Төлеби ауданында полимерді модификациялау цехы жұмыс істеуде
Түркістан облысы соңғы жылдары индусриалды өңірге айналып келеді. Соның ішінде Төлеби ауданы да бар. Мәселен, жуырда Төлеби ауданында «КазахБитум» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мұнай өнімдерін өңдеу зауытында үздіксіз полимерді модификациялау цехы ашылды.
Киелітас ауылдық округі аумағында орналасқан зауыт жылына 200 мың тоннадан астам өнім өндіруге қауқарлы. Жоба құны – 550 миллион теңгені құрайды. Осы цехтың ашылу салтанатына қатысқан аймақ басшысы, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында кәсіпкерлік саласын тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді тапсырды. Бүгінде облыста аталған мәселелер бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасына сәйкес, облысымызда 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Сонымен қатар Президент автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керектігін айтқан болатын. 2025 жылға дейін жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма берді. Бізде әлі күнге дейін битум тапшылығы бар. Аудан аумағында жұмыс істеп тұрған зауыттың жұмысын жандандыру арқылы облысымызда осы мәселені шешеміз. Ал іске жаңа қосылған полимерді модификациялау цехының маңызы жоғары. Осындай ірі зауыттарымыз көбейе берсін» деп сәт сапар тілегені кеше еді.
Бүгінде Битум әртүрлі жол жұмыстарында кеңінен қолданылады. Өнімнің бір ерекшелігі, ауа-райының кез-келген температурасына бейімділігі. Битум жол төсенішінің біркелкілігін және түрлі деформацияланудан сақтайды. Полимерлі битумды пайдаланатын асфальтбетон қоспасы жолды тозып кетуден қорғайды. Цехта жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылған.