Созақта бизнес бастағандар қатары артқан
Созақ ауданында шағын және орта кәсіпкерлік жақсы дамыған. Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков айтуынша, өткен 10 айда өңірдегі шағын және орта бизнес орталықтарымен 445 миллиард 26 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Сондай-ақ, 10 айда 40 миллиард 762 миллион теңге инвестиция тартылған.
Бұдан бөлек, 25 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу межесі белгіленіп, тапсырма толық орындалған. Ал ауданда ағын суды үнемдеу мақсатында Шолаққорған ауыл округінен «Атамекен» шаруа қожалығына 40, «Жанболат» шаруа қожалығына 12, Таукент кентінен «Сейілбек ата» шаруа қожалығы 10, барлығы 62 гектар алқапты ылғалдандыратын жаңбырлатып суару қондырғылары алынған.
Аудан әкімінің айтуынша, өнеркәсіп өнімінің көлемі 416 миллиард 158 миллион теңгені құраған. Сондай-ақ, ауданның 98 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. 6 ауылдық елдімекеннің 4-не су құбырларын жүргізу, 2-не блок-модуль кешенін (КБМ) орнату жоспарлануда.
Сонымен қатар, биыл ұзындығы 34,1 шақырымды құрайтын 23 көшеге орташа жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен ұзындығы 30,5 шақырымды құрайтын 19 көшеге және жергілікті бюджеттен ұзындығы 3,6 шақырымды құрайтын 4 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда 17,9 шақырымға асфальт жабындысы төселген. Одан бөлек, биыл Таукент кентінен С.Әліұлы атындағы жалпы орта мектебіне 300 орындық қосымша жайы пайдалануға берілген.
Айта кетейік, 24 адам қысқа мерзімді оқуға, 83 адам әлеуметтік, 253 азамат жастар практикасына, 1269 адам қоғамдық жұмысқа, 23 азамат алғашқы және 1158 адам тұрақты жұмыс орындарына жолданған. Ал 80 азамат мемлекеттік гранпен қамтылса, 511 адам «Бизнес бастау» бойынша оқуға жіберіліпті.