Кентауда Ащысай ауылы таза ауыз суға қосылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін елімізде таза ауызсу мәселесін шешуді тапсырғаны белгілі. Яғни, алдағы үш жылда қалалар 100 пайыз, елдімекендер 80 пайызға дейін таза ауызсумен қамтылуы тиіс. Мұны аудандарда 100 пайызға жеткізу жоспарланған.
Осы жоспарды орындау барысында Кентау қаласында жоспарлы жұмыстар қолға алынған. Кеше Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қалаға қарасты Ащысай ауылында болып, елді мекен тұрғындарымен кездесті. Сонымен бірге таза ауыз су жүйесінде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
- Су – тіршілік көзі. Қоғамдағы барлық тіршілік салалары үшін су ресурстарының маңыздылығын айтып жатудың өзі артық. Елімізде осыдан 12 жыл бұрын басталған «Ақбұлақ» бағдарламасы соңғы үш-төрт жылдың көлемінде қарқын алғаны белгілі. Ол «Өңірлерді дамыту», «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламалары және «Ауыл – ел бесігі» жобалары аясында жүзеге асырылуда. Жолдауда айтылған «Ақбұлақ» бағдарламасы да өңірде өз шешімін тауып отыр, - деді халықпен болған кездесуде қала әкімі Жандос Тасов.
Бүгінге дейін Ащысай ауылында таза ауыз су уақытпен 12 сағат беріліп келген. Қала әкімі енді «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында жүргізілген құрылыс жұмыстарының нәтижесінде ол тәулік бойы берілетінін жеткізді. Ащысай ауылында жалпы абонент саны – 310. Ауылды тәулігіне толықтай ауыз сумен қамтамасыз ету үшін, жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып, қаржы қарастырылған. Оның құрылыс жұмыстарын «Барнұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Келісім шартқа сәйкес құрылыс мерзімі өтпелі. 2023 жылдың мамыр айына аяқтау жоспарланған.
Халық үшін сапалы ауыз суға қолжетімділіктің маңызы өте зор. Осыны сезінген Үкімет ел тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бар күшін салуда. Сондықтан да әлеуметтік маңызы жоғары «Ақбұлақ» - жан-жақты, тыңғылықты зерттеліп-зерделенген бағдарлама. Бағдарлама ойдағыдай орындалып жатса, шалғайдағы ауыл халқы да толығымен таза ауыз сумен қамтамасыз етілетін күн де алыс емес.
Жұмыстың жүйелі нәтижесінде бүгінде ауылға ауыз су құбыры тартылды. Жұмыс барысын бақылаған қала басшысы құрылыс сапалы болуын қадағалауды тиісті сала басшысына, ауыл әкіміне тапсырды. Тұрғындар тарапынан осы күнге дейін көтерілген таза ауыз су, көлік мәселелері шешімін тапқан. Жуырда жарық бағаналарын ауыстыру жұмыстары атқарылмақ.
Бұдан кейін шаһар басшысы Жандос Тасов Кентау қаласы, С.Сейфуллин көшесінде орналасқан кәріз насос станциясында ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысқан еді. Қала әкімі Жандос Тасов аталған нысанды аралап, жаңартылған құрылғылардың сапалығын тексерді.
Бүгінгі таңда, жалпы алаңы 6,23 гектар жер тегістеліп, сүзгі карталары орналастырған. 4-дана жоғарғы дебетті 250 кВт сорғылар ауыстырылып, 1-дана сүзгі орнатылуда. Осы күнге дейін, қаладағы кәріз жүйесіне 4100 м2 бөгеттер жасалынған. 13-қайта толтырылып жабылған сүзгі карталары және 1228 м кәріз құбырларын орнату жұмыстары жүргізілген. Жалпы, Кентау қаласында 14781 абонент көріз жүйесін қолданады.