Көптеген күрделі мәселелердің түйіні тарқатылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Баймұханбетұлы Ақжар ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелелері бойынша қабылдаулар өткізді. Есеп беру жиынында аудан басшысы ағымдағы жылы аудан көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларды баян етті.
- Біздің мақсатымыз – сіздермен еркін пікір алмасып, маңызды мәселелерді талқылау. Себебі ауыл мәселесін сіздерден артық білетін ешкім жоқ. Айта кетсем, ауданымыз туризм және аграрлық салада аса қарқынмен дамуда. Кешегіде Түркістан қаласында өткен «Алтын күз – 2022» мерекесінде жүлделі орын алғанымыз осының дәлелі. Алдағы уақытта да аудан көлемінде ауылдарды дамыту жұмыстары қарқынмен жалғасатын табатын болады, - деді Мұхит Баймұханбетұлы.
Кездесуде тұрғындар тарапынан ортақ мал жайылымы, каналды бетондау, электр энергиясы, ағын су және ауыз су, табиғи газ мәселелері бойынша сұрақтар қойылып, өтініштер айтылды.
Ауыл тұрғынның мәселесін мұқият тыңдаған аудан әкімі әрбір ұсыныс пен өтініш хаттамаға енгізіліп, алдағы уақытта тиісті жұмыстар жүретізілетінін, шешімдер қабылданатынын айтты. Ашық пікір алмасуде көптеген күрделі мәселелердің түйіні тарқатылды.
Осы кездесуден кейін Ақжар елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған мембрана қондырғысында ауыз су сүзгіштерінің істен шығуы (фильтр) өзекті мәселенің біріне айналған болатын. Бүгінгі таңда қондырғыдағы 6 дана су сүзгіштері ауыстырылып, елді мекенге ауыз су беру қалпына келтірілді.
Бағыс елді мекендегі қолданыстағы №23 Ғ.Мұратбаев мектебінің қосымша ғимараты апаттық жағдайда, ал негізгі ғимаратының сыйымдылығы төмен болуына байланысты жаңа 300 орындық мектептің құрылыс жұмыстары мердігер мекеме тарапынан жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары келесі жылға өтпелі.
Сонымен қатар, Ақжар елді мекеніндегі Д.Қонаев, Ешмат ата, О.Тұрғанбек көшелеріндегі 135 жарықшамдарды ағымдағы жөндеуден өткізу үшін бюджеттен қаржы бөлінді. Алдағы аптада мердігер мекеме тарапынан жөндеу жұмыстары басталып, ағымдағы жылдың желтоқсан айының соңына дейін жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда.
Сондай-ақ Сарыағаш аудан әкімі Мұхит Баймұханбетұлы Тегісшіл ауылдық округінің тұрғындарымен де кездесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен атқарылған жұмыстар жайлы баяндап, әрі қарай да бұл жұмыстардың қарқынмен жалғасатынын жеткізді. Мұнда ауыл тұрғындары осыған дейінгі кездесулерде көтерілген мәселелердің басым бөлігі шешімін тапқан. Атап айтқанда, былтырғы жылдың желтоқсан айында берілген табиғи газды Таскескен, Мадениет және Тегісшіл елді мекендердегі тұрғын үйлерге қосу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда, «ҚазТрансГаз» аймақ АҚ-нан атқарушылық техникалық шарты (ИТД) бар тұрғындар өздері келісім-шартқа тұрған мердігер мекемелер арқылы газ есептегіш жәшіктен тұрғын үйге қосу жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде Тегісшіл ауылдық округі бойынша 853 абонентке табиғи газ берілді.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы Таскескен елді мекеніне кіре берісіндегі А.Омаров көшесінің жарық шамдарын алмастыру жұмыстарына бюджеттен қаржы бөлініп, жарық шамдарын алмастыру жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, Таскескен елді мекеніндегі Көктөбе және Т.Омаралиев көшелерінің 4,5 шақырымын ағымдағы жөндеуден өткізу үшін бюджеттен қаржы бөлініп, жұмыстар қараша айында атқарылған.
Кездесуде тұрғындар тарапынан аудан басшысына мектеп салу, ардагерлерге арналған кеңсе ашу, бағдаршамды жөндеу бойынша сұрақтар қойылып, жауаптар берілді.
Кездесуден кейін аудан басшысы біртоп округ тұрғындарын жеке қабылдап, өтініштерін тыңдап, заң аясында жауап берді.
Әкімнің келесі кездесуі Дербісек ауылдық округінде өтті. Кездесуде және жеке қабылдауда тұрғындар тарапынан электр энергиясы, жылу жүйесі, ауыз су, жол жөндеу, табиғи газ, дәрігерлік емхана салу, ортақ мал жайылымы, интернет желісі, тұрғын үй салу үшін жер учаскесін беру және жеке мәселелері бойынша сұрақтар қойылып, өтініштер айтылды. Әр тұрғынның мәселесі маңызды екенін айтқан аудан басшысы әрбір ұсыныс пен өтініш хаттамаға енгізіліп, тиісті жұмыс жүретінін айтты.
Ағымдағы жылы Атамекен елді мекеніндегі №64 А.Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектебіне оқушылар қатынайтын жаяу жүргіншілер (тротуар) жолының құрылыс жұмыстарына бюджеттен қаржы бөлініп, мердігер мекеме тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда тұрғындар игілігі үшін пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, Дербісек елді мекенін таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін бюджеттен қаржы бөлініп, бүгінгі таңда, мердігер мекеме тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары келесі жылға өтпелі.
Сондай-ақ, Дербісек елді мекенін сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында құрылыс жұмыстарына бюджеттен қаржы бөлініп, мердігер мекеме тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын желтоқсан айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.