«Катко» қазақ-француз бірлескен кәсіпорынына 25 жыл

Oinet.kz 23-11-2022 380

Созақ ауданында «Катко» БК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Шаңырақ» вахталық лагерінің құрылғанына 25 жыл толды. Ширек ғасырға жалғасқан байланыс аудан көлемінде аталып өтті.  

Screenshot_8.jpg

Мерекелік іс-шараға аудан атқамінерлері, бірқатар ауыл, кент округ әкімдері мен бөлім басшылары, кәсіпорын басшыларымен қызметкерлері қатысты. 

Жиынға қатысқандарды аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, серіктестіктің бас директоры Николя Бастьен, «Орано Майнинг» президенті Николя Мас, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ құқықтық сүйемелдеу және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директоры Қазбек Шаймердинов, «Орано Майнинг» коммуникация, жауапкершілік және өзара әрекеттесу бойынша вице президенті Жиль Рекоше «Катко» қазақ-француз бірлескен кәсіпорынның құрылғанына 25 жыл толу мерекесімен құттықтап, кәсіпорынның ширек ғасырда атқарған жұмыстарымен бөлісті. 

Аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков аталған кәсіпорын басшыларына аудан әкімдігінің  құттықтау хатын табыс етіп, қазақ халқының ұлттық салт-дәстүріне сай шапан жауып, ыстық ықыласын білдірді.  

«Катко» қазақ-француз бірлескен кәсіпорны Созақ ауданының территориясындағы, яғни құмды алқапқа табан тіреп Мойынқұм және Төртқұдық кен орындарын игеру мақсатында 2006 жылы өндірістерін іске қосып, өз жұмысын бастаған болатын. Осы жылдар аралығында мемлекет ұстанған саясатын жүзеге асырып, еліміздің экономикалық даму көрсеткіштеріне үлес қосып, халықтың әл-ауқатының көтерілуіне үлкен еңбек сіңіріп келеді. Уран өндіруде көшбасшы кәсіпорын, Созақ ауданындағы ірі әлеуметтік жобаларға демеушілік көрсетті. 

Аймақтың дамуы үшін қомақты қаржы бөліп, тұрмысы төмен отбасыларды тұрақты түрде қолдап келеді. Тіпті мүгедектігі бар азаматтар мен ардагерлерді де назардан тыс қалдырмай, аудан орталығынан ашылған «Белсенді ұзақ өмір және Тең қоғам» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ашылуына демеушілік танытқан. Сонымен қатар компания ішінде және жергілікті ауылдар да спортты дамытуға белсенді атсалысады. Аудандағы балаларға арналған ойын алаңы мен спорт алаңдарының құрылысын қаржыландыруда. 

- Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосып, компания жыл сайын ауданда 30-ға жуық қысқа және ұзақ мерзімді жобаларға көмек  қолын созуда. Ауданның қоғамдық өміріне  белсене араласып, мәдени көпшілік іс-шараларды ұйымдастырып, жергілікті тұрғындардың өміріне жауапкершілікпен қарайды. Қазіргі таңда аудан халқы «Катко» кәсіпорнын әлеуметтің алдындағы жауапкершілікті адал атқарып келе жатқан компания ретінде таниды. Осындай өрелі өндіріс ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық даму жағдайын жеделдетіп, тұрғындардың тұрмыстық тіршілігін түзей түсетіні сөзсіз. Осынау мерекеде, Созақ ауданы халқына көрсетіп жатқан қолдауларыңыз үшін үлкен алғысымды білдірмін,  - деді аудан әкімі Мұхит Сексенбайұлы. 

Аталған шарада қонақтарға 25 жыл табысты бастамаларға, қиын сынақтарға, жеңістер мен жетістіктерге толы тұтас тарихты баяндайтын бейне роликті ұсынып, Жамбыл облыстық филармониясының «Ақкербез» би ансамбілі мен қазақ ән өнерін ұлттық нақышта орындап жүрген Айгүл Есекеева өз өнерлерін паш етті.

Жиын соңында аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы кәсіпорынды аралап, осындай алпауыт өндірістік орнының жұмысшыларға жасалған жағдайын бақылау мақсатында кинотеатр, кітапхана, арнайы музыкалық аспаптар қойылған бөлме, спорт алаңшасы сынды  сергіту орталықтарын аралап, танысты.

Инвестордың балаларға тартуы
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы бақылауда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу