Талантты жастар фестивалі
Сауран ауданында талантты жастарға қолдау бар. Әрдайым жастардың білімдегі, өнердегі, еңбектегі жетістіктері ескеріліп, жоғары бағаланып тұрады. Жақында жастар арасында «Сауран таланттары» атты фестиваль болып өтті.
«Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен бұл байқауға 14-29 жас аралығындағы он жас қатысып, білімдегі, өнердегі бақтарын сынады.Фестивальді Түркістан облысының белсенді азаматшасы, Гүлнара Ибадуллаева ашып, қатысушыларға жылы лебізін білдіре отырып, сәттілік тіледі.
Қатысушы жастардың барлығы бойында шығармашылық қабілеттері тұнып тұрған керемет сазды дауыстың иелері екен. Өнер бәйгесінде бірінен-бірі қалыспады. Шығармашыл, дарынды жастарды анықтап, оларға қолдау көрсету мақсатында өткен байқау жас таланттардың жұлдызын жарқыратып, фестивальге қатысушы үміткерлер көрермендердің көңілінен шыға білді.
Қорытындысында қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар анықталды. Тартысқа толы байқауда жеңімпазды анықтау қазылар алқасына да оңайға соқпады. Себебі, әрбірі өз өңірінің үздігі, түрлі байқаулардың қатысушылары.
Қазылар алқасының шешімімен Шорнақ ауылдық округінің өнерлі тұрғыны, сазды дауыстың иесі «Желкілдек» әнін орындаған Ұлжалғас Әбілдахан қатысушылар арасында топ жарып, І орынды иеленді. Оранғай ауылдық округінің тумасы Жанерке Жандыбаева «Қорқыт қобыз» әнін орындап – ІІ орын, Ескі Иқан ауылдық округінің дарынды жас таланты Шохзод Бабаханов «Отан – Ана» әнімен – ІІІ орынға лайық деп танылды.
Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен сыйлықтар табысталды. Өзге де қатысушылар түрлі номинациялармен және алғыс хаттармен марапатталды.