Әкелер байқауы
Бүгінгі қағамда әке орнының, әке тәрбиесінің алар орны бөлек. Ұлттық құндылықтарымыздың ішінде атадан балаға берілер тәлім-тәрбиенің маңызы зор. Осы ретте, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Сауран аудандық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен жақында аудандық «Өнегелі әке» байқауы болып өтті. Бұл байқау бір жағы төл мерекеміз Тәуелсіздік күні қарсаңында ұйымдастырылды.
Бұл іс-шараға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен ішкі саясат бөлімі қолдау көрсетті. Қазақ ерлерінің қоғамдағы бет-бейнесін, кескін келбетін, шешендік сөйлеу қабілетін дәріптеу мақсатында Оранғай ауылдық мәдениет үйінде өткен байқауға Сауран ауданына қарасты ауыл округтерінен 60-75 жас аралығындағы ер-азаматтар қатысты.
Тәрбиелік мәні зор іс-шара бес кезеңнен тұрды. Атап айтсақ, қатысушының өзін-өзі таныстыруы, мақал-мәтелдер айту, өзінің және ұрпағының қоғамдағы орны, белсенділігі жөнінде айтып беру. Сондай ақ, «Ел есіндегі баталар» бата жасау, «Кім неге бейім?» ұлттық өнерге қатысты, өздерінің шығармашылық бейнесін таныстыру кезеңдерінде қатысушылар өз бақтарын сынады.
Байқауға Шорнақ, Жібек жолы, Оранғай, Жаңа Иқан, Бабайқорған,Үшқайық ауылдық округтерінен үміткерлер қатысты. Мәрелі сәт те келіп жетіп, өнегелі әкелер әділ қазылар тарапынан әділ бағаларын алды.
Оранғай ауылдық округінен қатысқан Жұмағали Бекмұрзаев ең үздік «Өнегелі әке» номинациясын қанжығасына байлады. «Мейірімді әке» номинациясын Шорнақ ауылдық округінен келген Абай Бабашев, «Қайсар әке» номинациясын Жібек жолы ауылдық округінен келген Нұржан Әлжанов, «Батыр әке» номинациясын Бабайқорған ауылдық округінен келген Өтеген Орынбек, «Үлгілі әке» номинациясын Жаңа Иқан ауылдық округінен келген Болатхан Қаражігітов иеленді.
Байқауға қатысқан өнегелі әкелердің барлығы бағалы сыйлықтармен марапатталды.