Тельман Бейсенов, журналист: «Газет - журналистің біліктілігін, білімділігін шыңдайды»

Oinet.kz 19-06-2023 3040

Тельман Әбдібекұлы - журналист, «Turkistan Media Holding» ЖШС-нің басқарушы директоры. Ұзақ жылдар журналистика саласында тер төккен қарымды қаламгер, ұстаз, медиаменеджер және тарихшы. Қазіргі уақытта «Turkistan Media Holding» медиахолдингінің басқарушы директоры.  Екіарадағы  сұхбат бүгінгі журналистиканың жай-күйі, маман даярлау, бұқаралық ақпарат құралдарына байланысты заңдар төңірегінде өрбіді.

Screenshot_7.jpg

-  Түркістанда туып-өстіңіз, бірақ жұмыс бабымен еліміздің бірқатар өңірлерінде еңбек еттіңіз. Талайлардың Астанаға ауысуға аңсары ауып жүргенде Түркістанға келіп ту тігіп, қайта құрылымнан өтіп, қасиетті қаланың атын иемденген облыста ақпарат саласын өркендетуге білек сыбана кірістіңіз. Айтыңызшы, біздің өңірдің ақпарат саласын өзге өңірлермен салыстырсақ даму бағытындағы жетістігі неде?

-  Еліміздің бірқатар өңірлерінде журналистика саласы бойынша жиырма жылға жуық қызмет атқардым. Алғашқы еңбек жолым Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында «Еділ-Жайық» қоғамдық-саяси газетінде тілші болып басталды. Оған дейін де Республикалық, облыстық басылымдарға мақалаларым жарияланып тұратын. Ұлттық құндылықтарды насихаттап, мемлекеттік тілдің деңгейін көтеруге үлес қосып жүріп «Еділ-Жайық» газетінде басшының орынбасары, бас редакторы болдым. 

2007 жылы Маңғыстау облысына қоныс аударып, облыстық «Қазақстан-Ақтау» телеарнасы мен Республикалық «Айқын» газетінің Маңғыстау бойынша  меншікті тілшісі қызметін атқардым. Журналистика саласына сіңістім, қалыптастым деп сол кездерімді айта аламын. Себебі, мен көбіне басшылық құрамда болып, тәжірибе жинақтадым. 2010 жылы сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың тапсырмасымен, облыс әкімнің кеңесшісі Жанна Ойшыбаеваның және Ақтау қаласының әкімі Оспан Қазақбаевтың қолдауымен «Ақтау ақпарат» деген газет аштым. Одан кейінгі жылдары, 2011 жылы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облыстағы барлық мемлекеттік басылымдарды біріктіріп, медиахолдинг құру бастамасын көтерді. Алайда Қырымбек Елеуұлы қызметі ауысып Астанаға кетті. Оның орнына облыс басшысы болып келген Бауыржан Мұхаметжанов облысты басқарған бір жыл уақыт ішінде медиахолдинг құруды жалғастырып, қолға алды. Осылайша облыстағы бес аудан, екі қала және облыстық екі баслымдардың басын біріктірген «Маңғыстау-Медиа» холдингін құрып, басшылық жасадым. Әрине, тоғыз басылымының басын бір холдингке біріктірудің өзіндік  қиыншылықтары да, қызықтары да болды. Бастысы нәтижелі жұмыстар атқара білдік. Ол кездерде әсіресе аудан және қалалық басылымдардағы журналистердің айлығы өте төмен еді. Біз соның көтерілуіне жұмыс жасап, жалақыларды (оклад) екі есе мөлшерде көтердік. Мұнымен қоса, «Айқын» газетінің тілшілігінде қоса атқарып жүрдім. 

2013 жылы Астанаға қоныс аударып, «Нұр-Медиа» холдингінде Контент және мультимедиялық технологияларды басқару департаментінің бас редакторы болдым. Медиаахолдингке қарасты бірқатар газеттердің сайттарына жетекшілік жасадым. 2017 жылы Астана қаласы әкімдігінің холдингінде жұмыс атқардым. 2018 жылы Президент жарлығымен Түркістан облысы құрылған соң Түркістанға табан тіредім. Әкем марқұм жастайымнан барлық салаға баулып өсірді. Әсіресе, «Туған жерге адал қызмет атқару және адал жолда жүру керек» дегенді көп айтатын. Сонымен Түркістанымыз облыс орталығы болған кезде қызметке қуана кірісіп кеттім. Оған дейін өзге өңірлерде жүргендіктен, жүрексінгенім рас. Облыстағы журналистердің барлығы жылы қабылдап, сәттілік тіледі. Рас, әріптестерімнің жылы қабылдауы мен үшін үлкен қолдау болды. Биыл Түркістанның облыс орталығы болғанына бес жыл толып отыр. Түрлі өңірлерде жүріп жиырмаға жуық газеттер мен сайттарды басқарып, жетекшілік жасап жүріп жинақтаған тәжірибемді туған жерде пайдаланып келемін. Шәкірт тәрбиелеу, бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту мәселелеріне мүмкіндігінше үлес қосудамын. Облыстың үздік журналисі марапатына ие болдым. 2019 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Ақпарат орталығының басшысы қызметіне бардым. Сонымен бірге, Журналистика кафедрасында 3-курс студенттеріне дәріс бердім. Ол жерде де өз тәжірибелеріммен бөлістім. Бүгінгі күні, «Turkistan Media Holding» медиахолдингің «Turkistan» телеарнасында 15 шақты шәкіртім жұмыс атқарып жүр.

Әр өңірдің өзіндік ерекшелігі болады ғой. Батыста жүргенімде, Оңтүстіктің журналистеріне риза болатынмын. Мұнда бәсекелестік дамыған. Мұнда әсіресе Тәуелсіздік алған жылдардан бері көптеген газеттер шықты. Бір-бірімен бәсекелес болғандықтан, жақсы жұмыстар атқарылды. Журналистика саласының қайнаған ортасына айналды. Біздің өңіріміздің басқа өңірлермен салыстырғанда газеттерінің тиражы өте көп. Мәселен, басқа өңірлерде облыстық газеттердің өзінде тираждары он, онбес мыңға әзер жуықтаса, бізде отыз-қырық мыңға дейін жетеді. Шыны керек, бүгінгі кітап, газет-журнал оқымайтын кезеңде газетке жазылу қиындап барады. Бұл бөлек мәселе. 

-  Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-да журналистика кафедрасында ұстаздық етіп, біраз тер төктіңіз. Жалпы осы мамандықты игеріп шығып жатқандарға көңіліңіз тола ма?

- Бұрын журналистикаға жазуға бейімделген талапкерлер түсетін. Қазір, әрбір оқу ордасында гранттан бөлек қосымша ақылы түрде оқытып, табыс табу деген бар. Соның салдарынан болса керек, соңғы кезде журналистикаға жазуға бейімі жоқ талапкерлер де көптеп түсіп жатады. Ондайлар көбіне мақала жаза алмайды. Жақында әлеуметтік желіде «Қолында табақтай дипломы болғанмен, мақала жаза алмайтын журналистер көбейіп барады» деген тақырыпта мақала жаздым. Көптеген әріптестеріміз құптап, түрлі пікірлерін қалдырды. Көзбен көріп, сол саланың ішіне жүргендіктен білемін ғой. Мақала жаза алмайтын студенттерге немесе жас мамандарға «Жұмысты алдымен, газеттен, болмаған жағдайда сайттан бастаңыздар. Жаза алмайтын адам журналист бола алмайды. Газет - журналистің біліктілігін, білімділігін шыңдайды» деймін.   

