Зағип жандар да қоғамның бір бөлшегі
Жақында «Белсенді ұзақ өмір және Тең қоғам» әлеуметтік орталығында «Өнерім –жанарымның шырағы» атты Төлеген Аққұлиевпен кездесу кеш өтті.
Жиынға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, бірқатар ардагер ұстаздар, ақын-жазушылар, көру қабілетінен айырылған азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі жандар және аудандық кітапхана қызметкерлері қатысты.
Іс-шарада аудан әкімі зағип жандар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ыстық ықыласын білдіріп, Павлодар облыстық комсомол комитетінің Құрмет грамотасы, «Жанарым менің жүрегім» фестивалінің үздік өнер иесі, «Ардақты ардагер» орденімен және «Созақ ауданының құрметті азаматы» атағымен марапатталған Төлеген Аққұлиевке аудан әкімінің алғыс хаты мен сый сияпатын табыс етті.
- Зағиптардың халықаралық күнінде көптеген елде көру қабілетінен айырылған адамдарға назар аударып, қамқорлық танытуға арналған түрлі іс-шаралар өткізіледі. Сондай-ақ олардың білім алуына, өз құқықтарын дұрыс пайдалануына, салауатты өмір салтын жүргізуіне арналған жағдайлар қарастырылатын конференциялар ұйымдастырылуда. Қазір біздің қоғам өркениетті көзқарасқа бейімделіп келеді. Арамызда мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз болашақ сыйлап, өздеріне жақын тартып, жан-жылуын беруге ниетті жанашыр жандар да аз емес. Тағдыр тауқыметін тартқан олардың тіршілік-тірлігі қиындыққа толы. Десе де, өзге азаматтар секілді ел қатарлы өмір сүруге ұмтылып, кедергісіз келешекті аңсаушылар мен денсаулық жағдайым келмейді деп, қол қусырып, қарап отырмайтындар да бар, - деді аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков.
Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабыл Еспенбетовте зағип жандарға деген тілегін жеткізді. Жиынға келген қонақтарға Төлеген Аққұлиевтің құрметіне ұлы Аққұлиев Абай мен немерелері ән және күй өнерлерін орындап, көрерменнің ықыласына бөленді.