Ұзынарықта екі спорт алаңы пайдалануға берілді
Төлеби ауданында спортпен шұғылданамын деушілер үшін барлық жағдай жасалған. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында ауданда орталық стадион, бірнеше спорт кешені, ондаған үлкен футбол алаңдары, шағын алаңшалар мен спорттық зал ешқандай кедергісіз жұмыс істеуде. Онда бұқаралық спортпен айналысамын деген аудан тұрғындарына барлық жағдай жасалған.
Биыл аудан әкімінің бастамасымен ұйымдастырылған «Үлгілі елді мекен», «Үлгілі көше», «Үлгілі аула» байқауының жылдық қорытындысымен «Үлгілі елді мекен» номинациясын Қоғалы ауылдық округіне қарасты Ұзынарық ауылы жеңіп алды.
Аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы номинация иелерін ынталандыру мақсатында елді мекендерге балалар ойын алаңшасының құрылысын жүргізуге қаржы бөлуге ықпал етті. Нәтижесінде жеңімпаз деп танылған Алатау, Көксәйек, Қоғалы ауылдық округтеріне қарасты елді мекендерге балалар ойын алаңшасына 37 миллион теңге қаржы бөлініп, нысандар пайдалануға берілді.
Атап айтсақ, Тәуелсіздік мерекесі Қоғалы ауылдық округіндегі Ұзынарық ауылында екі нысан ел игілігіне пайдалануға беріліп отыр.
Ұзынарық елді мекеніндегі заман талабына сай балалар ойын және спорт алаңшасының, жабық футбол алаңының ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Лесбек Әуезханұлы қатысып, игілікті істің басы-қасында жүрген азаматтарға Төлеби ауданының 90 жылдық мерейтойына арнайы төсбелгі мен аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті.
Жабық футбол алаңының құрылысына бюджеттен қаржы бөлініп қана қоймай, ауыл тұрғындары да атсалысып, демеушілік көмек көрсеткен. Спорт нысанының ашылуына орай, Елібай бабаға арналған турнир ұйымдастырылды. Турнирге 16 команда қатысып, өзара мықтыларды анықтап, сәтті ойын көрсетті.