«Әзірет Сұлтан» - теңдесі жоқ сәулет туындысы
Түркістандағы туризмнің негізгі нысанына айналған «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы өз жұмысын негізгі екі бағытта жүргізіп келеді. Бірінші бағыты - Түркістан өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштерді есепке алу, сақтау, қорғау жұмыстары. Тарихи-мәдени ескерткіштердің жалпы жер көлемі - 557,1935 га. Құрамында 99 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Олардың ішіндегі 1–халықаралық, 16- республикалық, 14-жергілікті маңызға ие. Қалған ескерткіштердің статусы анықталу жұмыстары жүргізілуде. Халықаралық дәрежедегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ортағасырлық теңдессіз сәулет туындысы ретінде 2003 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне алынған. Әлемдік маңызға ие болған ескерткіштің ұлттық пантеон ретіндегі алар орыны да айрықша. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне 300-ден аса тарихи тұлғалар жерленген болса, қорық-мұражай мамандарының зерттеулері нәтижесінде сол тұлғалардың бүгінгі таңға 214-і анықталған.
Қорық-музей қорында 25000 дана құнды тарихи жәдігер бар. Олардың арасындағы жазба, археологиялық этнография және нумизматикалық тобына жататын жәдігерлердің талапқа сай сақталуы үшін соңғы үлгідегі арнайы құрылғылар сатып алынып орнатылды. Қор бөліміндегі еңбек ететін реставраторлар Ресейден арнайы біліктілікті жоғарылату курстарын оқып келген мамандар.
Екінші бағыты – қорық-музей ретінде, ғасырлар елегінен өтіп, бүгінгі күнге жеткен көне, тарихи құнды жәдігерлерді сақтау, қорғау, қайта қалпына келтіру және оларды насихаттау жұмыстарын жүргізеді.
Айта кетері, еліміздегі басты жаңалықтарға айналған вирусты кесел өршіп тұрған сәтте туристер киелі жерлерді аралап, туристік саяхат жасамасы анық. Алайда, әлем¬нің қай түкпірінде болсын, ғаламтор арқылы қорық-музей сайтынан 3D-тур арқылы қорық-музей ескерткіштері туралы толықтай ақпарат алуға, музейдің ішіндегі жәдігер¬лер, архитектуралық құрылымдарымен кең танысуға болады.