Жалпы журналистика кафедрасына, факультеттерге редакцияларда жұмыс істеген тәжірибелі  мамандарды дәріс беруге тарту керек деп ойлаймын. Үшінші, төртінші курс студенттері сараптама жаза білуі керек. Тағы бір мәселе, бірінші, екінші курс студенттерін теория бойынша тереңдедіп оқыту қажет. Ал үшінші курстан бастап өндіріске көбірек араластырсақ дұрыс болады. Айталық, үшінші курстың студенттерінің 50 пайызы, төртінші курстың 70-80 пайызы өндіріске жіберілсе салаға тез үйренер еді. Қалғандары дәрісханаларда оқысын. Себебі, емтиханы мен сессиясы бар тапсыратын, диплом қорғайды. Төртінші курстың студенттері көбінесе өндірісте болса, редакцияның басшылары өздеріне ұнаған маманды таңдай алады. Жастардың жұмысқа қабылдануы да осылайша оңай болар еді. Көрмеген, танымаған, қалтасында табақтай дипломы бар түлекті жұмысқа қабылдай салу да қиын ғой. Өндірісте жүріп, өзін-өзі көрсете алса, жұмысқа қабылдануы да өздеріне оңай болады. Оларға келісімшарт негізінде ақы төлесе тіптен жақсы. Сонда олар біржағынан жұмыс есебінде қарап, жауапкершілікті сезінер еді. Естеріңізде болар, осыдан 3-4 жыл бұрын әлеуметтік желіде «Журналистикада студенттерді төрт-бес жыл оқытпай, екі-ақ жыл оқыту керек» деген пікірталас туды. Мен журналистика кафедрасында сабақ бергендіктен көзім жетті, балаларды көбіне өндіріске жіберу керек. Тәжірибе жинақтау керек. 

 Журналистиканың майталманы Нұртөре Жүсіп айтқандай, жастардың көбі тик-токта тәрбиеленіп жатыр. Біз осыған мән беруіміз керек. Кітап, газет оқуға қалай баулимыз? Оның кілтін қалай табамыз? Осыны ойлануымыз керек. Шыны керек, әлеуметтік желімен өскен жастардаың арасында бүгінде терең ойланатын, елін сүйетін патриоттар көп емес. Ертеңіне сеніммен қарайтын, елдің тұтқасын ұстай алатын жастар да баршылық, әрине. 

-  Бүгінде өзіңіз еңбек ететін медиахолдингтің «Turkistan» телеарнасында тыныс-тіршілігін жандандыру бағытында қандай жобалар қолға алынған? 2-3 жыл көлемінде телеарна ақпарат кеңістігінде қаншалықты таныла алды?

- Туған жерге келген соң да бірқатар редакциялардың жұмысын жүргізуге және медиахолдингті құру мәселесі бойынша көмек көрсетуге тырыстым. Жинаған тәжірибеммен бөлістім. Айталық, «Turkistan Media Holding» медиахолдингі құрылған кезде алғашқы басшысы Бауыржан Бердімұратов әріптесімізбен тікелей байланыста болып, қолымнан келген көмегімді жасадым. Бір кездері Қазақстандағы бірқатар медиахолдингтермен бірлесіп жұмыс жасап, кеңесшілік жасаған адаммын. «Turkistan Media Holding» ЖШС 2019 жылы құрылып, артынан құрамында 2021 жылы «Turkistan» телеарнасы қосылды. Әлбетте, кез-келген кәсіпорынның, мекеменің құрылып, жұмысы қалыпқа түсуі мен аяқтан тұрып кете салуы оңай болмайды. Өзіндік ауыртпалықтары мен қиындықтары болады. Біздің медиахолдинг те сондай қитындықтардан өтті. Тіпті, бір кездері қызметкерлерге айлық бере алмай қалған кезеңдерде болды. Дегенмен, бүгінде барлығы түзелді. Медиахолдингтің басшысы Жанахмет Жәнібекұлы Ағыбаев басқа өңірлерде көптеген БАҚ-да әсіресе бірқатар телеарналарды басқарып келген білікті менеджер екенін дәлелдеп, нәтижелі жұмыстар жүргізуде. 

Қазіргі таңда, 40-қа жуық бағдарламар жұмыс істеп жатыр. Күніне 18 сағат эфирмен облыс, Шымкент қаласы қамтылып отыр. 

«OTAU TV» жерсеріктік телерадио хабарларын тарату желісінде де хабар тарап жатыр. Бүгінде Түркі мемлекеттерімен байланыс жасалып, жұмыс атқарылуда.  

Түркістан рухани орталық болғандықтан, алқалы жиындар мен ауқымды шаралар көптеп өткізіледі. Алыс-жақыннан, шет мемлекеттерден ғалымдар, танымал тұлғалар келеді. Мүмкіндігінше, бағдарламаларымызды  сондай белгілі тұлғалармен толықтыруға тырысып келеміз. 

Алматы мен Астанадағы сияқты емес, бізде мықты спикерлерді шақыру қиынға түсіп жатады. Зиялы қауымның дені Астана мен Алматыда және бір шоғыры Шымкентте. Сол себепті, көбінесе Шымкенттен шақырамыз.

-  Сіз телеарна мен газетті де қатар меңгерген әмбебап һәм іскер маман, мықты медиаменеджерсіз. Екеуінің қайсысы сізге етене жақын? Қайсысын «оң қол» санайсыз?

-  Әрине, екеуін де оң қол санаймын. Қазіргі таңда, Мемлекеттік басқару академиясынының Түркістан облыстық филиалында келісімшарт негізінде медиасауаттылық бойынша дәріс беремін. Осыған дейін мемлекеттік қызметкерлерге, мәслихат депутататарына дәріс бердім. Көптеген медиахолдингтерді, газеттерді аштым. Сондықтан екеуі де маған етене жақын. Екеуінен де қол үзген емеспін. 

- Елімізде ақпарат құралдарының жұмысын жүйелейтін «Масс медиа туралы» Заңның жобасы талқылануда. Осы Заң жобасымен қаншалықты таныса алдыңыз? Міндетті түрде қамтылса деген нендей ұсыныстарыңыз бар? Таратып айтсаңыз. 

- Өткен жылы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі «Алатау медиа орталығы» ғимаратында облыстағы журналистермен жиын өткізді. Сол кезде ұсыныс, пікірлерімізді айттық. Биылғы жылы Астана төрінде министрліктің ұйымдастыруымен «Өңірлік мерзімді басылымдар» форумы болды. Сол форумда аға буын журналистер газет – идеология құралы. Сондықтан, осыған Үкімет мән беру керек деген мәселені көтерді. Расында да, ақпараттық технология күн санап дамып келеді. Дәстүрлі БАҚ пен Жаңа медиа деп жатамыз. Біз дәстүрлі БАҚ-тың өкілдеріміз. Жаңа медиа да көбінесе жастар. Сол екі саланы да ұштастыруымыз керек.

Медиа саласына байланысты «Масс-медиа» туралы Заң талқыланып жатыр. Міне, осы жаңа заң қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі мен міндеттеріне, құқықтарына қатысты өзекті тұстарын қозғап, онда журналист мәртебесі, блогерлер мен әлеуметтік желілердің рөлі қамтылады деп күтілуде.

Бүгінде журналистер мен блогерлердің айырмашылығы талқыланып жүр. Уақыт өзі төреші ғой. Әр дүниені өз орнына қояды. Журналистердің ішінде жаза алмйтын, тек әлеуметтік желіде белсенді болып жүргендер де бар. Кейбір әлеуметтік желі қолданушылар арасында әлемжеліні өзінің бас пайдасына жаратып жүргендері де аз емес. Олай дейтінім, әлеуметтік желіні пайдаланып, белгілі бір адамдарға қоқан-лоққы көрсетіп немес басқа да әрекеттері әшкере болып, заң алдында жауапқа тартылып жатқандарды көріп те жүрміз. Олар көбіне қоғамдағы проблемаларды көтерген болып әсіресе шенеуіктерді, жергілікті билікті сынап-мінеп, сүрінсе екен, құласа екен, осыны жазып, танымал болсам екен дейтіндерін де кездестіреміз. Айталық, әлеуметтік желіні өздерінің мүддесіне асыра пайдалану жағдайлары әсіресе әрбір саяси науқандар кезінде белең алып жатады. Ия, мұндай дүниелер кәсіби БАҚ-да аракідік кездеседі. Арысын айтағанда, түрлі дүрбелеңдер күні кеше елімізде өткізілген Мәжіліс және жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауы кезінде көбінесе әлеуметтік желілерде көрініс тапты. Атап айтсақ, бір-бірін сүріндіру мақсатта ауыр сөздер айтып,  даттаған, жаға жыртысқан, айқай-шу жасап төбелеске дейін барған келеңсіздіктерді көзіміз көрді. Әлеуметтік желінің беті қып-қызыл ақпараттық майданға айналды десек қателеспеспіз. Әйтеуір, әркім шырылдап өз шындығын ізегендей көрініс. Ал нағыз шынайылық пен шындық мәселесі ол енді бөлек әңгіме... Шыны керек, кейбір шенеуіктердің арасында журналист пен әлеуметтік желі қолданушы белсенділердің айырмашылығын айыра алмайтындары да бар. «Масс медиа туралы» Заңда атауы айтып тұрғандай, медианың барлығын қамтитын заң болады және дәстүрлі БАҚ пен Жаңа медианы ұштастыруға септігін тигізетін Заң болады деп сенеміз. 

Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы Ата Заңымызға біраз өзгерістер енгізді. Меніңше елімізде мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары оныі ішінде әсіресе газеттердің барлығының жағдайы жақсы деп айтуға келмейді. Оларды кез-келген кәсіпкердің қолына бере салуға болмайды. Осы тұрғыда мемлекеттік БАҚ-ды бәсекелестік ортаға бейімдеу мақсатында 2011 жылы қолданысқа енгізілген ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» заңына да өзгеріс енгізу керек деп ойлаймын. «Масс медиа» заңына да біраз өзгерістер енгізуге болады. Бұл туралы көптеген ұсыныстар айтылып та жатыр. Өз сөзімде айтып өткендей, оқу ордаларында дәріс беруге тәжірибелі мамандарды тарту қажет. Дуальды оқыту методикасын қалыптастыру қажет. Айтпағым, мықты журналистті шығару үшін жоғарғы курстың студенттерін өндіріс орындарында көбірек тәжірибеден өткізу керек. Яғни Дуальды оқытуға мән берілсе.

Қазір әлеуметтік желі жанданған кезең. Белсенділер көп. Кәсіби мамандар көбіне әлеуметтік желіге кіре бермейді. Ол үшін оларға жаңа технологияларды меңгерту жағына көбірек мін беру керек. Сондықтан да кәсіби мамандарға арнайы курстардан өту маңызды. Тағы бір ескеретін мәселе,  БАҚ мекемелерінің жұмысын жандандыру үшін жазуы мен редакциядағы тәжірибесі мықты болғанмен құжатпен жұмыс жүргізуі, қаржылық сауаты мен заңнамалық, құқықтық біліктілігі төмен қызметкерлер мекеменің жұмысын жандандыра алмайды. Сондықтан БАҚ мекемелерін тиімді басқару үшін медиаменеджерлер дайындайтын оқу орындары мен курстарды ашу керек.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Аида Өтеп

Бекжігіт Сердәлі, журналист, сазгер: "Газет өлген күні - зиялылық та өледі"
Баян Жандосова: Отбасы құндылықтарын сақтау – дамуымыздың кепілі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу