мен жүлделі орын иелері қомақты сыйлықтармен марапатталды.

Шудағы думан қазақ эстрада жұлдыздары қатысқан концерттік бағдарламаға ұласты. Туған ауылына әннен тарту жасаған Сәкен Майғазиев пен Кенжебек Жанәбілов, Жұбаныш Жексенұлы сонымен қатар, Заттыбек Көпбосынұлы, Марат Имашев, Наркенже Серікбаева, Ернар Айдар,  «Диета KZ»  тобы және өзге де әншілер мереке көркін кіргізді.

Мейірімге толы жүрек
Шаруалар өндіріске жаңа технологияларды батыл егізуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу