Балықшыларға сақтық шаралары түсіндірілді
Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Қанат Карабалаев Түркістан қаласының балықшыларымен болған кездесуде қыс айында балық аулау тәртібін сақтау жайын жан-жақты баян етті.
Оның айтуынша, биыл республика бойынша балық аулау кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамаған 14 адамның суға кету оқиғасы тіркелген. Түркістан облысында бір қайғылы оқиға орын алған. Төтенше жағдай басқармасының мамандары балық аулауға байланысты, тұрғындарға қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертеді.
– Қыс мезгілінде су айдындарында қауіпсіздік шараларын сақтау үшін Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті және оның аумақтық бөлімшелері құзырлы мекемелермен бірлесіп, тұрақты түрде профилактикалық іс-шаралар жүргізіп келеді. Осы ретте, облыс тұрғындары мен қонақтарынан балық аулау кезіндегі қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтағандары абзал, - деді ол.
Сонымен бірге балықшыларға сақтық шараларды қатаң сақтау сұранды. Балықшылар өзен және көлдердегі мұз үстіне шыққан кезде шағын көлемді кемелер және қайықтармен балық аулау кезінде өздеріңізбен бірге міндетті түрде медициналық қобдиша, қолшам, жергілікті жердің картасы және орналасқан орны туралы хабарлағыш құралдарды ала жүру қажеттігін айтты.
- Бір қатаң ескертетін жағдай, мұз үстіне және өзен-көлге балық ұстауға ішімдік ішіп балық ауламау керектігін ескертеміз. Қайықтың жарамдылығы мен онда құтқару жилеті барын тексеріңіздер. Егер де төтенше жағдайға тап болсаңыздар, «101» немесе «112» нөміріне хабарласыңыздар, - деді Қанат Мәлікайдарұлы.
Сонымен қатар осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Асанғали Төлепбергенов, жылыту маусымы кезінде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында тұрғын үйлерде өрт профилактикасын жүргізуге қатысты республикалық және облыстық іс-шаралар жүріп жатқанын айтты.
Өз кезегінде Асанғали Мадиханұлы өңірде 45327 өрт қауіпсіздігінің кемшіліктері анықталып, оның 8 555-нің кемшіліктері жойылғанны сөз етті. Сонымен қатар, биыл аз қамтылған отбасылардың үйіне Түркістан қаласының әкімдігімен бірлесіп, 145 дана және Кентау қаласында 600, Арыс қаласында кәсіпкерлердің қолдауымен 200 газосигнализатор орнатылған.
Кездесуде балықшылар өз ой-пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстарын айтып, пікір алмасты.