Жырыңды сенің сағындым, Тәушен апа!

Oinet.kz 19-11-2022 295

Елге белгілі азаматтарды елге таныту жастардың борышы. Осы талаптан шыға білген Отырар ауданының жұртшылығы жақында «Айтыстың ақберені» атанған айтыскер ақын Тәушен Әбуованың туғанына 90 жылдығын республикалық деңгейде атап өтті. Отырар ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен  «Жырыңды сенің сағындым, Тәушен апа!» атты республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылды.

Screenshot_9.jpg

Айтыстың шымылдығы Тәушен ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін көрмені тамашалаудан басталды. Одан кейін аламан айтысты Отырар ауданының əкімі Сәкен Сұлтанханов пен бірнеше республикалық және халықаралық айтыстардың жеңімпаз-жүлдегері, ақын, сазгер Әбдіхалық Әбдірайымов ашып берді. 

Ақындар айтысын елімізге белгілі ақын, халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының мүшесі, бірнеше ән мен термелердің, «Қазықжұрт» жыр жинағының авторы Бекмұрат Анарбаев киелі Отырар халқына арнаған әсерлі өлең шумақтарымен ашып, жүргізіп отырды.

Суырып салма айтыскерлердің сөз додасына жерлесіміз, «Айтыстың арыстаны» атанған, Бекарыс Шойбеков, республиалық «Алтын домбыра» ақындар айтысының жеңімпаздары Мұхтар Ниязов пен Жансая Мусина, Айбек Қалиев, Біржан Байтуов, Айтбай Жұмағұлов, Нұрзат Қару, Дәурен Ақсақалов секілді айтыстың кіл мықтылары қатысып, сахнаның көркін қыздырды.

Қара домбыра күмбірі, ақындықтың шабытты сыры тұнған айтыста Тəушен Əбуованың асқақ абыройлы, сөз тамырлы мəңгілік ізі мен үлгі-өнегесі, қасиетті Отырар ауданының тарихи орны мен бүгінгі жетістігі ақындардың өлеңдеріне арқау болды. 

Қазылар алқасының шешімімен Айтбай Жұмағұлов «Қызыл жырау» атанып кеткен Мырзабек Байжанұлы атындағы, Айбек Қалиев отты ақын Қаныбек Сарыбаев атындағы және Нұрзат Қару халық ақын Әселхан Қалыбекова атындағы сыйлықтың иегерлері атанды.  Ал үшінші орынға қызылордалық Мұхтар Ниязов пен шымкенттік Біржан Байтуов лайықты деп танылса, отырарлық жас ақын Дәурен Ақсақалов екінші орын, батыс қазақстандық Жансая Мусина бірінші орын иегері атанып, көптің қошеметіне бөленді. Сондай-ақ «Жырыңды сенің сағындым, Тәушен апа!» атты республикалық ақындар айтысының бас жүлдесі Бекарыс Шойбековке бұйырды. 

Ақберен ақынды еске алу айтысының жеңімпаздары қомақты сыйлықтарға ие болды.

Ауыл тұрғындары көтерген мәселелерге жауап берді
12 елді мекен көгілдір отынға қосылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу