Баян Жандосова: Отбасы құндылықтарын сақтау – дамуымыздың кепілі
Отан – отбасынан басталады деген терең мағыналы ұғым бар. Мемлекет жекелеген отбасынан құралады. Яғни елдің ертеңі де сол отбасынан шыққан әрбір азаматтың еңбегіне, білім-біліктілігіне, отансүйгіштігіне байланысты. Сол себепті де отбасы мәселесі ешқашан күн тәртібінен түспеуі тиіс. Соңғы жылдары қоғамдық жүйенің ауысуы, шетелдік сыртқы әсерлер отбасы құндылықтарына да өз әсерін тигізгені анық. Осы орайда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Республикалық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің Шымкент және Түркістан облысы филиалдарының төрағасы Баян Жандосовамен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Баян Айтбекқызы, алдымен өзіңіз, отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз.
– Өз отбасым жайлы айтып кетер болсам, 3 балам, 4 немерем, 3 шөберем бар. Мен өзім 2 ұлдың ортасында жалғыз қыз болып өстім. Бірақ, келін болып түскен әулетім көпбалалы отбасы болды. Яғни, 12 ағайынды – 8 ұл, 4 қыз. Ата-енем, әжем, әжемнің абысыны сынды 3 ененің, атамның алдына алғашқы келіндері болып келдім. Атамыз өзі ғана жұмыс істеді. Енеміз үй шаруасы мен бала тәрбиесіне көңіл бөлді. 12 бала өмірге әкелген алтынқұрсақты анамыз – «Алтын алқа» иегері. Ол кісілер Ақтөбе, Жаңашалқар қаласының тұрғындары. Мен өзім Талдықорған қаласының қызымын. Мен негізі ата-ене мектебінен толық өттім деп айта аламын. Себебі, ата мен 3 ененің тәрбиесін алдым. Сондықтан да болар, ол жақта мен «генерал келін» деген атақ алдым. Қазір енді ата-енем өмірде жоқ, өкінішке қарай. Алайда, әруақтары риза шығар деп ойлаймын. 2013 жылы біздің әулетіміз «Мерейлі отбасы» конкурсынан 1-орын иеленген болатын. Сонда 12 бала, 35 немере, 25 шөбере болған.
Жолдасым қайтқан кезде өзінің аманаты бар еді мені өз еліме, Шалқарға апарып қойсаңдар деген. Сол аманатын балалар, немерелеріммен орындадық. Елі маған өте риза болды. Күйеуіммен Алматыда бірге оқығанбыз. Отбасымыздағы бір қиын жағдай, 28 жасында балам қайтыс болып кетіп, одан 2 немереміз қалған болатын. Келінімізге 2 жылдан кейін батамызды беріп, өмірін өз қалауы бойынша жалғастыруына рұқсат еттік. Алайда немерелеріміз қолымызда қалды. Жалпы 4 немерем де мектепті «Алтын белігіге» бітірді. Балаларым мен немерелерімнің көбі атасының жолын қуып, заңгер мамандығын иеленді. Осындай уақытша қиындықтар сағымызды сындырмай, қаймағы бұзылмаған, берекелі әулетке айналдық.
– Бүгінде қоғамның назары әлеуметтік, материалдық құндылықтарға ойысып бара жатқандай көрінеді. Қалай болғанда да "Отан – отбасынан басталады" дейміз ғой. Ал отбасы құндылықтары, бала тәрбиесі назардан тыс қалып қояды. Осы туралы не айтасыз?
– Былай қарағанда, отбасы құндылықтарын сақтау, әулет тыныштығын күзету бұл әрине ең алдымен ата-әжеге, ата-анаға, ата-енеге, яғни жалпы үлкен кісілерге байланысты. Отбасы құндылықтарын сақтау– дамуымыздың кепілі. Алдыңғы буынның ұстамы, тәрбиесі қандай болса, олардың бауырынан түлеп ұшқан әр перзенттің бойына сол тәрбие сіңеді деп ойлаймын. Арбаның алдыңғы дөңгелегі қалай қарай жүрсе, артқы дөңгелектері де солай қарай жүреді ғой.
Үйде бір күн ұрыс болса, 40 күн берекесі қашады. 1991 жылы тәуеліздік алғаннан кейін елімізде біраз қиыншылықтар болды. Енді еңбектеген баланың, аяғына нық тұрып, азамат болып кетуіне біршама уақыт керек қой. Сондай жағдай ел басынан өтті. Тәуелсіздік алғаннан кейін, ер-азаматтарымыз жұмыссыз қалып, үйде отырып қалғанда, әйелдер ала дорбасын арқалап отбасын асыраймын деп жұмысқа жегіліп кетті ғой. Міне осы кезеңдерде, кей отбасылар басқа түскен қиындықтарға, әсіресе материалдық жетіспеушіліктерге шыдай алмағандықтан ұрыс-керіс көбейіп кетті деп ойлаймын. Яғни осындай бір кезеңдерде отбасы құндылықтарының бағасын түсіріп алған сияқтымыз.
Сосын бала тәрбиесі демекші, осы жерде ата-аналардың бір қателігі – сол заманда тесттен жоғары балл жинағандар заңгерлікке, шектіктен өткендер педагогикалық институттарға ғана түсетін еді. Кей ата-аналар бала оны қалайтын-қаламайтынын ескермей, бөлініп тұрған мемлекеттік гранттарды пайдаланып, балаларын мұғалімдікке оқыта бастады. Бұл мәселені мен министрліктің алдында да көтергенмін. Жан қалауынсыз педагогиканы оқыған азамат, келесі ұрпаққа не тәрбие бермек? Ол жүздеген бала білімі мен тәрбиесінің жауапкершілігін мойнына алып тұрғанынын жіті түсінбейді де ғой. Мектепте оқу мен тәрбие үнемі бірге жүруі керек. Екеуі егіз ұғым. Тәрбиесіз білім – тұл. Себебі, бала қанша жерден білімді болса да, тәрбиесіз жақсы азамат болып қалыптасуы қиындау.
Қазіргі таңда мұғалімдердің мәртебесі де еңбекақысы да көтеріліп жатыр ғой. Жастар, білікті педагогтар қызметке келіп, бала тәрбиесі мен білімінде ойсырап тұрған олқылықтардың орнын толтыратын болар деп әлі де үміттенеміз.
Яғни, бала тәрбиесіне ең негізгі ықпал отбасы тарапынан болуы тиіс. Екінші мектептегі білікті педагогтар ықпалы. Одан кейін әлеуметтік желілердің бала тәрбиесіне деген ықпалы аса жақсы болып тұрған жоқ. Осы мәселе бойынша Үкімет тарапынан қажетті тосқауылдар қойылуы тиіс деп ойлаймын. Себебі, әлеуметтік желіде бала тәрбиесіне, психологиясына кері әсер ететін (боғауыз сөзі бар) түрлі жазбалар, видеолар жарияланып жатады. Және бала өміріне қауіп төндіретін түрлі челлендждер мен ойындар өріп жүреді. Мысалы, біршама жыл бұрын болған «көк кит» ойынының кесірінен бірталай жасөспірім балаларымыз суицид жасап, көктей үзіліп кетті ғой. Сондықтан да, балаларға интернет желісі фильтрден өтіп қана ұсынылуы керек. Біз осы мәселелерге қоғам болып түгелдей ортақтасып, атсалысуымыз керек.
Содан соң ерте үйлену, ерте жүктілік сынды мәселелердің негізгі түбірі қайда жатыр екен деп ойлайтынмын. Колледждерді тексеріп барған кезде ата-аналардың психологиясы дұрыс емес екен деген ой түйдім. Яғни 9-сыныпты бітірген бала, ол – студент, өсті деп қабылдайды екен де, алып қашып кетіп жатса, қызды қалдырып кете береді екен. 15-16 жастағы қыз балалардың әлі жасөспірім екенін, кәмелетке толмағанын, өз басын өзі алып жүре алатын азамат болып қалыптасып үлгермегенін түсінбейді. Ол қыз бала оң-солын танып үлгермей тұрмысқа шыққан соң, бала сүйеді. Оқуына жарытып көңіл бөле алмайды. Ал оқымаған ата-ана балаға не тәрбие береді?
– Ілгеріде, яғни сіздің замандастарыңыз «ұят болады» деген қағидат немесе түсінік қатаң сақталғанын, ол көп жәйтке төзімділікпен қарауға жетелегенін айтады. Ажырасудың аз болғанын да «ұят болады-мен» байланыстырады. Жалпы бүгінде осы ажырасу мәселесінің көбейіп кетуіне нендей жағдаяттар әсер етуі мүмкін?
– Негізі бүгінде ажырасу жастардың арасында көптеп көрініс табады. Жоғарыда айтып өткен тәуелсіздігімізді алған кезеңдерде туған балалар да қиындықтардың шетін көріп үлгерді. Әке-шешелері ажырасып жатты. Анасы таңның атысы, күннің батысы демей, ала дорбасын арқалап жұмыс істеп жүргесін, балалардың тәрбиесі 2-ші орынға ойысып кетті. Қазіргі таңда сол кезеңде туған балалардың өздері де жас ата-ана болып отыр ғой. Бірақ, «ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілесің» дегендей, ажырасу олар үшін аса таңсық дүние емес болып көрінуі мүмкін.
Бұдан кейінгі мәселе, «тең – теңімен, тезек қабымен» дейді ғой. Әр адам өз теңін адаспай іздеп тапса, ажырасу статистикасы мұншалықты өршіп кетпес пе еді... Біздің қазақта бұрыннан «білген үйден қыз алу», «анасына қарап қызын ал» деген ұғым бар ғой. Қазіргі таңда бұл танымдар да ескі заманның еншісінде қалып кетіп бара жатқандай көрінеді. Оқыған азаматтың оқымаған қызға үйленуі немесе оқыған қыздың оқымаған жігітке тұрмысқа шығуы сынды оқиғалар да бізде өте көп. Ал бір-бірімен білім, парасат деңгейі сәйкес келмейтін ерлі-зайыптылардың ойы, пікірі, көзқарасы бір жерден шыға қоюы қиындау. Енді бұрынырақта қызды еркінен тыс алып қашу мәселесі өте көп еді. Ал қазір бұл қылмыс ретінде есептеліп, айыл жиды ғой. Біреуді біреу мәжбүрлеп үйлендіруі қазіргі таңда біздің қоғамымызда сирек кездеседі.
Одан кейінгі мәселе үлкендердің, яғни жастардың ата-аналарының ортасына түсуі. Егер үлкендер о баста жастарға жол көрсетіп, кейін әр мәселесіне бас сұға бермесе, бір-бірін сүйіп қосылған жастар әрі қарай өз жолын тауып, бақытты отбасы болар еді деп ойлаймын. Құдағи сырласындай, құда құрдасындай болып отырса, жастардың көңілі жай болар ма еді...
Бізде үлкендермен қалай сөйлесу керегін, отбасын жаңа құрғанда жастардың бір-бірін қалай сыйлауы керегін үйрететін институттар бар. АХАЖ-дың өзінде де осы дүниелердің кішігірім оқулары болатын. Президентіміздің Ұлттық құрылтайда айтқан «Толық адам» концепсиясының түп-төркіні де осында жатыр деп ойлаймын.
– Қоғамда күрмеуі шешілмей жүрген мәселенің тағы бірі – отбасындағы зорлық-зомбылық жағдайының көптігі. Осы мәселенің негізгі түбірі қайда жатыр деп ойлайсыз?
– Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық Қазақстан ғана емес, халықаралық күрмеуі шешілмей отырған өте күрделі мәселе. Жыл сайын отбасылық зорлық-зомбылық салдарынан 400-ден астам әйел көз жұмады. Мен қызмет етіп келе жатқан 7 жыл бойы осы статистика еш төмендеген жоқ. Сонда жылына 400 әйел қайтыс болса, 400-ден көп бала анасыз қалады деген сөз ғой. Ал 8000 азамат ата-ана құқығынан айырылған. 12000 ата-ана есепте тұр. Отбасында зорлық-зомбылық көрсеткен әке мен құқығын қорғай алмаған ана балаға не үлгі бере алсын? Ішімдікке, нашақорлыққа салынған талай ата-ана бар. Ата-анасының көзі тірі бола тұра, балалар үйінде өмір сүріп жатқан балаларымыз көп. Бұған кім кінәлі?
Мен өзім Президенттің жанындағы «Іскер әйелдер» отбасы саяси демографиялық комиссия мүшесімін. Осы ұлттық комиссия мүшелері 2 жыл бойы отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы заңды қатайтуды қайта-қайта Мәжіліске ұсынды. Өздеріңіз де білесіздер, 1 шілде күні отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты заңға өзгертулер енгізілді. Президент осы мәселеге байланысты зорлық-зомбылық көрсеткен агрессор азаматтардың қатаң жазасын беруді тапсырды. Бұған амал қарастырмасақ күннен- күнге өршіп бара жатыр.
Жақында ғана Түркістан облысында әйелдерге, мүгедектерге қарсы зорлық-зомбылықтар туралы семинар өтті. Түрлі жағдайларды естіп, төбе шашың тік тұрады. Енді осы қатаңдатылған заң баптарына сүйене отырып, заң аясында дұрыс жұмыстар атқарылса, зорлық-зомбылықтар бірте-бірте азаяды деп сенеміз.
Оның үстіне бүгінде көршілер, таныстар, куәгерлер отбасында біреудің біреуге күш көрсетіп жатқанын көріп-біліп отырып, құқық қорғау органына хабарласпайды. Біреудің біреуге жаны ашымайтыны ма, адамгершіліктің әлсіреуі ме білмедім. Кейін қайғылы жағдай орын алған соң, «қап, естіп едік, көріп едік» деп сандарын соғып отырады. Міне, осындай кезде көз жұмып, салғырт қарамай, жалпы адамзат болып қарсы тұрсақ, қоғамымыз тазарады деп ойлаймын.
Әңгімелескен Сезім МЕРГЕНБАЙ