Кентау қаласының қазандықтары қалыпты режімде жұмыс істеуде
Жалпы бүгінгі адам үшін ең керегі жайлылық. Яғни, алаңсыз жұмыс істеуі үшін жайлылық керек. Жайлылық дегеніміз – ең алдымен, тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және әрбір адамның жұмысты істеуіне қолайлы жағдай жасау.
Қолайлы жағдайдың бірі қыс ауасында тұрғын үйдің қалыпты жылумен қамтылуы. Кентау қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Ысқақовтың айтуынша, қазіргі таңда Кентау қаласында жылу маусымы қалыпты режімде жүргізілуде.
«Жаз арбаңды қыс сайла, қыс арбаңды жаз сайла» демекші қысы қатал, жазы жайлы таулы өлкенің тұрғындары қыс айларына ерте бастан қамданатыны белгілі. Биыл да қала жұртшылығы сол бір дәстүрден жаңылған жоқ. Әрі, оған ел ішіндегі «Биыл қыс қатты болады екен» деген қаңқу сөз де себеп болғандай. Десе де, қыс қыстығын жасамай қоймайды. Ал жылыту маусымының кіргені жаңа, оның аяқталуына төрт айдан аса уақыт бар. Ал Кентау қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Ысқақов жылыту маусымының талапқа сай өткізіліп отырғанын айтуда.
– Кентау қаласындағы №5 жылу энергия орталығы қалыпты режимде жұмыс істеуде. Жылу беру температуралық кесте бойынша жүзеге асырылуда. Орталықтандырылған жылуға қосылған 14 мың абонент бар. Барлығы толық жылу жүйесімен қамтамасыз етілген, - деді Қуаныш Ғалымжанұлы.
Әкім орынбасарының мәлімдеуінше, 2022-2023 жылдары жылыту маусымын сапалы және үзіліссіз өткізу мақсатында облыс әкімдігінің қолдауымен, №5 жылу энергия орталығы негізгі және қосалқы қондырғыларын, №7,8,11,12 қазандықтарын, №3 турбогенераторды ағымдағы жөндеуге қажетті қаржы қарастырылған. Қазіргі уақытта ағымдағы жөндеу бойынша барлық жұмыстар толығымен аяқталған.
– Жылу энергия орталығы толық жұмыс режимінде қызметін атқаруда. Ерназаров-Төлеби көшесі тұрғындарымен болған кездесудегі өтініштерге сәйкес, қайу құбырын үлкейту мәселесі бойынша жұмыстар атқарылды. Ішкі резервтен өлшемі 100 мм және 133 мм, жалпы ұзындығы 300 метр құбыр тартылып, қараша айының соңына қарай іске қосылған болатын. Нәтижесінде, Әуезов, Төлеби, Ерназаров көшесінде жылу көрсеткіштері оң нәтиже беріп жатыр. Қала тұрғындарынан «жылу жоқ» деген шағымдар азайды. Жекелеген өтініштер бойынша жылу инспекциясы, ішкі орам жүйесі, реттеу тобының қызметі тиісті жұмыстарын істеп жатыр. Сондай-ақ, тұрғындармен түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізілуде, - деді «Кентау Сервис» МКК директоры Әшірхан Төлеу.
«Биылғы аудандағы жылыту маусымының өту барысы қалыпты десе де болады. Оған күз айларының жылы өтуі қарайласқандай болғаны рас. Дегенмен, қарашаның соңына қарай болған қарлы боран, одан кейінгі жауын шашынды күндер болмаса, жылыту маусымы сол алдын ала бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Қазіргі таңда балабақшалар мен мектептердегі және мемлекеттік мекемелердегі жылу температурасы нормаға сәйкес 20-25 гарадусты құрайды. Ол үнемі өзім басқаратын штаб отырысында қаралып, бюджеттік нысандардың жылту маусымына дайындығын, жүру барысын әрдайым қадағалап отырамын. Жылыту маусымы басталғалы бері штабтың бірнеше отырысы өтті» дейді Қуаныш Ғалымжанұлы.
Сонымен қатар, 2022-2023 жылдардағы жылу маусымына қажетті 90 мың тонна қатты отын (көмір), 700 тонна сұйық отын (мазут) және 20 тонна дизельге келісімшарт түзілген. Ол кестеге сәйкес жеткізілуде.