Отырар ауданында 50 мегаваттық күн электр стансасы салынуда
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Отырар ауданына жұмыс сапарымен болып, Отырар ауылдық округі аумағынан салынып жатқан қуаттылығы 50 мегаватты күн электр стансасының құрылыс жұмыстарымен танысты. «Arm Wind» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тапсырысымен салынып жатқан нысанның жоба құны – 14,7 миллиард теңгені құрайды.
Жоба толықтай іске қосылғанда 50 адам тұрақты, 310 адам маусымдық жұмыспен қамтылады. Келер жылдың басында пайдалануға беру жоспарланып отырған станса энергия тапшылығын азайтып, өңір экономикасына үлес қоспақ. Осы станса маңында кәсіпкерлермен жүздескен облыс әкімі олардың жобаларымен танысты. Кәсіпкерлікке әрдайым қолдау көрсетілетінін айтты.
Одан кейін өңір басшысы Шәуілдір ауылына табиғи газ қосу шарасына қатысты. Шәуілдір ауылын табиғи газбен қамтитын газ құбыры жүйесі құрылысы 4 жыл жүргізіліп, биыл пайдалануға беріліп отыр. Оның құрылысы облыстық бюджет қаражаты есебінен жүргізілді. Жалпы ұзындығы 78,414 шақырымды құрайды. Жоба аясында 1615 тұрғын үй (10 мыңға жуық адам) табиғи газбен қамтылады. Енді тұрғындар келіп тұрған газды үйлеріне кіргізуі тиіс. Басшыларға ризашылығын білдірген тұрғындар аудандағы игі істер жалғаса берсін деген тілектерін жеткізді.
Өңір басшысы Отырар аудандық «Белсенді ұзақ өмір» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде де болды. Белсенді және салауатты өмір салтын ұстану, зейнет жасындағы қариялардың белсенділігін арттыру, зияткерлік, қоғамдық, шығармашылық өмірге тарту мақсатында ашылған орталықта 14 адам тұрақты түрде қызмет көрсетеді. 2022 жылдың 18 қаңтарынан бастап іске қосылған орталық қарттарға әлеуметтік-медициналық, психологиялық және өзге де қызметтерді ұсынады. Аға буынның алаңсыз тынығуына барлық жағдай жасалған.