Түркістан қаласында жасыл белдеу қорын 30 мың алқапқа жеткізу көзделген

Oinet.kz 27-11-2022 268

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдыңғы Жолдауында республика бойынша 2 миллиард ағаш көшетін отырғызуды тапсырылған болатын. Жолдаудан туған тапсырманы Түркістан облысы басшылыққа алып, алдағы 5 жылда 132 мың гектар алқапқа 210 миллион көшет отырғызу жоспарланған.

Screenshot_10.jpg

Түркістан облысында қазір бұл бағытта жұмыстар өз жалғасын табуда. Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың айтуынша, облыс әкімдігінің тапсырмасымен Түркістан қаласында 2019-2022 жылдары қала айналасынан 7700 гектар алқапқа «Жасыл белдеу» құру жоспарланған. Бүгінгі таңда барлығы 13629 гектар алқапқа ағаш көшеттері отырғызылып, күтіп-бапталуда. 

- Алдағы уақытта «Жасыл белдеу» аумағын 30 мың гектар алқапқа жеткізу жоспарлануда. Егілген орман ағаштарының бірінші, екінші жылдарында 25 пайызының жерсінбей қурап қалуы – табиғи заңды құбылыс. Өйткені Түркістан қаласының климаты күрт континетальды. Қураған ағаштардың орнына қайта жайқалту мақсатында орман екпелерін толықтыру жұмыстарын жүргізу маңызды. Ғылыми-зерттеу институтының берген қорытындысына сәйкес, мәдени орман екпелерінің өнімділігі 55 пайызды құрайтындығы дәлелденген, - дейді Нұрбол Тұрашбеков.

Мамандардың айтуынша, бір гектар орман алқабы жылына 18 миллион  текше метр ауаны тазартып, бір сағат ішінде 8 килограмм көмірқышқыл газын сіңіреді. Бұл 200 адамның бір сағатта бөліп шығаратын көмірқышқыл газының көлемімен тең. Таза ауа – адамзаттың тіршілігі мен денсаулығының тірегі. Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәлімдеуінше, бүгінде, Түркістан қаласының экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында қала аумағында саябақтар мен аллеялардың көлемі артып, 495 гектарға жеткен. Оған қоса, қала аумағында көгалдандырудың жаңа технологияларын қолдану нәтижесінде көшеттердің өнімділігі артып, газондардың жақсы өніп-дамуына қол жеткізілді. 

Сондай-ақ экологтардың айтуынша, Түркістан қаласында атмосфералық ауаның ластануы 65 пайызға төмендеген. Түркістан қаласының экологиялық жағдайы тұрақталып, анағұрлым жақсарып келеді. Бұған су жүйелерін жаңғырту, жасыл алқаптардың көбеюі, қаланың толықтай табиғи газ жүйесіне қосылуы оң әсерін беріп отыр.

- Бүгінгі таңда облыстың орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтарында 30 миллион данадан астам әртүрлі орман ағаштарының көшеттері өсірілуде. Алдағы уақытта ол көшеттердің санын 60 миллионға жеткізу жоспарлануда. Бұл жұмыстар облыстың аудан, қала және елдімекендерінде жасыл желек құру мен көгалдандыруға, экологияның тұрақтануына оң әсерін тигізеді, - дейді қала әкімі.

Балықшыларға сақтық шаралары түсіндірілді
Бекзат пен Отырар тұрғындарының өтініштері орындалуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу