Аудан әкімі құрылыс басында
Түркістан облысы Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов Қараспан ауыл округіне қарасты Батырата, Төреарық, Қараспан, Мақташы, Көлтоған ауылдарына жұмыс сапарымен барып, аталған ауылдардағы табиғи газ тарту және жаңадан бой көтеріп жатқан білім ошақтарының құрылыс жұмыстарын көрді.
Өз кезегінде аудан басшысы тиісті сала мамандарына газ тартудағы түйткілді мәселелерді тездетіп шешуді және сапасына баса назар аударуды тапсырды.
- Қазіргі таңда аудандағы 57 елді мекеннің 9 елді мекені табиғи газбен қамтылған. Соның ішінде - 2022 жылы 4 елді мекенге газ құрылысы жұмыстарын жүргізіліп іске қосылды, қамту көрсеткіші 19,6 пайызды құрады. Бұдан бөлек, ағымдағы тағы да 24 елді мекеннің құрылысы жүргізілуде. Олар 2023 жылға өтпелі, (69 952 адам). Келесі жылы іске қосылған жағдайда көрсеткіш 57,3 пайызды құрамақ. 2027 жылға қамту көрсеткішін 100 пайызға жеткізу жоспарлануда, - дейді аудан әкімі.
Ауданда барлық білім беру ұйымдарының саны -130. Оның ішінде 70 мектеп (50 орта, 3 негізгі, 17 бастауыш), оның 66-і мемлекеттік, 4-і жеке меншік. Тағы 6 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның 3-уін жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда.
Сондай-ақ Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов сала мамандарымен бірге Темірлан елді мекеніндегі «Черемушки» шағын ауданындағы көпқабатты үйлерді аралап, оларды жаңғырту жұмыстарының барысымен де танысты.
- Қазіргі таңда 9 көпқабатты үйдің шатырларын ауыстыру, қабырғаларын, кіре берістерін (подъезд) бояу, отмоскаларын құю және балкондарын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Қалған 14 үйді жаңғырту жұмыстары 2023 жылы жүргізіледі деп жоспарлануда. Бүгінгі таңға тиісті жұмыстардың 90 пайызы біткен. Бұл істің тұрғындар үшін тиімді тұстары-үй иелерінің жөндеу жұмыстарын мердігер мекеменің өздері жасайды. Мекеме жұмысын тұрғындар арасынан сайланған белсенді топ бақылауда ұстап, қадағалайды. Жөндеу жұмыстарына қатысты тұрғындардың сын-ескертпелері болса мердігерге жеткізе отырып, өзгерту енгізе алады. Сонымен қатар жөндеу жұмыстары аяқталғанда үйді қабылдап алуға да сол белсенді топ мүшелері атсалысады. Ең басты талап істің сапалы уақытылы аяқталуы. Осыны назарға алыңыздар. Барлығын өз бақылауымда ұстайтын боламын, - деді аудан басшысы Нұрбек Бадырақов.
Жалпы «Черемушки» шағын ауданында 23 көп қабатты тұрғын үй орналасқан. Барлығы кондонминиум нысаны ретінде әділет басқармасында тіркеуден өткен. Үйлер құрылысы 1978 жылы жүргізілген және бүгінгі таңға дейін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. 2020 жылы «Темірлан ауылындағы көп қабатты тұрғын үйлерді жаңғырту» жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалған.