Мейіржан Жылқыбай: Кибербуллинг ықпалымен суицид көбейіп жатыр

Oinet.kz 06-08-2021 9207

Батыр қоян. Мейіржан  Жылқыбайдың кітабы солай аталады. Бала кезден «қорқақ қоянға» бауыр басқандықтан қызық атау түйіледі. Әр жаратылыстың өзіне дейін болмаған, өзінен кейін болмайтын қасиеті бар. Кейіпкеріміздің фишкасы – еркіндік. Сұхбатымызда балалар психологиясы мен әдебиет гармониясы, түрлі  проблемалар қамтылған.

Screenshot_14.jpg

Мейіржан Жылқыбай, балалар жазушысы

– Балалар әдебиеті  дүниетанымдық тұрғыда өте маңызды сала. Мобильді балаларға арнап туынды дайындау жазушыдан қандай дағдыларды талап етеді?

– Қазіргі таңда балаларға арнап туынды жазу үшін «балаларға не қызық болады?», «балалар не тұтынады?» деген ой мазалайды. 2017 жылы Кореяда кітабым шыққанда сол елдегі балалардың кітапқа деген сұранысы басқа екенін көрдім. Неліктен бізде кітап тұтыну мәдениеті осындай деңгейде емес деп қынжылдым. Менен де өзге адамдар осылай ойлайтын шығар деп іздендім. 

 Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университетінің Қоғамдық мәдениет кафедрасының меңгерушісі Екатерина Асонова осы тақырыпта зерттеу жүргізген екен. Оның балалар әдебиетіне қатысты көптеген ғылыми еңбегі бар . Беларусьтық Андрей Жвалевский, жапониялық Юсуке Енедзу деген балалар әдебиеті жазушыларының зерттеуімен таныстым, диалог құрдым. Түсінгенім – Қазақстандағы аға буын жазушылар балалар әдебиетін мемуар деп ойлайды. Яғни өзінің балалық шағындағы бастан кешкенін жазады. Мобильді балалардың қиялында шек жоқ. Фэнтези, экшн, супер қаһарман, пластиктің ортасында өскен балаға мемуар қызық емес. Жазушылар оқырманға не керек деп жазбайды, соңында «мені ешкім оқымайды» деп ренжиді. Басты проблема – контент тұтыну мәдениетінің дамымай қалуы. Жазушы туындысына бизнес ретінде қараса ғана маркетингті зерттейді. «Балалар you tube-та не қарайды», «неге соны қарайды» деген сауалдарға google trends арқылы да жауап табуға болады. Аналитикалық сервистер арқылы балалар не іздейтінін тауып, зерттеуге болады. Ойыншықтар, мобильді қосымша құрастырушылар, видеоконтент әзірлеушілер осындай әдісті пайдаланады. Әдебиетке де жаңа тренд, тенденцияға ілесу керек. 

– Қоғамда перфекционист  балалар көп. Оның бір ұшы потенциализммен тамырлас. Біз осы бәрін «жетістікпен» бағалап, жетістікке дұрыс емес анықтама беріп жүрген жоқпыз ба? Борхестің «Бәрі де болған саң, ешкім де емессің» шығармасындағыдай өзін іздеп жүрген адамдардың тұлғасын қалыптастырып жүрген жоқпыз ба осы?

– Баланы жетістікпен бағалау – ойландыратын мәселе. Осыған қатысты балаларға арналған психологиялық қысқа проза жазғанмын. Сюжетте перзентінен үлкен жетістік, нәтиже күтетін ата-ананың образы мен баланың жан дүниесін ашуға тырыстым. «Мынау дұрыс» деген амбициясыз, патша көңіл оқырман өзі ақ-қарасын ажырататындай етіп түйіндеуге тырыстым. 

Мен жүрек түкпіріндегі месседжді жеткізе білдім деп ойлаймын. Қазақ радиосында жұмыс істеп жүрген кезде журналист  Дана Нұржігітпен осы тақырып төңірегінде диалог құрдық. Әңгіме арасында баласының қандай курстарға баратыны жөнінде айтып қалды. Мен шығармамды электронды нұсқадан қағаз бетіне шығарып, «Дана апай, қолыңыз босағанда бір оқып шығыңыз»,- деп қолына ұстаттым. Арадан бір апта өткен соң дидарластық. Сөз арасында «шығарманы оқыдыңыз ба?» деп сауал қойдым. Апай «Мейіржан, сен дұрыс айтасың. Мен ойланып қалдым. Баламды біраз курстардан шығарып алдым»,- деп айтты. Біз баланың көңілі қалаған нәрсені емес, өзіміз қалаған нәрсені күтетініміз – ауқымды мәселелердің бірі. 

– Бұрын балалар әдебиеті деген ұғымды «балалардың әлемі» деп түсінетін едім. Кейін ересек кездегі басым проблемалар бала кездегі психикалық жарақаттың көрінісі екені туралы оқыдым. Ата-ана баламен қаншалықты жақсы мәміледе болса да, сыртқы фактордан мәселе туындайды. Мысалы, балалар арасындағы буллинг. Балалар әдебиетінде осы секілді мәселені көтеріп диалог арқылы әңгіме өрбітетін, бала характерін ашатын шығарма бар ма?

– Буллинг пен кибербуллинг ықпалымен кәмелет жасына толмаған жеткіншектер арасында суицид көбейіп жатыр. Қазақ әдебиетінде бала характерін ашатын, буллингке қалай қарсы тұру керегін қамтыған шығарма бар немесе жоқ деп айта алмаймын. Себебі, оны білмеймін.  Кітаптар, шығармаларды шолып тұрамын. Бірақ кез келген оқырман материалдың басынан-ақ автордың жазу машығын бағамдайды. Әзірге ерекше дүние қолыма түскен жоқ. 

Мен балалар әдебиетінен мұндай шығарманы атай алмаймын. Алайда Qlever мобильді қосымшасын айтып өтуге болады. MediaNET ұйымы мен Еуро Одақ қаржыландырады. Сол контентте фактчекинг және кибербуллинг секілді ұғымдарды балаға ойын формасында түсіндіреді. Балаға үйренгені үшін түрлі сыйлықтар береді (сөмке, киім, ноутбук т.б). Мұндағы бір артықшылық – балаға  бәрін телефон немесе ноутбук арқылы үйретіп жатқаны. 

– Өтпелі кезеңдегі балалардың мінезі аумалы-төкпелі келеді. Бізде гармон бөлінісін, өзгерісін, стресс пен депрессия шекарасын тану кенжелеп қалған. Ата-аналар да, балалар да бұл тақырыпты «табу» көреді. Неліктен осы секілді проблемалар балалар әдебиетінде қозғалмайды. Біздің авторлар оқырандарын қаншалықты таниды, қаншалықты зерттейді?

–Балалардың өтпелі кезеңдегі мінезі, жан қалауы тұрақты болмайды. «Мынау ұнайды, мынау ұнамайды» деген стандарттарының ауысуы –маңызды мәселе. Қазір адамдардың бәрі – психолог, бәрі – білуге құмар. Былайша айтқанда «бәрін біледі».  Шын мәнісінде түк білмесе де, айтары бар. Өз ойы бар. Көңіл бөлмейді дегенге келіспеймін. Әр ата-ана,  әр адамның бала тәрбиесі жөнінде түсінігі бар. 

Қазір оқырманымен кездесіп, диалог құрып, маркетинг жүргізіп жатқан авторды білемін деп айта алмаймын. Әлі кезіктірмедім. Менің өзім де ол тақырыптағы танымымды кеңейтуге тырысып жүрмін. Ол нәрсені өзгеше әдіс-тәсілмен істеуге болатынын енді білдім. Сондықтан «авторлар зерттейді», «жазушылар оқырманға керек нәрсені жазып жүр» деп ештеңе айта алмаймын. 

– Егер, қазақ балалар әдебиетіндегі бір кейіпкерге есерткіш қойып, астына жігер беретін фраза жазу мүмкіндігі туындаса, қай кейіпкерді ерекше атап өтер едіңіз?

