Мұхтар Шерім, журналист, сатирик: «Тілшіде жүрек болуы керек»

Oinet.kz 02-06-2023 2247

Мұхтар Шерім ұзақ жылдары журналистикада тер төккен қаламгер, белгілі сатирик. Тоқсаныншы жылдары тәуелсіз «Барыс» газетінің негізін қалаған. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Шона Смаханұлы атындағы сатира байқауының бас жүлдегері, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреатымен арадағы сұхбат қазіргі журналистиканың, сатираның жай-күйі турасында өрбіді. 

Screenshot_23.jpg

– Журналистика - кәсіп, журналистика - өнер. Журналистика - тағдыр. Ал бұл жолдың тақтайдай тегіс болмайтындығы да шындық. Ол кезде қолына қалам ұстаған тілшілер еңбек жолын аудандық газеттен, корректорлықтан бастайтын. Сіздің шығармашылық жолыңыз қайдан басталды?

– Әкем Жұмаш Түлкібас ауданының тумасы болғанымен, ұзақ жылдар бойы қазіргі Бәйдібек ауданының Қошқарата ауылында қызмет еткен. Ол кезде күн көсемі төрден түспейтін, «партия қайда болса, Жұмекең сонда» деген заман ғой. Ел қатарлы мектеп бітірген соң, аудан орталығы Шаянға анам Бейсенкүлмен қыдырып келе қалайын. Көшенің бойында көне шәпкі кигендей шатыры бар, тапал үйдің есігінің маңдайшасына: «Алғабас аудандық газеті» деп жазылыпты, соған көзім түсіп кетті. Анама қарап: «Шіркін, осы газетке жұмысқа орналасып, осында тілші болсам ғой!», - дедім. Мектепте қабырға газетіне мақалалар, әзілдер жазып тұратынмын. «Несі бар? Қазір-ақ жұмысқа қабылданасың!», - деді анам маған жымия қарап. Әзілі ме десем,  жетектеп, аудандық газеттің бас редакторы, белгілі жазушы Еркінбек Тұрысовтың алдынан бірақ шығарды. Сөйтсем, Ерекеңмен анамның әкелері ағайын екен. Қарындасының көңілін қимады ма, мені бірден жұмысқа қабылдады. «Осы қазірден бастап, жұмысқа кірісе ғой, қалқам!», - дегенде, бозторғай болып, ұшып кете жаздадым. «Тілшімін!» деген мақтаныш сезім кеудемді керіп, бомба сияқты жарылғалы тұр едім. Сөйтсем, корректор етіп қабылдапты. Сонда да, қуанышым басылған жоқ, арада екі ай өткенде сотқалдай тілші болып шыға келдім. Ол кезде сондай заман еді... Тарыдай талантың болса, үрлеп-үрлеп, үлкейтіп, таудай етіп шығаратын. Бір жыл газетте істеп, журналистиканың шақалағы болып жүргенімде, келесі жылы ҚазМу-дің журналистика факультетіне оқуға түстім. Топ старостасы болдым. Әрине, қалғып-мүлгіп отырған жоқпын. Университет газетіне сатираларымды жариялап қана қоймай, өзім бас болып, «Жас толқын» атты қабырға газетін шығарып тұрдық. 

– Кеңестік кезеңдегі газет-журналдарда көптеген айдарлар болды. Бүгінгі жас журналистер фельетон, эссе деген сияқты жауынгер жанрларды білмейді де. Неге? Қазіргі журналистердің бұған қарымы жетпейді ме, әлде оқырман тарапынан сұраныс жоқ па?

– Кеңестік дәуірде журналистиканың кез-келген жанры мен мұндалап, «мені оқышы!» деп тұратын. Көркем сөздің майын тамызатын хас шеберлердің эссе, одан қалды очерктерін бір деммен оқитынбыз. Репортаж деген жанр болатын. Ал, фельетонның жөні бөлек еді ғой. «Оңтүстік Қазақстанда» «Қақпан» сын-сықақ бөлімінде істеп жүргенімде, апта сайын соңғы бетіне фельетон жарияланатын. Тақырыбын тауып қоюға, жанрға жан бітіріп, қышқылды көбірек қосуға, қызықты әдістермен бастауға, өз стилімді қалыптастыруға әуес болдым. «Қақпан» немесе Мұхтар Шерім дегенде, ауданның бірінші хатшыларының өзі сақауланып кететін. Өзімді мақтағаным емес, осып-сойып, іреп-тіреп жазатынмын. Түркістандағы балабақша меңгерушісінің ішіп-жеп қойғаны туралы «Алақаным қыши береді» атты фельетон жазамын деп пәлеге қалғаным бар. Бір күні сотқа шақырды. Сөйтсем, бастық әйел «Менің еш жерім қышымайды, дәлелдеп берсін, дәлелдей алмаса, кешірім сұрасын!», - деп аузы аузына жұқпайды. Судья Б.Т. мырза да солай қарай қисайып тұр. Мен сатирада, оның ішінде фельетонда әсірелеу, гипербола, сарказм болады деп түсіндіре алмай-ақ қойдым. Бірақ, кешірім сұрамадым. «Мен Долбаевпын!», - деген фельетоным да шулы болды. "Оңтүстік Қазақстан" газеті редакциясының кезекті лездемесі өтіп жатқан. Есіктен біреу сығалады. «Бұл кім? Кіріңіз!», - деді бас редактор Әмірсейіт Әлиев. «Мен Долбаевпын!», - деген кейіпкерім кіріп келгені. Жұрт ду күлді. Сөйтсем, фельетоным үшін үстімнен арыз айтуға келіпті. Ақырында, сотқа берді. Тағы да сол Б.Т. мырза, соның сөзін сөйлейді. Дәлел-дәйектемелерімнің бәрі шындықпен суарылған болса да, Долбаев дегенін істеп бақты. Мен газеттен кететін болдым. Бірақ, жолым болып, республикалық «Ара» журналының Оңтүстік облысындағы меншікті тілшісі болып шыға келдім. Фельетондарым аузын айға білеген, «Арада» жиі жариялана бастады. Бір күні көшеде келе жатсам, артымнан біреу «Иуу!» деп ысқырады. Жалт қарасам, кейіпкерім Долбаев! Жақтырмай жүре беріп едім, қуып жетті де: «Сіз кешіріңіз, менің арқамда қызметтен кеткеніңізбен, одан да жоғары қызметке, менің арқамда «Араның» тілшісі болып шықтыңыз. Құтты болсын! Жүріңіз, соны жуып берейін. Рестораннан тамақтанайық!», - дейді. Бетіне қарадым. Шын айтып тұр. Екеуміз ресторанда тамақтандық. Бұрынғы достардай қауқылдасып. Қызық енді. Ол кезде солай еді ғой. Бес-он тиын жеп қойған дүкеншілер сотталып кете жаздайтын. Фельетоннан кейін «кеңкелес» кейіпкерлерім қызметтерінен қуылып жататын. Қазір фельетон жазсаң, қызметі өсіп, министр болып кетеді. Пысқырмайды. Долбаев сияқты артыңнан келіп, ысқырмайды.

– Бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын реттейтін «Масс–медия туралы» заң жобасы жарияланды. Бұл әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, алуан пікірлердің туындауына себеп болды. Осы  жоба туралы сіздің ойыңыз қандай?

– Иә, жобаны оқыдым. «Журналист картасы» ұнады. Шынында, кеңес дәуірінде журналистердің мәртебесі керемет болатын. Журналситерді қошеметпен қарсы алатын. Қазір депутаттар мен министрлер тұра қашатын болды. Сондай-ақ, тілшілердің қоғамдық көліктерде тегін жүріп, мәдени іс-шараларға тегін кіре алатындай болуын құптаймын. Ақпарат алу мәселесі бұрыннан сын көтермейді. Кеңестік дәуірде министрлерден сұхбат алу түгілі, маңайына жолай алмайтынсың. Облыстың бірінші хатшысынан сұхбат алу тек республикалық газет журналдардың жүрек жұтқан бірен-саран журналистерінің ғана қолынан келетін. Сол үрдіс әлі жалғасып келеді. Шенеуніктер сұхбат берсе, шайға шашалып қалатындай, аулақ кетіп қалады. Заң жобасының осыны реттегені әбден дұрыс.

– Тәуелсіз «Барыс» газетінің негізін қаладыңыз. Айтыңызшы, БАҚ шын мәнінде тәуелсіз бола ала ма? Осы басылымды басқарып жүріп, сын мақалаларыңыз үшін соттасқан кездеріңіз болды ма?

– Жоғарыда қалай соттасқанымды айтып кеттім ғой.  Енді соттың алдында қалай кездесу кешімді өткізгенімді айтайын. Тілшіде жүрек болуы керек. Қорқақ журналист  басылымда кешірім сұраумен болады. Бұл басылымның абырайын түсіреді. Журналист тек шындықты жазғанда ғана соттардың қоқан лоққысынан қорғана алады. Айтайын дегенім, «Барыс» газетінде аудандық соттардың былықтары жөнінде жиі жазылды. Ал, бұл облыстық соттың сол кездегі төрағасы, Бәрпібаевқа ұнамай қалса керек. Содан, мені бас редактор ретінде облыстық сотқа шақырды. Ішім сезді, мені шақырып алып, сілкілеп, қорқытып, үркітпек. Бірақ, оқиға басқаша өрбіді. Сотқа жетіп бардым. Арқаланып кеткенмін. Төраға кабинетінің есігін ашып қалсам, ығайлар мен сығайлар жиналып, столды жағалай отырған екен. Төрде төраға. Қабағы қатулы, сәлемі сатулы. Содан мен пақырың не істедім дейсің ғой? Бірден: «Сәлеметсіздер ме, сот мырзалар! Сіздер Қазақстанға белгілі сатирик жазушы Мұхтар Шерімнің шығармашылық кешінде отырсыздар. Сіздерге «Барыс» газетінде жарияланған «Ішім пысып кетті» атты сатирамды оқып берейін», - дедім. «Бір миллионер болыпты. Ақшасы көп екен. Сол миллионер көшеде келе жатып, бір адамның құйрығынан теуіп жібереді. Анау жалт қарап: – Мұныңыз не? Ұялмайсыз ба?, - дейді. – Кешіріңіз, мен миллионер едім. Ақшамды қайда жұмсарымды білмей жүрмін. Сізді бір тепкенім үшін бір миллион теңге беремін!, - деп ақшасын беріпті. Қараса, құйрықтарын тепкізуге кезекке тұра қалғандарда есеп жоқ дейді. Бәрін теуіп, бір миллионнан беріп шығыпты. Бір кезде, полиция инспекторы жетіп келіпті. – Бұл не деген бұзақылық? Не үшін тепкілеп жатырсыз? Бөлімшеге жүріңіз!, - дейді ғой. – Ой, кешіріңіз, мен миллионермін, Ақшамды қайда жұмсарымды білмей жүрмін. Бір тепсем, бір миллион теңге беремін», - дейді ол. – Аа? Солай ма?, - деген полиция еңкейе қалыпты. Құйрығына бір теуіп, бір қолына миллионды ұстатыпты. Сөйтсе, полиция тағы еңкейіп тұр дейді. «Тағы бір тепші, тағы!», - деп қоймайды екен. Бір кезде, прокурор: – Құртамын, жоямын!, - деп келіпті. Оны да, теуіп шығарып салыпты. Артынша, сот келіпті. Облыстық сот төрағасы: – Соттатамын, құртамын!, - деп айқайлапты. Миллионер жағдайды түсіндіріп тұрғанда, ақша құмар сотың да тоңқайып тұр екен. Оны да теуіп-теуіп, миллионер мәз болыпты. Сіздердің алдарыңызда сатирик Мұхтар Шерім. Кездесу осымен аяқталды. Сау болыңыздар!», - дедім де, кабинеттен шығып кеттім. Бәрі тым-тырыс қалды. Бірі үндеген жоқ. Артымнан да ешкім жүгіріп шықпады. Ол кезде солай ма еді, әлде менің мысым басты ма дөп басып айта алмаймын. Бірақ, бұл болған оқиға, шындық. Қазіргі мемлекеттік басылымдар батыл жазбайды. «Қызметімнен қуылып кетемін» деп қорқады. Әкімдерге жалтақтайды. Олай бас редактор болмай-ақ қойдым!

– Сіздің сатиралық шығармаларыңызды «Шаншар», «Алдараспан» әзіл-сықақ театрлары сахналады. Кеңес заманындағы «Тамашаның» белсенді авторы болыпсыз. Бірақ, қазіргі театрлар авторларды көп тартпайды деп жатады. Қаншалықты рас?

– Кеңес кезіндегі «Тамашаның» белсенді авторы болғаным рас. Бір туар әртістер Құдайберген Сұлтанбаев, Мейірман Нұрекеев, Тоқсын Құлыбековтер менің интермедияларымды орындағанда, жандандырып, қимыл, іс-әрекеттерімен түрлендіріп жіберетін еді. Там-тұмдап болса да, қаламақымызды беретін. Ал, қазіргі театрлар қаламақыға келгенде, тырысып, бүрісіп, от үстінде жанып жатқан резеңкедей жиырылып қалады. Сосын, жазғың да келмейді  екен. Ал, олар анекдоттарды өрбітіп, ТМД елдеріндегі сатиралардың өңін айналдыра қазақшаландырып, думандатып жатады. Авторларды іздемейді. Кезінде «Шаншардың» әртістері Уәлибек пен Жүсіпті іздедім, Шәуілдірге шапқылап барып, «Тамаша» театрына ертіп апардым. Бірінші рет республикалық телеарнада ойын көрсетіп, тұсауларын кестім. «Шаншардың» «Шаншар» болып қалыптасуына мұрындық болғаным рас. Олардың жұлдыз болып, театрларын тау шыңына қарай сүйрегендеріне дән ризамын. Оңтүстік өңірі сатираның отаны десе де болады. Не шықса да, Шымкенттен шығады ғой...

– Сіз халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығын алдыңыз. Сыйлық пен марапат шығармашылық адамға қаншалықты күш-қуат береді? 

– Менің пайымдауымда, жазушы үшін ең жоғары атақ - қалың оқырманы. Оқырманы жоқ сатирик қурап қалған қураймен тең. Шүкір, осы атақ, оқырман жағы менде жетерлік. Әрине, «Алаш» сыйлығы да тақияма тар келмейді. Атаққұмар болмасам да, пәленбай жылғы еңбегімнің ескерілгені көңілге қуаныш нұрын себелейді. Шығармашылығым сол бұрынғы қалпында. Атақ, марапатпен «шарықтап, аспанда қалықтап» кету мен үшін маңызды емес.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Аида Өтеп

Шойбек Орынбай, журналист, жазушы: Әр алуан пікірден шындық туады
Бекжігіт Сердәлі, журналист, сазгер: "Газет өлген күні - зиялылық та өледі"
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу