Ауыл шаруашылығы сан саланы қамтиды
Мемлекет басшысы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына басымдық беріп отырғаны белгілі. Өйткені халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасының жақсы болуы ауыл шаруашылығының дамуымен тығыз байланысты. Бұл – экономиканың ең маңызды саласының бірі. Ауыл шаруашылығын ілгерілету бағытында түрлі бағдарламалар қолға алынуда.
Күні кеше, Президент қызметіне қайта кіріскен Қасым-Жомарт Кемелұлы ең алғашқы Жарлығын ауылды дамытуға арнады.
«Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан, ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Президентті ұлықтау рәсімінде.
Төлеби ауданы 10 айдағы көрсеткішімен 17 аудан арасында ет өндіруден, жылқы шаруашылығын дамытудан, мақсары өнімін өндіруден озат аудан атанды. Бұған қоса, ауыл шаруашылық саласының өнім көлемі 2022 жылдың 10 айында 52 миллиард 872 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 103,6 пайыз болды. Оның ішінде 28,9 миллиард теңгесі мал, 23,9 милиард теңгесі егін шаруашылығына тиесілі.
- Бұл салада жеткен жетістігіміз көп. Мәселен, Кемеқалған ауылдық округінде «Қазығұрт бақтары» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 500 тонналық қойма құрылысын өз қаржысы есебінен жүргізуде. Тартылған инвестиция көлемі 150 миллион теңге. Нәтижесінде 10 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Ал ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі көрсеткіштерінің орындалу барысына тоқталар болсам, биыл суармалы жердің көлемін 165 гектарға жетті. Тамшылатып суғару тәсілін 159 гектар аймаққа қолданылады. 61 бірлік ауыл шаруашылық техникасы жаңартылды, «Алтын асық» бағдарламасы аясында 1320 бас уақ, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 335 бас мүйізді ірі қара, «Құлан» бағдарламасы бойынша 145 бас жылқы алынды. 10-15 басқа арналған шағын мал бұқашықтарды бордақылау алаңдары 510 бірлікке жетті. Біралқаптан 2-3 өнім алу жобасы бойынша жер көлемі 100 гектар алқапты құрады. Қарқынды бау жеміс шаруашылығын дамыту 70,3 гектар алқапқа ұлғайтылып, меже 59 пайызға орындалды. Қарқынды баудың көлемі («Қазығұрт бақтары» АШӨК, «Керемет агро» АШӨК) 3 жыл ішінде 160 гектарды құрап, 3500 тонна өнім жиналды. Шаруашылықтар толық қуаттылыққа жеткенде өнім көлемі 10500 тоннаны құрайды деп жоспарлануда, - дейді аудан әкімі Төлеген Телғараев.
Жүзім өндірісінде жаңадан өнім бере бастаған «Тау жемісі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 20 гектар жүзім алқабынан 400 тонна өнім жиналды. Сондай-ақ жидек өндіруден 7 гектар алқаптан («Құдайбақ ата» ӨК, ЖК Жиынбаев Қанат») 20 тонна өнім жиналған.
Аудан аумағында балық шаруашылығымен 7 кәсіпкер айналысуда, оның ішінде 2 шаруашылық ағымдағы жылы ашылған. Оның бірі жеке кәсіпкер Навруз Мурадов. Ол Бірінші мамыр елді мекеніндегі үй іргесіндегі 25 сотық жерде балық ұстауға арналған бассейн жасап, 3000 дана сазан, 2000 дана карп балықтарын өсіруде. Осы ауыл тұрғыны жеке кәсіпкер Бекайдар Тойлыбаев 0,5 гектар жерде балық ұстауға арналған бассейн жасап 10000 дана сазан, 5000 дана мөңке балық, 2000 дана карп балықтарын өсіруде.
Мал шаруашылығы саласында 28 миллиард 950,4 милион теңгенің өнiмi өндiрiліп, нақты көлем индексі 102 пайызды құраған.