Бекжігіт Сердәлі, журналист, сазгер: "Газет өлген күні - зиялылық та өледі"
Қоғамда журналист мамандарын даярлауға қатысты пікір әрқилы. Жалпы, қазіргі журналистика қалай қарай дамып келеді, оның болашағы туралы не айтуға болады? Осыған қатысты біз көп жылдардан бері журналист мамандарын даярлаумен айналысып келе жатқан белгілі ғалым, ұстаз, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Бекжігіт Сердәлінің пікірлерін білген едік.
– Сіз сан алуан салаларда жетістікке жетіп жүрген азаматсыз. Дегенмен, негізгі мамандығыңыз – журналист. Осы сала бойынша талай түлекті тәрбиеледіңіз. Жалпы, журналистика өнер ме, ғылым ба, әлде кәсіп пе? – Бүгінгі журналистика сан-саланы үйлестіріп қамтитын конвергентті кәсіпке айналды. Мәселен, ол медицинаға да, спорт саласына да, туризмге де, экологияға да, маркетингке де, менеджментке де араласа береді. Қазір жоғары оқу орындарында «Конвергентті журналистика», «Спорт журналистикасы», «Медицина журналистикасы», «Педагогика журналистикасы», «Экология журналистикасы», «ІТ журналистика», «Туризм журналистикасы», «Саяси журналистика» сияқты пәндер оқытылып жүр. Қазір жазуға икемі бар өзге кәсіп иелері «мен блогермін» деп, журналистердің шаруасына араласа беретін болды. Дегенмен, екеуі екі басқа нәрсе. Мәселен, спорт журналистері спорттық жарыстарда комментаторлық репортаждар жүргізгенімен, рингке шығып жұдырықтасып кетпейді ғой. Сахна жүргізушісі болып жүрген әріптестеріміз әнші бола салмайды. Сол сияқты, цифрлық журналистикаға машықтанған медиа маманы компьютерлік графикамен веб-бағдарламалар құрастырып бере алмайды. Әр кәсіп иесінің өз саласына машықтанғанын жөн көреміз. Егер кез келген жазып-сыза алатын адам журналист бола берсе, онда журналистерді 4 жыл бойы оқытып қажеті не? Сол себепті журналистиканы кәсіпке қосар едім. Ал кәсіп өнерсіз, ғылымсыз игерілмейді. Бұл бүгінгі журналистиканың жаңа бір қыры: копирайтингтер, таркетологтар, мобилографтар осы өнер мен ғылымның жемісі. – Бүгінгі журналистиканың бет-бейнесі өзгерді. Тоқсаныншы жылдары журналистерді оқытатын бірер ғана оқу орындары бар еді. Қазір әр аймақтан таба аласыз. Бұл журналистердің тапшылығынан ба, әлде журналистика саласы өтімді ме? Соңғы уақытта «журналист мамандарын арнайы оқытып қажет емес» деген пікірлер көп талқыланады. Осындай қарама-қайшы пікірге не төрелік айтасыз?
– Жоғарыда айттық, журналистика «жаңа медиа» кейпіне енді. Бүгінгі жастар дәстүрлі медиадан гөрі, осы жаңа медиаға – интернет журналистикаға, дата журналистикаға, цифрлық журналистикаға, мобилографияға құмар. Біз оқыған жылдары журналистерді бір ғана ҚазГУ дайындаушы еді, қазір 30-дан астам оқу орындарында журналистика кафедралары мен бөлімдері бар. Кей университеттер журналистерді қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында білім алып жатқан студенттерге қосып оқытып жүр. Бұл журналист боламын деген баланың бір қанатын байлап қойып оқытумен бірдей. Болашақ медиа маманы болғысы келетін білімгер бір ғана салада – коммуникацияда оқытылуы тиіс. Рас, болашақ журналистің стилі, тілі, медиасауаты қалыптасуы үшін тіл мен әдебиет пәндері керек шығар, бірақ журналистерді түбегейлі тіл-әдебиетшілерге қосып оқыту – олардың конвергенттілігін жоғалтады, әрі электронды, цифрлы журналистиканың ең маңызды тұстарын оқытудан шеттетіп алады. Журналистерді университеттерде арнайы даярлаудың қажеттігі дамыған елдердің өзінде баяғыда дәлелденген. Қазір әлемнің қай еліне барсаңыз да, жоғары оқу орындарында медиа, коммуникация бөлімдерінің бар екеніне көз жеткізесіз. Алпауыт ел саналатын Американың өзінде журналистерді арнайы институттарда даярлайды. Батыс Еуропадағы дамыған елдерде де журналист кадрлары толыққанды оқытылатынын көріп жүрміз. Ал «қысқа курстар арқылы журналист дайындап аламыз» деу асығыс шешім. Курстар арқылы БАҚ техникасын үйретуге болар, медиасауат ашуға болар, бірақ білім көкжиегін кеңейту мүмкін емес. Журналист болу үшін теорияны меңгеру аса маңызды. Көп жағдайда осы теориялық білім жетіспегендіктен, журналистер жазу-сызуда қателіктерге ұшырап жатады. Жауапкершілікті сезіне алатындай өзіндік көзқарас, БАҚ әдебі, өзіндік позиция, журналистік зерттеме жүргізу – осының барлығы теориямен келеді.
– Журналист мамандығын университетте төрт жыл бойы тынымсыз оқып, басқа салаға бет бұрып кететіндер көп кездеседі. Сіз бұған не дейсіз?
– Оныңыз рас енді. Бұл жағдай көбіне қыз балаларда кездеседі. Отбасылық тұрмыс, бала тәрбиесіне көңіл бөлу, медиа техникасы мен технологиясына деген менталитеттік қызығушылықтың әлсіздігі – қыз балаларының бұл кәсіпті тастап, басқа салаға ауысып кетуіне әкеліп тірейді. Біз жыл сайын талапкерлер қабылдағанда осы жағын ескергіміз келеді. Өкінішке қарай, ұл балалар шығармашылық мамандықтарға көп әуес емес, амалсыз қыз балаларды көбірек қабылдауға мәжбүр боламыз. Оның үстіне бүгінгі жастар жалақысы көп жұмысқа баруға бейіл. Ал медиа саласында еңбекақы аз. Күні-түні уақытпен санаспай, ақ қар, көк мұзда жұмыс істегенімен, алар жалақысы айлығы мен шайлығына жетпей жатады. Мұғалімдерге жағдай жасағандай, төртінші билік иесі – журналистерге де мемлекет тарапынан мәртебе беріліп, жалақысы бюждет есебінен төленіп, әлеуметтік жағдайлары қарастырылып жатса, әрине басқа салаға бұрылып кетпес еді.
– Бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын реттейтін Ақпарат саласын дамытудың ұлттық жоспары, Қазақстанның Ақпараттық доктринасы бекітілді. Енді «Масс-медиа» туралы» жаңа заң жобасы талқылануда. Осындай заңдар журналистикаға өзгеріс әкеле ала ма?
– Ол жергілікті биліктің осынау заңдар мен нормативтік құжаттарды қалай қабылдауына байланысты. Заң шығады, қаулы қабылданады, айналып келгенде оны жүзеге асыратын – жергілікті билік. Дау-дамаймен тендер ала алмай, кей басылымдар таралымын жоғалтып алып жатқанда, қала не аудан билігі осы кезге дейін құрылтайшылық етіп келген ғасырға жуық тарихы бар аймақтық басылымдар аукцион арқылы жекеге өтіп жатқанда, қандай өзгеріс?! Сатып алған басылымдарының таралымы жұтап, қаржымен қамти алмай; штаты қысқарып, коммуналдық төлемақысын төлей алмай, ғимаратынан айрылып жатқан газеттер де бар. Меніңше, әр аудан-қалада тым болмағанда бір-бір газетті жергілікті биліктің құрылтайшылығына қайта беріп, жергілікті баспасөзді аман алып қалуымыз керек сияқты. Оның таралымын да бақылауда ұстаудың тетіктерін қарастыру керек. Қазір өз еркімен ешкім де баспасөзге жазылмайды. Бір сұхбатымда «Газет оқу – зиялылықтың белгісі!» деп айтып едім. Сол ойымнан әлі де айнымаймын. Газет өлген күні зиялылық та өледі. Зиялының бірі – мұғалім. Олар газетке жазылмаған соң, кімнен ақыл сұраймыз...
– Көпшілік қауым сіздің кәсіби журналист екеніңізден бөлек «Жас жұбайлар», «Неге, неге?», «Ризамын», «Ауыл жатыр той жасап» сынды танымал әндердің әуенін жазған сазгер екеніңізді де біледі. Сізді өз әндері үшін қаламақы алмайды деп естиміз. Бұл қаншалықты рас немесе қаламақыңыз қанша?
– «Қаламақы алмайды емес, қаламақы бермейді екен» деген дұрыс шығар (күледі). Керісінше, жұртқа қаламақы үлестіріп жүрмін. Әніме сөз жазатын ақынға беремін, әнімді сахнада шырқар әншіге беремін, ән өңдеушіге беремін, желіге таратқанға беремін, эфирден көрсеткеніне беремін, концерт өткізетін болсам зал арендасына беремін... Қысқасы, туындыны тудырушыға ешкім қаламақы бермейді екен, керісінше, сол ән арқылы тойдан пайда тауып жүргендер бізден нәпақа тілейді. Әйтпесе, авторлық қоғамға мүшеміз ғой. Олар да танымалдылыққа жұмыс істейді. Әндерімізді шырқап жүрген жұлдыз әншілер барса, үйіп-төгіп гонорар жазады да, бізге келгенде 3-4 мыңмен ғана «жарылқап» алалайды. Танымалдылық демекші, Шымкенттегі Шәмші саябағының тұсынан өткен сайын, композиторлардың аты-жөндері жазылған «жұлдыз-тастарды» көріп, осы өңірдің тумалары, тамаша әндердің авторлары – Исрайыл Сапарбайдың, Мұхтар Шахановтың және менің «жұлдыздарымыз» неге жоқ деп, бір көңілімді босатып аламын. Бұл да сол тұстағы идеология мәселелерімен айналысатын әкім орынбасарының тек танымалдылыққа ғана қызмет етіп, «іріктеу» жүргізуінің бір көрінісі болар деп топшылаймын...
– «Жас жұбайлар» әлі күнге дейін үйлену тойлардың басты әні болып келеді. Осы танымал әніңіздің тарихы туралы айтсаңыз.
– Бұл студенттік кезеңде туған ән. Курстас дос Құлтөлеу үйленетін болды. Той – Қарағандыда, Ақшатауда. Шәкіртақы таусылып, қалтаның түбі қағылған кез, көк тиын қалмаған. «Не болса да, көрейік!», – деген тәуекелшіл көңілмен бір топ қыз-жігіт жартылай билет алып, «Қарағанды, қайдасың?», – деп тартып кеттік. Билеті жоқтар «қоянбыз». Көзге түспей, әр вагонда қашып-пысып, уақыт өткізіп жүрміз. Әр билетке екі адамнан жармасып жүрген қулығымызды жолсерігі құрғырдың жүрегі сезетін сияқты, бірақ жол бойы қанша санаса да, билетсіз адамдардың санына жете алмай-ақ қойды... Содан не керек, пойыз жүйткіп келеді. Әлден уақ қыздарды жас жұбайларға қандай сый тартпағымыз ойлантып, қалтада қапелімде сый алар ақшамыз жоқ, ұнжырғамыз түсе бастады. Мына жағдай көппен бірге менің де жаныма қатты батты. ...Түн. Жүрдек пойыз жүйткіп келеді. Студенттер ұйқыда. Ұйқым келетін емес. Қыздардың манағы «оу, жігіттер, тойға не сый алып барамыз?» деген сұрағы құлағымнан шыңылдап кетер емес. Стол үстінде жол бойы дастарханға айналған «Лениншіл жастың» қиындысы жатыр. Қиындыда – ақ қайыңның астында қол ұстасып тұрған қыз-жігіт. Астында екі шумақ өлең. Авторы көрсетілмеген. «Суретті түсірген Р.Ханалиев» деген жазу ғана бар. Ақ қайыңның төгіліп нұр шашағы, Алаңқайды ақ қанат гүл басады. Алақанға қондырып ақ сезімін, Жас жұбайлар жарасып сырласады. Газет бетіндегі суретте бейнеленген бозбала мен бойжеткеннің сезімдерін дәл көрсетіп, дөп басқан мына жыр жолдарын қайта-қайта оқымау мүмкін емес еді. Ал пойыз вальс ырғағындай тербетіле зымырап келеді. Доңғалақ дүрсілімен ыңылдап едім, жарасымды бір әуен пайда болды. Келе-келе әнге айналды. Жастар вальсіне ұқсайды. «Лениншіл жастың» бетіндегі әлгі екі шумақты домбырама салып, айтып көріп едім, әп-әдемі ән туа кетті. «Жас жұбайлар» деп ат қойдым. Таңертең тойға асығып, көңілдері алабұртып келе жатқан курстастарыма «мынау бір жерден есіткен әнім еді» деп тыңдатып көріп едім, бәріне ұнады. Қайырмасы да жараса кетті. Сендерге әрдайым орын бар – Ақ отау төріне қоныңдар. Ақ тілек – батамыз, мінеки: Бақытты болыңдар, болыңдар! Осылайша, дүниеге «Жас жұбайлар» атты жаңа ән келді. Оны сәлден соң бүкіл вагон, ал Ақшатауда Құлтөлеудің үйлену тойында бүкіл ауыл айтып кетті. Кейін ол жастардың аузынан тастамайтын сүйікті әніне айналды. Көп ұзамай ән сөзін жазған ақын Өтеген Оралбаевты да таптық.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Аида Өтеп