Жайылым жерлер 100 пайыз суарылатын болады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деп аталатын Жолдауында:
- Технологиялық тұрғыдан ескірген суару жүйесі үлкен кедергі келтіріп отыр. Судың 40 пайызы далаға кетіп жататын кездері болады. Онсыз да су тапшылығының зардабын тартып отырған еліміз бұған жол бере алмайды. Осы саланың нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттелуін қамтамасыз етіп, заманауи технологиялар мен инновацияны енгізу үшін экономикалық ынталандыру шараларын әзірлеу қажет,-деген тапсырма берген болатын.
Осы тапсырманы орындау мақсатында Түркістан облысында ағын суларды басқаруда жаңа жорбалар жүзеге асуда. Мұндай мәліметтер жуырда Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің өңірге жасаған жұмыс сапары кезінде айтылды.
Арыс ауданындағы ««Көксарай су реттегішіне» барған ведомство басшысы нысан бөгетінің беріктігін арттыруға және реконструкция жасауға арналған жобалық-сметалық құжатты тездетіп аяқтауды тапсырды.
Айта кетейік, қазіргі уақытта министрлік облыста «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдірудің екінші фазасы (ИДЖЖЖ-2) жобасын жүзеге асыруда. Жоба облыстағы 62 мың гектар суармалы жердің мелиоративті жағдайы мен сумен қамтуды жетілдіруге мүмкіндік береді. Сонымен бірге суару кезеңіндегі су жоғалту көлемі 199 млн.м3-қа дейін азайып, жайылымдарды сумен қамту 65%-дан 100%-ға жетеді. Жоба аясында 12,4 мың ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылады. Жалпы, ИДЖЖЖ-2 арқылы «Мақтаарал-1» бірінші жіберу кешені, «Мақтаарал-1» екінші жіберу кешені, «Арыс-Түркістан», «Қызылқұм-1», «Мақтаарал-2» ирригациялық-дренажды желілері іске қосу жоспарланған.
Министр осы ауқымды жоспар аясында жүріп жатқан Шардара, Жетісай аудандарындағы 6Р-2, 5Р-1, К-22-1, К-13-5, К-18 каналдарындағы құрылыс жұмыстарын тексерді.