Мәдениет қызметкерлеріне құрмет көрсетілді
Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Түркістан облысы Түлкібас ауданында мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәдени іс-шараға Түлкібас ауданының әкімі Н. Байғұт, аудандық мәслихаттың хатшысы С. Сейсенбаев, «Nur Otan партиясы Түлкібас аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ. Еркебаев қатысып, бірқатар мәдениет қызметкерлерін алғыс хаттармен марапаттады.
Іс-шара соңы мәдениет қызметкерлерінің концерттік бағдарламасына ұласып, көрермен назарларына ұсынылды. Аудан әкімі Н.Байғұт мерекеге орай арнайы құттықтау хат жолдады.
- Мәдениет пен өнер – біздің өміріміздің ажырамас бөлігі. Мәдениет пен өнерді қолдау – біздің елдің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі. Сондықтан бұл салада елімізде оның ішінде ауданымызда ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Ауданымыз таланты жандарға бай өлке.
Соның нәтижесінде аудан өнерпаздары түрлі жарыстарда топ жарып, аудан мерейін үстем етуде. Сондай-ақ республикалық деңгейге көтерілген «Мақталы» халық театрын ерекше айтқым келеді. Сіздердің өз істеріңізге деген сүйіспеншіліктеріңіз бен адал еңбектеріңіз, адамның жанына шуақ сыйлап, қуанышын еселейтін, мерекенің көркін қыздыратын ерекше дарындарыңыз – әрбір адам мен тұтастай қоғам өміріндегі рухани-адамгершілік, патриоттық, мейірімділік пен турашылдық қасиетті еселеудің негізі. Сіздерге кәсіби шеберліктеріңіз бен мәдениет саласына қосқан өлшеусіз үлестеріңіз үшін мың алғыс! Сіздерге зор денсаулық, баянды бақыт, амандық тілейміз! Тамыры терең, тарихы кемел Түлкібас өңірінің өркендеуі жолындағы тың бастамаларыңыз бен жарқын жобаларыңыз сәтті жүзеге ассын, - делінген аудан әкімінің құттықтауында.