Түлектер игі дәстүрінен жаңылған жоқ
Созақ ауданына қарасты Жартытөбе ауыл округі Аққолтық елді мекені Шоқан Уалиханов атындағы жалпы орта мектебін бітіргеніне 20 жыл болған түлектері туған жерге ерекше сый жасады. Олар ауылдағы мешітті жөндеп берді. Құрылыс жұмыстарына 10 млн теңге қаражат жұмсалған. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Ауылда қалыптасқан дәстүр бар. Мектеп бітіруші түлектер жылда ауылды көркейтуге атсалысып, жағдайы төмен отбасыларға көмек қолын созады. Білім ошақтарын ұмытпайды. Алдыңғы жылдары мешітке «Газель» автокөлігін де сыйлаған болатын», – деді ауыл округінің әкімі Болат Есенқабылұлы.
Бекжан Молдабеков, Арман Еденбаев, Айдос Жармағанбетов және тағы басқа ауыл азаматтары мектеп бітіргеніне 20 жыл толуына тозығы жеткен мешітте жөндеу жұмыстарын жүргізді. Өз қалталарынан күрделі жұмыстарына қаржат салып, мешіттің күмбезін ауыстырып, ажарын келтірді. Алдына 15 метр бастырма жасады. Оған төсеніш салып, көпшілік жиналатын орын жасады. Асхана салды. От жағатын қазандығын жаңартып, жылы еденді төседі. Мешіттің ішінара әрлеу-сырлау жұмыстарын жүргізіп, жаңартты. Мектеп түлектері Алланың үйі – мешітті жаңартып, елге қажет іс жасағандарына қуанышты екенін жеткізді.