Мұзарт шыңның басына жетелеген шығарма
(Айшығы бөлек Айнакөл немесе сары ала қаз Фениксті іздеу)
Биыл айтулы тұлғалардың мерейтойлары ел ішінде кеңінен тойлануда. Бұл үрдістің жыл бойы жалғасатындығы белгілі. Соның бірі халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығы.
Жақында Түлкібас ауданындағы Амангелді атындағы негізгі мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің апталығы Шерхан Мұртазаның шығармаларына арналды.
5-7 сынып оқушылар аралығында қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәні мұғалімдері Асия Тұрсынбаева мен Гүлфайра Сұлубекованың ұйымдастыруымен «Жүректен маржан іздеген...» атпен Шерхан Мұртаза шығармаларын оқу әдеби кеші өткізілді. Сынып талапқа сай безендіріліп, кітапханашы Аман Құндызай кітап көрмесін жасады.
Оқушылар жазушының қаламынан шыққан шығармаларын оқып, Шерхан Мұртазаның өмірі мен туған жері жайлы баяндама оқыды. Бұл кешке ауыл тұрғыны Алдияр Көбеев те қатысып, Шехан Мұртазаның «Сары ала қаз Феникс» шығармасына арқау болған Айнакөлге арнайы барып қайтқан сапарын қызықты етіп оқушыларға әңгімелеп берді. Оған «Мұзарт шыңның басына жетелеген шығарма» немесе (Айшығы бөлек Айнакөл немесе сары ала қаз Фениксті іздеу) деп ат қойған екен. Шерағаңның мұрасын зерттеуші әңгімесі былай басталады:
... Шығыс халықтарының ертедегі аңыз ертегілерінде Феникс құсы от тәрізді қызыл ала – сары ала түстес келіп, нұрдан жаралғаны туралы наным қалыптасқан. Қасиетті саналған. Ол өлгенде жаны аспанға ұшып кетеді екен. Құдай бар болса, Сары ала қаз тұқымы үзілмейді, өртенсе, күлінен қайта тіріліп кететін әулие сынды. Өйткені «сары ала қаз аспаннан отқа оранып, көл үстіне шырылдап түседі» дейді. Ол адам аяғы баса бермейтін биік тауларда тіршілік етіп, шың басындағы қазан шұңқырлардың мөлдір, тұнық суларында балапанын өргізеді екен.
Қасиетті Қаратау тауының Алатаумен түйіскен Жуалы үстірті белдеуінің бойы әлімсақтан Қырғыз Алатауы немесе Шера¬ғаңша айтқанда, қасиетті Тәңіртау атала¬ды. Осы таудың Көксай, Ақсай және Тобы¬шақ¬ты аңғарлары етегіндегі Мыңбұлақ жазығы – Шерхан Мұртазаның туып өскен, кіндік қаны тамған отаны. Жазушының «Сары ала қаз Феникс», «Ақсай мен Көк¬сай», «Тұз ке¬сел» әңгімелері кез келген оқыр¬манды та-қырыбы арқылы елең еткізіп, иірімдей тарта жөнеледі.
Мұзарт шыңдар қойнауларында мекен¬дейтін тағы аң-құстардан күнге табынған ғұн тайпаларының, көк бөріден өр¬біген, көк тәңіріне тәу еткен көк түркі¬лері¬нің таралғаны ескі жыр-дастандарда айтылады. Аңызбен астасқан жыр-дастан¬дар болған оқиға желісіне негізделетіні хақ.
Шерағаңның жоғарыда аталған әңгімелері оқыған сайын тауға баруға, мұзарт шыңның басындағы көлді көруге тартады да тұрады. Ауда тұратын замандас достарымды үгіттей жүріп, тау кереметін асыра қоса айта жүріп, шығуға бет байладым. Жасақты тау әңгімесіне жетік жігіттерден құрып, күні белгіленіп, әйтеуір тауға шығуға дайын да болдық. Арман – Феникс мекені Айнакөлді бір көру.
Сонымен, Түлкібас ауданынан шығып, оңтүстік шығысты бетке өрлей жол тарттық. Оң жақ маңдай тұста Алатаудың қарлы шыңдары мен мұнда¬лайды. Көксай аңғары автокөлікке ыңғайлы жер жатысы жолымен отыз бес ша¬қырым¬дай. Ары қарай жаяуға қуат берсін. Тобымызда сол ауданға белгілі ел азаматтары Марат Қасымбеков пен Ғани Қуанышев және жолбастаушы жігіттер Артық пен Ержан бар.
Жол бойы аудан тарихынан сөз қозғап, талай ел билеген ел жайсаңдары мен жақсыларын сөз етіп, өткен тарихқа да кетіп қалдық. Кейбір тарихшы, жазушылардың ең¬бектерінде әлемнің билеушісі атанған Шыңғыс хан алғашқы жойқын, батыс жо¬рығында Хорезм хандығын күйрете жеңген құрметіне, қайтар жолда Шақпақ асуы мен Мұңбұлақ жазығында тойлаған деген мәлімет келтіріледі. Ал Боралдай таулары басталатын Қошқарата ауылының Түркістан облысының Бәйдібек ауданымен шектесетін оңтүстік тұсында, қозы көш жерде Орда қонған биігі тарихтың куәсі. Қытай саяхатшыларының Х ғасырға дейінгі, бүгінгі күнге жеткен жазба дерек¬терінде Мыңбұлақ қағандардың жазғы жайлау қонысы (резиденциясы) болғаны, бұғы өсіріп, арнайы сырғалау, қоңыраулау арқылы санақ жүргізгендігі және сол замандарда қорық жасалып, аң аулау өнерін тамашалайтындығы айтылады.
Баукең дүниеден өткеннен кейін, туған жеріне тәу ете келген өнер құдіретінің иесі Нұрғиса Тілендиев Мыңбұлаққа іліне жол жиегіне аунай кетіп, «Сен жұтқан ауаны жұттым, сен ішкен бұлақтан су іштім, сен аунаған топыраққа аунадым, қасиетіңнен айналайын Бәукем, батыр көкем» деп біраз шерін тарқатып алған деседі.
– Түлкі кетті, – деген Мәкеңнің ащы дау¬¬сынан селт ете, жан-жағыма қарасам, оң жақ қапталда батыр Баукеңнің туып-өскен мекені – Момышбұлақтан өтіп барады екен¬¬біз. Бұл маңайда мұндай бұлақтар мың-дап саналады. Мыңбұлақ аталуы содан болар. Жер беті халықтарының бірінде ел қамын ойлаған, елге сыйлы жандар дүние¬ден қайтқанда, жаратушы рухын аң-құсқа айналдырып, ескі қоныстарына жібереді-мыс. Мүмкін, рас та шығар. Жаратушы бір емес пе? Мүмкін, бізге әркез көрінетін түлкі, қоныс иесінің бір кейпі болар. Аңды атуға болмайды.
Қарсы маңдайымызда зорайып Манас шыңы тұр. Мызғымастай тұрпатына, өзгер¬мейтін ақ бас шыңдарына сүйсінбейтін жан жоқ шығар. Талай әңгіменің желісіне арқау болған нағыз Тәңір Шыңы міне, осы. Бірақ ол Көксай шатқалы бойына керілген шекара сымының арғы бетінде қалған.
Көксай шатқалынан еніп, Айнакөлге апаратын аңғардың аузында «Ақсу Жабағылы» қорығының кардоны орналасқан. Кеш болмай осында жетіп үлгердік. Тау қарауыл¬дарына сапарымыздың мән-жайын түсін¬діріп, келер күнгі таңғы сағат 4-30 жолға шығатын болып, жақсылап тынығып алуға жайғастық. Осындағы қар басқан шыңдарға бұрын көтерілмегендіктен келер күнгі саяхатымызға алаңдаудамыз.
Белгіленген уақытта тік көтеріліп, жол¬ға шықтық та кеттік. Жалғыз аяқ жол. Бір жағымыз шың да, келесі беті шыңырау. Те¬леди¬дардан еліміздің солтүстік аймағында биші қайың шоғырын көрсетіп жатады. Биші қайыңның бір қонысы Көксай аңға¬рының орта белі екен. Міне, қайыңның сұлу¬лы¬ғын осында кездестірдік. Таңғалар¬лығы, киімге не шаң, не көк жағылмайды. Тылсым табиғат керемет қой. Ағаштар мен өсімдіктердің неше түрі кездеседі. Суырдың ысқырған дауыстары. Басқа дү¬ниеге енгендей әсермен келеміз. «Таң¬ға¬жайып» сөзінің мәнісін енді ұққандай бол¬дық. Мұндайды мың естігеннен, бір көрген артық.
Шамамен алты-жеті сағаттай аяң жүріспен, жарқыраған Айнакөлге де жеттік. Теңіз деңгейінен үш мың метр биіктің шамасы. Аумағы төрт гектарға жуық. Көлдің беті жетімсіреп тұрғандай, тіршілік сезілмейді. Қар еруінен жиналған¬дықтан суы өте салқын. Көлдің төменгі жағалауы көкорай шалғын. Бір жайлау қонысына тартады. Қызыл-сары суырлардан басқа тіршілік иесі жоқ. Әр тас¬тың асты қазылған ін. Айнакөлден жоғары мәңгілік мұз құрсанған шың жартастарға дейінгі бес жүз метрдей аралықта, қоралы үй қонған көлемге шамалас бес-алты тау қазан шұңқырларында су айдындары жалтырайды. Ең жоғарғысына көтеріл-генімде мәңгі мұзды көл алдымнан шықты. Бұл биіктікте мұз бен қардың толық еруіне мүмкіндік жоқ екен.
Өкініштісі, феникс мекенін көргені¬мізбен, сары ала қазды көре алмадық. Қырық күнге созылатын шілденің екін¬ші жартысында ғана мұнда жер жіпсіп, шың өсімдіктері тіршілігін жасап қалады екен. Тым қысқа болғанымен асқақ, паң тіршілік. Айнала көрпе бойы алуан түсті гүлдер. Мұндай ашық түстер төменде кездесе бермейді, тамсандырады. Қызыл¬дың неше түрі, жасылдың түрлері, қою көк дейсің бе, күн түстес сары гүлдер. Бір көру¬ге арман, нағыз жұмақ мекен.
Жоғары қарап отырып, құздардың арасындағы мұздақтардан екі қонжығын ерткен аюды көруге мүмкіндік туды. Міне, керемет. Көзге түсе бермейтін тылсым та¬би¬ғаттағы жабайы аю. Бұған да шүкірлік айтып, екі жүз метр шамалас оң қапталдағы шың қуысына ендім. Таңғажайып осында екен. Мұз еруінің соңғы күндері болса керек. Көп гүлдердің арасынан Еңлікгүл (Эдельвейс) жарқ ете қалды. Гүлдердің асылы. Көрсеткеніңе шүкір. Еңлікгүл адам аяғы жете бермейтін шыңдарда ғана кез¬деседі. Ертегілерде айтылатын – мәңгілік махаббат гүлі.
Аспан үсті, көк кеңістігінің иесі қыран самғауы әсерін сезіндік. Жоғарғы шыңның оңтүстік батыс алқабы Өзбек жері де, шы¬ғысқа қарай Қырғыз таулары. Үш бауырмал елдің түйіскен жері десек те болады. Жеті қыр аспай-ақ, мұхит аспай-ақ көңіл сарайын кеңітуге, айнала үңілсек ту¬ған өлкеде саяхаттауға арналған орындар жетерлік. Аунап-қунап тау ләззатын алған соң бесін шамасында қайтуға жиналдық. Төмен түсіп келеміз. Батысқа созылған Қаратау, биіктен аласа жоталар тізбегі іспеттес.
– Қаздың даусы келе ме,– деді бір кезде саққұлақ Ғани.
Көз салсақ, аспан көкжиегінде кәдімгі жабайы қаз.
– Мұнда қайдан жүр? – деді таңғала Артық.
Оңтүстік батыс көкжиектен ұшып ба¬рады. Әлде күнге шағылысып солай көрінді ме? Мүмкін емес. Қаздың түсі сары ала.
– Сары ала қаз Феникс жайлы әңгімеде аңыз желісіне құралған, өртенсе, күлінен қайта тіріліп кететін сондай әулие құс бола¬ды, – дедім.
Аңшы аң-таң.
– Мүмкін, сол шығар.
– Иә, мүмкін. Кезінде Шерағаңның төбе¬сінен шырылдап ұшып, Көксай аңға¬рының аузына дейін шығарып салған Феникс құсы ұрпағының жалғасы болар. Құдіреті күшті Жаратушы, сары ала қаз бұл жолы да жападан-жалғыз. Оның мекені, Тәңірге жақын орын тепкен, Айнакөл де жалғыз.
Осылай әдемі өрілген жол сапрарын Алдияр Көбеев оқушыларға жол жазбасынан мазмұнына келтіре оқып берді.
Осыдан кейін 7-сынып оқушылары Шерхан Мұртаза шығармаларынан үзінділер оқыды.
Шерхан Мұртазаның жүріп өткен өнегелі өмір жолы жас ұрпаққа үлкен үлгі, дара жол болып қала беретіні сөзсіз.