Ел мен жер атауы - елдіктің айнасы
Жақында Ордабасы ауданында «Тарихи атауларды қайтару – тарихи жаңғырудың кепілі» атты облыстық конференция өтті. Оған облыстық мәдениет басқармасының қызметкерлері, облыстық ономастика комиссиясының мүшелері, ономаст-ғалымдар, тарихшы-ғалымдар және зиялы қауым өкілдері қатысты.
«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дейді дана халқымыз. Иә, Тәуелсіздік алған 31 жылда елімізде елеулі өзгерістер орын алды. Президенттердің жүргізген сара саясаты, халыққа арнаған стратегиялық бағдарламалары мен Жолдаулары елді тоқсаныншы жылдардағы тығырықтан алып шығып, дамудың даңғыл жолына салды.
Сарарқа төрінен бас қаламыз Астана бой көтеріп, еліміздің мәртебесі биіктей түсті. Сәні мен салтанаты келіскен елорда бүгінде бейбітшілік пен келісім жүргізетін ғаламшарымыздағы темірқазыққа айналды. Бұл расында Тәуелсіздіктің жемісі.
Тәуелсіздіктің тағы бір жемісі – Кеңес Одағы тұсында бұрмаланған жер-су, елдімекен атауының тарихи атауларының қайтарылуы. Тәуелсіздіктің 31 жылында қаншама елдімекендер мен көшелер, әлеуметтік нысандар бұрынғы атауын иеленіп, жаңа сипатқа енді. Ата-бабаларымыз «Жер тарихы – ел тарихы» деп жер-су атауларына ерекше мән берген. Шын мәнінде елдің елдігін танытатын, халықтың болашағын айқындайтын – ономастикалық атаулар. Халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан болмысы, танымы, тағдыры елдімекен, жер-су атауларында жатыр. Біртектілік айналып келгенде, бір тілдің, бір ділдің айналасына шоғырлану. Жалпы Ордабасы ауданында ономастика саласында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.
Конференция мақсаты – ҚР Президенті Әкімшілігінің тапсырмаларын қатаң басшылыққа алуды насихаттау. Сонымен қатар тарихи тұлғалар мен тарихи атаулардың мән-мағынасын, пайда болу сырларын анықтау, түсіндіру.
Мәдениет үйінде өткен жиынды облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Әділ Қонысбеков ашып беріп, конференцияның маңызы мен мақсатына тоқталды. Ордабасы ауданы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бөлімінің басшысы Құрманәлі Жылқыбай ауданда атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-нің аға оқытушысы, профессор Бекжігіт Сердәлі «Тарихи атауларды қайтару – елдігіміздің мұраты» тақырыбында, Сауран ауданы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жанар Жұмабекова «Ономастикалық жұмыс барысындағы тарихи атаулардың маңызы» тақырыбында баяндама жасады.
Конфененцияға қатысушылар өз ойларын ортаға салып, ұсыныс пікірлерімен бөлісті.