Ордабасы ауданында жаңа зауыттар көптеп ашылуда
Түркістан облысы Ордабасы ауданы Бадам ауылдық округінде Индустрияландыру картасы аясында биыл «Bokei» қыш зауыты іске қосылды. Тәулігіне 100 мың дана қыш шығаратын өндіріс «Бизнестің жол картасы» бағдарламасымен жеңілдетілген 6 пайыз несиемен қаржыландырылған.
Бұл жоба «Аmanat» партиясының Түркістан облысы бойынша сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасына енгізілген. Италия, Жапония, Франция, Ресей сияқты мемлекеттерде жасалған заманауи қондырғылармен жабдықталған зауыт Түркістан облысымен қатар еліміздің өзге де аймақтарын сапалы кірпішпен қамтуға қауқарлы. Жобаның жалпы құны – 3 миллиард 200 миллион теңге. Жаңа өндіріс орнында 60 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған.
Бұл зауыт осыдан екі ай бұрын ашылған болатын. Оның ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай қатысты. Өндіріс орнының әлеуетінің зор екенін атап өткен ол инновациялық жобаларға мемлекет тарапынан қашанда қолдау көрсетілетінін жеткізді.
- Түркістан облысында жүріп жатқан құрылысқа отандық құрылыс материалдарына басымдық беріледі. Жаңа зауыт осы бағытта жұмыс істейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мәселесіне ерекше тоқталды. Кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру, әкімшілік кедергілерді жою және тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді тапсырды. Бүгінде облыста аталған мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, - деді Арман Жетпісбай.
Жұмыс сапарымен Ордабасы ауданына келген облыс әкімінің бірінші орынбасары бірқатар өндіріс орындарының жұмысымен танысты. Бадам ауыл округінде орналасқан қара металдың көптеген түрінен құймалар шығаратын «Karlskrona LC AB» зауытының өнім сапасы экспресс-зертханаларда тексеруден өткізіледі екен. Өндіріс орны 2016 жылы «Үдемелі индустриялды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында іске қосылған. Жобаның құны – 868,2 миллион теңгені құрайды. Онда 64 адам жұмыс істеуде. Жылына 3 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы.
Ал «Қазақ-Түрік индустриялды аймағында» орналасқан «Green Technology industries» өндіріс орны полиэтилен бұйымдарын қайта өңдеумен, синтепон талшығын өндірумен айналысады. Жылына 15 000 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Құрылтайшылар – қытайлық инвесторлар. Инвестициялық құны – 6 миллиард 800 миллион теңге. Зауытта 250 адам жұмыспен қамтылған. Өнім ішкі нарықтан бөлек Ресей мемлекетіне экспортталады.
Ордабасы ауданында бүгінгі таңда 40 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Олар өңдеу өнеркәсібі, тау-кен өндіру, электр энергиясымен жабдықтау салаларын қамтыған. Жыл басынан бері онда 21 миллиард 189 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Үдемелі индустриялды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында инвестициялық құны 105,1 миллиард теңге болатын 6 жоба іске асырылуда және 1 мыңнан аса жұмыс орны ашылған. Он айдың ішінде ауданға 26 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған. Ордабасы ауданында 12 мың 170 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Онда 18 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған.
2022 жылдың тоғыз айында инвестициялық құны 2 миллиард 254 миллион теңгені құраған және 82 жаңа жұмыс орнын ашқан 21 жоба (сауда орталығы, дәріхана, емдеу орталығы, тамақтану орны, май ауыстыру бекеті, жылыжай, жаңбырлатып суғару, мал бордақылау алаңы және т.б.) іске асты.