Кентаулықтар сапалы интернет қызметін алуда
Кентау желілі техникалық цехы – Кентау қаласындағы «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы бірлестігінің бір бөлімшесі болып саналады. Бүгінде Кентау қаласында аумағында 6185 абонент интернет қызметін пайдаланады. Ауылды елді мекендерде 919 абонент болса, ал қала бойынша 5266 абонентті құрайды. Оның ішінде 675 абонент GPON техналогиясын пайдалануда.
«Цифрлы Қазақстан» жүйесі елдің әлеуметтік-экономикалық салаларының барлығына үлкен өзгерістер алып келеді. Себебі ақпараттық технологиялар мен платформалар бизнес үлгілерін түбегейлі өзгертіп, делдалдарды жою және оңтайландыру арқылы олардың тиімділігін арттыруда. Дүниежүзілік банк сарапшыларының пікірінше, жоғары жылдамдықты интернетті пайдаланушылар саны елімізде 10 пайызға артса, ол жылдық ішкі өнімнің жылдық өсімін 0,4 пайыздан 1,4 пайызға дейін арттыруы мүмкін.
Қазақстанда цифрландырудың бастауы 2013 жылы «Ақпараттық Қазақстан – 2020» бағдарламасы қабылданған кезде қаланды. Ол ақпараттық қоғамға көшуге, мемлекеттік басқаруды жетілдіруге, «ашық және мобильді үкімет» институттарын құруға, корпоративтік құрылымдар үшін ғана емес, сонымен қатар ел азаматтары үшін де ақпараттық инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыруға бағытталды. Одан кейінгі қадам «Цифрлық Қазақстан» жаңа мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу болды.
Жаңа бағдарламаның басты мақсаты – тұрақты экономикалық өсуге қол жеткізу, экономика мен ұлттың бәсекеге қабілеттілігін, халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін цифрлық экожүйені үдемелі дамыту. Бағдарламаны іске асыру төрт негізгі бағыт бойынша, атап айтсақ, цифрлық Жібек жолын іске асыру (сенімді, қолжетімді, жоғары жылдамдықты және қауіпсіз цифрлық инфрақұрылымды дамыту), креативті қоғамды дамыту (цифрлық экономика үшін құзыреттер мен дағдыларды дамыту, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бойынша жұмыс, АКТ мамандарын даярлау), экономика секторларындағы цифрлық трансформациялар (бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін цифрлық экономиканың әртүрлі секторларына технологияларды кеңінен енгізу), проактивті жағдайға көшу (электронды және мобильді үкімет жүйесін жетілдіру, мемлекеттік қызметтерді көрсетуді оңтайландыру) жүзеге асырылуда.
- Сапалы байланыс қызметімен қамтамасыз ету мақсатында «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы 2020-2022 жылдарға жоспарланған бағдарламасының орындалуы бойынша жаңа заманауи GPON технологиясы арқылы кеңжолақты қатынаумен Кентау қаласындағы 116 көп қабатты үйлер қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, осы жоба бойынша 7 мектеп іске қосылған. Алдағы жылы 4 мектеп пен 3 ауыл әкімшілігіне кеңжолақты қатынаумен қамтамасыз ету жобасы әзірленуде. Атап айтқанда, Қарнақ ауылының әкімшілігі мен Қарнақ мектебіне, Байылдыр ауылының әкімшілігі мен №9-шы мектебіне және Хантағы ауылының әкімшілігі мен №5-ші, №6-шы мектептерін қосу іске асырылады, - дейді Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов.