Жылыжайдан екі ауысымда 30 тонна өнім жинаған

Oinet.kz 24-11-2022 307

Тәуекел етіп тірлікке ниет танытсаң болғаны. Қалың орта іздеп, қала кезіп қоныс аудармай-ақ, тұрғылықты жерден табысыңды айырып, іс жасауға болады. Тек ебін таба білсең болғаны. Кәсіп қайда да кәсіп. Мұны Сарыағаш ауданындағы Ынтымақ ауылының тұрғыны, кәсіпкер Ш.Раймназаров өз ісімен дәлелдеп отыр.

Screenshot_20.jpg

Ол атақонысы болған ауылдан көшпек емес. Керісінше, бота тірсек балалығы өткен топырақтың түрленуіне тамшыдай болса да үлес қоспақ ниетте. 

Аудан әкімі М.Отаршиев те «Абдуназар»  шаруақожалығына қарасты жылыжай  жұмысымен танысты.  Шаруақожалық  төрағасы Ш.Раймназаров өзінің иелігіндегі үй іргелік жер телімінде 22 сотыққа жылыжай тұрғызып, бүгінде мол табыс тауып отыр.

Бірнеше жылдан бері өсімдік шаруашылығымен айналысып жүрген азамат бір өсімдіктен жылына екі рет өнім алу мақсатында жылыжайға өткен  жылғы  желтоқсан айында «Блек перу» сұрыпты баялды (баклажан) көшеттерін отырғызған. Биылғы жылдың басында 15 тоннадан астам бірінші өнімді жинап алғаннан кейін көшеттің сабағын қырқып, яғни бір көшеттен екінші өнім алуға дайындаған. Еткен еңбек оңынан келіп, бүгінгі таңда шаруашылық бір көшеттен екінші рет 15 тоннадан астам өнім жинап отыр.

-  Бұл жылыжайды салу үшін несие алып, жұмысымды бастап кеткен едім. Қазіргі таңда алған несиемізді толық жауып тастадық. Биыл жылыжайдан екі ауысымда 15-15-тен 30 тонна өнім жинап өткердім. Енді жаңа көшеттер отырғызуды көздеп отырмыз. Алда жылыжай көлемін бір гектар алқапқа арттыру жоспарымызда бар, - дейді Ш.Раймназаров.

Ауданның ауылшаруашылық саласы өкілдерінің еңселі еңбектерінің нәтижесінде 2022 жылдың 9 айында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 104,4 миллиард теңгені құраса, ауыл шаруашылығы саласына 5,9 миллиард теңге инвестиция тартылған. 

Бүгінгі таңда аудандағы жылыжай көлемі 683,2 гектар алқапты құрап, осы жылыжайлардан 140 мың тоннадан астам өнім жиналған. 

Істің көзін тапқан шаруаның алдағы жоспары да ауқымды. Алдымен осы шағын жылыжайды кеңейтіп, өнім көлемін арттыру. Сонымен қатар ауылдағы жастарды жұмыспен қамтып, оларға кәсіптің қыр-сырын үйрету.

Отан – отбасынан басталады
Жеке кәсіпкер жылына 5 мың жиһаз құрастырады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу