Шойбек Орынбай, журналист, жазушы: Әр алуан пікірден шындық туады

Oinet.kz 24-05-2023 1110

Дүниедегі ең үлкен ерлік – ой ерлігі. Елімізде төрткүл дүниені оймен шарлап, кейінгі ұрпаққа тың туындылары арқылы тәрбие беріп, ерлік жасап жүрген жазушылар аз емес. Солардың бірі баспагер-журналист, жазушы Шойбек Орынбай. Қарымды қалам иесі биыл 70 жасқа толды. Осыған орай, өңірімізде қаламгермен кездесу кештері, сырласу сағаттары өткізіліп келеді. Қарымды шығармашылық иесімен, екінің бірі тісі бата бермейтін тарихи, детективтік тақырыптарға қалам тербеп жүрген жазушымен қазіргі журналистиканың дамуы жөнінде сұхбаттасқан едік. 

Screenshot_9.jpg

- Алдымен мерейлі жетпіс жасыңызбен құтықтаймыз!  Әдетте ақпарат құралдарын төртінші билікке теңеп жатады. Өзіміздің өңіріміздің, яғни Түркістан облысының бұқаралық ақпарат құралдарының қазіргі беталысына көңіліңіз тола ма? Жалпы, жергілікті басылымдар қандай болуы керек?

- Рахмет! Журналистер – барлық қоғамда алдыңғы қатарда жүретін жауынгерлер. Өйткені, қай қоғамның да бетпердесін, кемшілігін, жетістігін, бәрін де тек журналистика саласы ашады. Мерзімді баспасөз, теледидар, радио желілері арқылы барлық ақпарат халыққа жетіп жатады. Біз баспасөзге келген кезде мұндай мүмкіндік өте аз болатын. Өйткені, санаулы ғана газет-журнал болды. Тәуелсіз газеттер мүлде жоқ еді. Бірақ, бұл басылымдардың барлығы кеңестік дәуірдің идеологиясына бағытталды. Дегенмен аратұра сүбелі, қоғамдағы зәу мәселелерді көтерген мақалалар жарық көретін. Бұрынғы баспасөз бен қазіргі баспасөзді салыстыруға келмейді. Ол кезде журналистиканың еркін дамуына кеңестік идеология тұсау болды.  Әркімнің өз ойын ашық айтуға мүмкіндігі болмады. Журналистердің көбі берілген тапсырма бойынша сұхбат жүргізетін. Партия, кәсіподақ, комсомол ұйымдарының жұмыстарын насихаттау басым болды. Қазір, әрине, оң өзгерістер мен жетістіктер бар. Әсіресе, өзіміздің Түркістан облысында салалық газеттер, кейбір тәуелсіз газеттер ашық ойды жазып жүр. Билік басындағыларға сын айта алады. Мұның өзі журналистиканың дамуына жақсы ықпал етеді. 

Халықтан үлкен ешкім жоқ. Ал, халықтың пікірі әр алуан. Әр алуан пікірден шындық туады. Алға қарай даму өріс алады. Бұл салаға келгенде қазіргі жағдайымыз жаман емес. Әрине кемшіліктер де бар. Бәрі  журналистің кәсібилігіне, білімділігіне, ой-өрісіне байланысты. Қоғамдық даму, ұрпақтың болашағын ойлайтын мәселелер аз көтеріледі. Журналистерге өзінің жеке басын ойламай, халықтың, қоғамның мүддесін ойлау керек. Өз басым ұлт болашағына алаңдайтын журналистер аз емес деп есептеймін. 

- Сіз тарихи тақырыптарда біраз дүние жаздыңыз. Төлеби туралы шығармаңызға сериал да түсірілді. Жалпы, қазір тарихи туындыларға сұраныс бар ма? Тарихи тақырыптарға қалам тербеп жүрген журналистерге не айтар едіңіз? 

- Өткенімізді еске алмау өшкеніміз, тарихымызды еске алып отырсақ, ол біздің өскеніміз. Өйткені, ұлттың, мемлекеттің дамуы өткен тарихына байланысты. Тарихыңды білмесең ешнәрсеге терең бойлай алмайсың. Ұлтымыздың ұлы перзенті Қадыр Мырза Әлі ағамыз бұрынырақта ренжіңкіреп «Терең, қалың тарихымыз бар. Бірақ, кітабы өте жұқа» деген еді. Қазір енді ақтаңдақтар ашылып, тарих саласы тереңдей түсті. Оған біз жіті көзқараспен қарауымыз керек. Әркім өзіне керектіні алып, өзінің ыңғайына, көрпесіне қарай тарта берсе, онда бірліктің емес ажыраудың, бір-бірінен алшақтаудың әрекетін жасаған боламыз. 

Жақсылық пен жамандық қағысып келе жатқанда, жақсылықтың жеңіліп қала беретіні рас. Жақсыны жеңіске жеткізіп, алдыға шығару үшін көп еңбек сіңіруге тура келеді. Артымыздан еріп келе жатқан журналистерге айтарым, көбірек іздену қажет. Оқырман журналистерге қатты сенеді. Ол бұрыннан да қалыптасқан нәрсе. Шынында да, журналист өнердің басқа түріне қарағанда алдыңғы қатарда жүретін жауынгер. Олар жазған әрбір мақала – тарихқа айналады. Сондықтан да, кейінгі ұрпақ не алады екен, оқырман қандай ой түйеді екен деген ой елегінен өткізіп жазса, оқырманға тигізетін пайдасы мол болады. 

- Тоқсаныншы жылдары жекеменшік басылымдар көбейді.   Бұл жалпы журналистиканың дамуына қаншалықты өзгеріс алып келді? 

-Тәуелсіздік алғаннан кейін елде криминалды жағдайлар жиіледі. Тіпті, сол криминалды оқиғаларды жазу үшін арнайы газеттер шықты. Мәселен, біздің облысымызда «48 часов» деген газет, тағы да басқа көптеген басылымдар болды. Шындық көп жазылғандықтан оның оқырманы көп болды. Соған байланысты мемлекеттік деңгейде шығатын «Қазақ әдебиеті» сияқты қара шаңырақ газеттердің жанында шытырманды оқиғаларды баяндайтын  шығармалар оқылымды болды. Оқырманның талғамы әртүрлі ғой. Оны әркім әртүрлі түсінді. Кейбіреулер түймедейді түйедей етіп жазды. Керісінше үлкен мәселелерді көтерген мақалалар ескерусіз қалып жатты. Дегенмен қоғамдағы өзекті мәселе журналистикада көрініс тапты. Журналистер тағы да алдыңғы қатарға шықты. Көптеген ойға салатын мақалалар жарияланды. Көрнекті қайраткерлер аренаға шықты. Тарихымызға көбірек үңіле бастадық.  Бүгін журналистикада жеткен жетістігіміз бар болса, ол сол кездегі баспасөздің әралуандылығының арқасы деп қарауымыз керек.  

Біздің жалқаулыққа, еріншектікке бой берген кездеріміз де болды. Көптеген салаларда іске қарағанда сөзді көбірек айттық. Бірте-бірте ісіміз бен сөзіміз теңесіп келе жатыр. Болашақта біздің мемлекет қарыштап алға дамитындығына әбден сенімдімін.   

- Ұлттық идеология туралы әралуан пікір бар. Сіздің ойыңызды білсек. Бұған қазіргі ақпарат құралдары қаншалықты үлес қосып отыр? 

- Бүкіл баспасөзді бақылап отырамын деп айта алмаймын. Теледидарды да көп көрмейтін болдым. Олардың да бағдарламаларының әр түрлі бағыты бар. Бір қуантатыны, сан алуан пікірлер айтылады. Әрқайсысы өзінің ұстанған бағытымен жұмыс істеп жатыр. Әр алуандылық жақсы нәтиже береді. Дегенмен, бұл жерде көрермен мен оқырманның талғамына көбірек байланысты. 

Біздің ұлттық идеологиямыз оқырмандардың, халықтың талғамын дұрыстауға бағытталу керек. Жақында ғана Жазушылардың съезі болды. Соның қарсаңында аты белгілі болған, әдебиеттің төңірегіндегі жастардың өзі «Қазақстан Жазушылар одағының керегі бар ма?» дейтін мәселе көтерді. Бұл өте қате пікір. Өйткені біз тарихымызды жазушылар арқылы жасадық. Солар жазбаса, айтпаса біздің тарихымыздың көлеңке тұстары ашылмас еді. Жазушылар Одағының болмауы - тарихымызға шабуыл жасаумен тең. Әрине, одақ заманға қарай  икемделеді. Мүмкін шет елдегідей түрлі салалар бойынша жұмыс істеуі мүмкін. Бір орталыққа бірікпейтіндей жағдайда  болуы мүмкін. Бірақ, Жазушылар одағы сияқты қарашаңырақ бізге, қазақ ұлтына өте керек. Жалпы, даму мен кедергілер барлық елде, кез-келген салада болады.    

Қазір биліктің баспасөзі және тәуелсіз баспасөз бар. Оның арасында биліктің де сөзін сөйлейтін, әрі тәуелсіз ойды да жеткізетін баспасөз, журналистер бар. Бұдан бөлек әлеумиеттік желінің белсенділері, блогерлер бар. Қазір ақпарат заманы. Бұл заманда оқырманның таным-түсінігі, талғамы қалай? Мәселе соған байланысты. Меніңше, көп оқырман сыңаржақ нәрселерді жақсы көреді. Кейбір журналистер біреуді жамандаса, әсіресе билік басындағыларды сынаса, батыл айтып жатырмын, ешкімнен қорықпаймын, ақиқатты айта аламын деген ойда болады. Әрине, журналист тек ақиқатты айтуы керек. Батылдық та керек. Бірақ, оның халыққа тигізер пайдасын ойлауымыз керек. Кейбір журналистер жеке мүддесін ойлап, билік басындағылар менен аяқ тартса екен деген мақсатқа қарай кетіп қалады. Бірақ, журналистің бәрі сондай деуден аулақпын. Өңірімізде салалық журналистиканың дамуына ат салысып жүрген журналистер жетерлік.

- Биыл Түркістан облысына бес жыл толып отыр. Түркістанға облыс орталығы мәртебесін бергеннен не ұттық? Қалай ойлайсыз?

- Ұтқанымыз өте көп болды. Облыс орталығы болғандықтан биліктің, мәдениеттің, өркениеттің адамдары осында шоғырланады. Белгілі дәрежеде қаржылар бөлінеді. Бұл Түркістан секілді түркі әлеміне белгілі үлкен шаһардың дамуына ықпал етеді. Түркістанымыз еліміздегі туристік орталыққа айналады деген үмітіміз бар. Түркістанның туристік орталыққа айналуы түркі әлемінің алдындағы біздің беделімізді көтереді. Экономикалық, мәдени, тарихи байланыстарымызды нығайтады. Бүкіл түркі түгел болса, төрт құбыламыз түгел болады. 

Біздің тарихымыз да, өркениетіміз де, мәдениетіміз бен әдебиетіміз де Түркістанның төңірегінде өрбиді. Дамуға қарай бет алған Түркістанымыздың келешегі кейінгі ұрпақтың еншісінде. Алдағы уақытта түркі әлемінің нағыз орталығы болатынына сенемін. 

- Ашық әңгімеңізге рахмет, сізге шығармашылық табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан Аида Өтеп

Мұрат Бекей, журналист, ақын: «Журналист болып туылу керек»
Мұхтар Шерім, журналист, сатирик: «Тілшіде жүрек болуы керек»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу