Еңбекшілердің ерен мерекесі

Oinet.kz 20-11-2022 292

Жуырда Түлкібас ауданының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің ұйытқы болуымен «Алтын күз» мерекесі жоғары дәрежесінде аталып өтті.  «Алтын күз – 2022» мерекесі аудандық Мәдениет үйінде ауылдық округтер мен шаруа қожалықтары өз өнімдерін көрмеге қойып, халық назарына ұсынды.

Screenshot_11.jpg

Мерекелік шара аудандық Мәдениет үйінде жалғасын тауып, аудан әкімінің орынбасары Ербол Орманов аудан тұрғындарын «Алтын күз» мерекесімен құттықтады. 

- Көктем шыға кетпенін күнге сүйдіріп еңбектенген шаруалар ала жаздай алқабын баптап, қоңыр күзде жиын терім уақытында жылдық азығын еселеп, еңсеріп алады. Бұл еңбеккерлер үшін молшылық айы болып саналады. Егінін жинап, төл басын көбейтіп, еңбегінің жемісін, табиғаттың сарқылмас сыйын көретін де осы шақ. Төккен тер мен еткен еңбек еленіп жатса тіптен ғанибет. Игі дәстүр биыл да Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өз жалғасын тауып отыр, - деді ол.  

Сөйтіп ол ауданның ауыл шаруашылығы саласына сүбелі үлес қосқан азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етіп, сертефикаттар тарту етті. Сонымен қатар, аудандық мәслихаттың хатшысы Сәдуақас Сейсенбаев, «Аманат» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қуат Еркебаев елеулі еңбек еткен бірнеше азаматқа Алғыс хат табыстады. 

Күннің албырт ыстығы мен жауын-шашынына қарамай еңкейіп еңбек еткен жандардың еңбегі еленді деген осы болар. Олардың еккен егіндері, төккен терлері біз үшін құнды. Өйткені, сол өнімдерді азық қылып, арзан бағада тұтынып жүргеніміз ақиқат. 

Түлкібас жері еңкейіп еңбек етемін деген адамға берекелі, құнарлы. Сол үшін де алақандай бақшамызды жайнатып, картоп, сәбізімізді, алмамызды өз жерімізден үзіп жегенге не жетсін? Тек еңбектену керек, ниеттену керек. Сонымен қатар, мерекелік жиында ауданның ауылшаруашылық саласының жетістіктері топтастырылған бейнеролик көпшілікке ұсынылып, жалпақ тілде атқарылған жұмыстар бойынша түсіндірме деректер айтылды. 

Жиын соңы аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары ұсынған концерттік бағдарламаға ұласты. 

12 елді мекен көгілдір отынға қосылды
Кітапханашылар семинары
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу