Түркістан қаласында мұз айдыны салынуда
Түркістан облысы Түркістан қаласында алғаш рет қыстық спорт түрлеріне көңіл бөліне бастады. Соның бірі – қысқы спорт түрлеріне арналған мұз айдыны кешенін салу. Бұл жоба Түркістан облысның әкімі Дархан Сатыбалдының қолдауымен жүзеге асырылуда.
Жаңа мұз сарайының жалпы жер аумағы 2 гектар аумақты алып жатыр. Ғимарат құрылысының көлемі – 4160,9 шаршы метрді құрайды. Нысанның құрылысын алдағы жыл аяқтау жоспарланған. Бұл ғимаратта қысқы спорт түрлері дамытылып, үйірмелер ашылатын болады. Мұз айдынына қажетті құрал-жабдықтарға қазірден тапсырыс берілген. Ол жыл онекі ай жұмыс істейтін болады.
Өңір басшысы Түркістанды абаттандыру жұмыстары мен бірқатар құрылыс нысандарының жай-күйін бағдарлау үшін шаһарды кезекті рет аралап шығып, мәдени-тарихи орталықтағы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын тексерді.
Биыл Түркістан қаласында жалпы көлемі 200 мың шаршы метрден асатын 3392 пәтерлі 53 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әкімшілік-іскерлік орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлердің жай-күйімен танысты. 5,7,9,12 және 20 қабатты 60 тұрғын үйдің құрылыс алаңында болды. Пәтерлердің жалпы ауданы 35 мың шаршы метрге жуық.
– Салынып жатқан үйлердің сапасы талапқа сай болуы тиіс. Халықтың талабы мен сұранысына жауап беруі керек. Бұл – өте маңызды. Құрылыс материалдарының сапасына мән беріңіздер. Үйлердің айналасын абаттандыру да аса маңызды. Балаларға арналған алаңдардың сапасы мен қауіпсіздігі – басты назарда. Сейсмикалық төзімділігі қатаң қадағалауда болуы міндетті. «Мұз сарайы» да өз уақытында салынып, елге қызмет көрсетуі қажет. Өңірде спортты дамытуға да қолайлы жағдай жасалады, – деді Дархан Сатыбалды.
Жыл басынан бері жаңадан салынған 42 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген. Яғни, несиемен және кезекте тұрған 2 мыңнан астам отбасы баспаналы болып, қоныс тойын тойлады. Жыл соңына дейін тағы 11 көпқабатты тұрғын үй құрылысы толық аяқталады. Сол арқылы тағы 725 пәтер пайдалануға беріледі.
Облыс әкімі құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауда ұстауды, инженерлік-инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы мен абаттандыру жұмыстарын ширатуды тапсырды