Инвестордың балаларға тартуы
Созақ ауданындағы Таукент кентінде «Kazatomprom-SaUran» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өзінің құрылғанына 25 жыл толғанын ерекше, есте қаларлықтай етіп атап өтті.
Кәсіпорын аудан тұрғындары үшін төрт балалар ойын алаңшасын, «Атомшылар алеясы» және «Street workout» алаңын салуға бастамашы болып, оларды Тәуелсіздік күні қарсаңында пайдалануға беріп отыр.
Кәсіборынның ширек ғасырлық мерейтойына қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан тұрғындарын жаңа нысандардың ашылуымен және «Kazatomprom-SaUran» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылғанына 25 жыл толу мерекесімен құттықтап, компанияның бас директоры Асқар Нұрғалиевке аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылғандай, халыққа көмек көресетуді жүзеге асырып, көптің ықыласына бөленіп келген «Kazatomprom-SaUran» компаниясы ауданның даму жолында әрқашан үлкен қолдау білдіріп келеді. Осындай өрелі өндіріс орындары өңірімізде өркен жайып, әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасыларға және бірқатар әлеуметтік нысандарға демеушілік көрсетіп жүр. Бүгін, міне, Таукент кентінде төрт балалар ойын алаңшасы, «Атомшылар аллеясының» және «Street workout» алаңының ашылуына куә болып отырмыз. Осынау әлеуметтік қолдауға Созақ ауданы тұрғындары атынан ризашылығымды білдіремін, - деді Мұхит Тұрысбеков.
Аталған жиында Таукент кентінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Төленбек Әйнекбаев аудан басшысы мен демеуші компания ұжымына кент тұрғындары атынын алғысын білдірді.
«Kazatomprom-SaUran» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Асқар Нұрғалиев аудан көлемінде осындай игі шаралар өз жалғасын табатынын жеткізді.