12 елді мекен көгілдір отынға қосылды
Отырар ауданында 12 елді мекен көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында «Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді.
Оның мәні – сапалылық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру» деп, алдағы бағытымызды айқындап берген болатын. Яғни, жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтары жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, бәсекелестікті дамыту. Бүгінгі таңдағы жұмыс барысы да осы бағытта құрылып отыр.
Биыл Отырар ауданында 13 елді мекенді газбен қамтамасыз ету жұмыстарының құрылысы аяқталса, бүгінгі таңда оның 12-і табиғи газға қосылған. Аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың айтуынша, Шәуілдір ауылына табиғи газ қосу шарасына ауданға арнайы жұмыс сапарымен келген өңір басшысы Дархан Амангелдіұлы да қатысып, игі істің куәсі болыпты. «Енді, міне, ауыл тұрғындары үйлеріне газ кіргізіп, жандары рахатқа бөленуде» дейді ол.
Шәуілдірлік Шайырбек Айжарықов пен Есенгелді Диханбаев табиғи газдың ел игілігіне берілгеніне қуанышты.
- Бұрын пешке көмір мен ағаш жағып жан бағатын едік. Енді табиғи газдың иігілігін көріп жатырмыз. Осы уақытты көптен бері күтіп жүрген едік. Аллаға шүкір, ол күнге де жеттік. Осы жұмыстарды ұйымдастырған аудан әкімдігінің басшылығына, ел азаматтарына ризашылығымызды білдіреміз» - дейді Шайырбек Айжарықов.
Шәуілдір ауылын табиғи газбен қамтитын газ құбыры жүйесі құрылысы 4 жыл жүргізіліп, биыл пайдалануға беріліп отыр. Оның құрылысы облыстық бюджет қаражаты есебінен жүргізілген. Жалпы ұзындығы 78,414 шақырымды құрайды. Жоба аясында 1615 тұрғын үй табиғи газбен қамтылатын болады.
Мұнан соң аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов Талапты ауылына табиғи газ қосу шарасына қатысты. Ауылда жеке тұрғын үйлерді газбен қамту нәтжесінде 210 абонент табиғи газға қосылған.
Аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов ауданның даму жоспарына сәйкес, 2023 жылы құрылыс жұмыстары аяқталған 7 елді мекенді (Темір, Арыс, М.Шойманов, Қарғалы, Көкмардан, Шытты, Отырар), 2024 жылы 3 елді мекенді (Сарыкөл, Сырдария, Қостүйін), 2025 жылы қалған 12 елді мекенді (Аққұм, Көксарай, Жанкел, Шеңгелді, Ызакөл, Маяқұм, Бестам, Қостерек, Балтакөл, Ақкөл, Көлқұдық, Үштам) табиғи газ жүйесіне қосу жоспарланып отырғанын айтты.