3D-тур арқылы тамашалаңыз
Түркістан – рухани құндылықтар мен мәдени орындарға толы оңтүстік орталығы. Қазіргі таңда елімізде орын алып отырған COVID-19 таралуының күрделі жағдайына байланысты төтенше жағдай енгізіліп, барлық зиярат ететін орындар жабылған еді. Осы жайтты ескере отырып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі және тарихи орындарды 3D-тур арқылы тамашалауға болатын мүмкіндік туды.
ХХІ ғасырға жеткен көне тарихи құнды жәдігерлер ғасырлар елегінен өтіп, бүгінгі күнге дейін сол күйінде жетіп отыр. Қазіргі таңда Түркістандағы тарихи, киелі орындарға абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, нысандар жаңартылуда. Ал осы құндылықтарды сақтау, қорғау, қайта қалпына келтіру, қорық-музейге қарасты тарихи-мәдени және рухани орындармен танысуды мақсат еткен қосымшаның берер пайдасы мол. Және 3D-тур арқылы тамашалау, министрлік жаңалықтары мен музейдің атқарып жатқан жұмыстары жөніндегі ақпараттар алу, директор блогы арқылы байланыс орнату, тарихи ескерткіштер жайлы ғылыми мақалаларды http://azretsultan.kz/ сілтемесі арқылы тамашалауға мүмкіндік қарастырылған.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне еліміздің түкпір-түкпірінен тіпті, шетелдерден арнайы іздеп келіп, зиярат етушілер көп. Оның үстіне көктем мезгілінде туристердің келуі жиілеп, адам үзілмейді. Сонымен қатар, түркі жұртының астанасы ретінде саналған Түркістандағы өзгеде киелі мекендерге соқпай кетпейтін қонақтар кесенелер жабылғаннан соң да рухани сусындай алады. ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде 2019 жылдан бастап Android платформаларына арналған мобильдік қосымша іске қосылғаны белгілі. Аталмыш мобильді қосымшасын Google Play Market арқылы жүктеп алуға болады.