– Бердібек Соқпақбаевтің Қожасы – танымал  кейіпкер. Дегенмен оған қандай фраза жазу жағы қиындау. Жігер беретін персонажды фольклордан табуға болады. Бірақ ол кейіпкерді балалар танымайды. Сондай бір парадокс бар. 

–  Біздің қоғамда салдары қаншама проблема туындататынын білсек те «науқаншылдық» деген үдеріс өмір сүреді. Балалар әдебиеті жылына бұл үдерістің әсері болды ма? Биыл балалар әдебиетінде құбылыс болар қандай өзгеріс болды деп бағалар едіңіз?

– Мәдениет саласындағы жаңалық пен іс-шараның бәрін қалт жібермеймін деп айта алмаймын. Өзім қатысқан бір жобаны ғана атап өтейін. «Алтын сақа» баспасы 4 айда 100 кітап шығарды. Сол кітаптардың ішінде менің де туындым бар. Оның ерекшелігі – кітаптың ішінде аудио және видеосы бар, қолжетімді бағада. QR код енгізілген. Сол кітаптар балабақшаларға таратылайын деп жатыр. Басқа үдерістерден бейхабармын. Егер селт еткізер  жаңалық болса, еститін едім деп ойлаймын. 

– Кейіпкердің характерін жасауға байланысты көптеген қызықты оқиға бар. Мысалы Алан Милан «Винни-Пух» ертегісіне баласын прототип еткен. Сіздің реал өміріңіз бен «қиял өміріңіздің» шекарасы қаншалықты жақын?

– Менің «Тауға саяхат» деген тырнақалды туындым бар. Шағын бір-бірімен байланысты әңгімелер топтамасы. Сол шығарманы ауруханада ем алып жүріп Алан Миланың «Винни-Пух» шығармасын оқығаннан кейін «неге осы мотивтегі шығарма жазып көрмеске» деген идея негізінде жазған едім. 

«Тауға саяхатта»  бас кейіпкердің прототипі – өзім. Айдар деген бала қораз мақтаншақ, тура менің мектеп оқып жүрген кезімдегідей. Басқа қаһармандардың образын бірге ойнаған балалардың бойынан таптым. Қазір әртүрлі персонаждардың характерін өмірде бар адамдардан жасаймын. 

– Маған Жюль Верннің жазу машығы саяхат жасауға шабыттандыратынымен қызық көрінеді. Сізді іздегенде Инстаграмда  «Жазушы. Технократ.  Сарапшы.  Веб-әзірлеуші»,- деп таныстырыпсыз.  Жаңа дағдыларды үйренуге не жігер береді? Сіздің жазу процесіңіз қалай жүреді?

– «Сарапшы» статусын ақпарат сараптауды назарда ұстап қолданған едім. Веб-әзірлеуші ретінде сайттар мен мобильді қосымшалар жасақтаумен айналысамын. Жаңа дағды емес, бұрыннан  санға, ақпараттық технологияларға жақынмын. Ағаларым да осы салада жұмыс істейді. Қазір өзімнің IT компаниям бар. Маған қайта шығармашылық жаңа дағды іспетті.  Әдебиет – хоббиім. 

Шығармашылық адамдарының көбісі шабыт, муза туралы ұғымдарды айтады. Шығармашылықты адамның бәрі бірдей түсінбейтін нәрсе етіп көрсеткісі келеді. Негізі шабыт – идея. Балаға мына месседжді жеткізу керек деген идея келеді. Сол месседжі жеткізуге сюжет құрып, персонаждар іздеп белгілі алгоритммен жазамын. Жазу процесін абстрактілі деп айта алмаймын. Мысалы, күректі ойлап табатын адам нақты күрек ойлап табатынын білген жоқ қой. Туындаған қажжеттілікті өтеуге қандай шешім мен таңдау жасай алатынын адам сараптайды. Мен солай жазамын. 

– Жақында кітап сатылымына байланысты сыни  жазбаңызды оқып едім. «Тауға саяхат» «Kitap. Kz»  ашық кітапханасында қолжетімді болуы қаншалықты ұтымды шешім?

– Бұл тақырыпта екі мәселені қарастыруымыз керек. Біріншіден, мен әдебиетке күнкөріс қамы деп қарамаймын. Өзіме қажет қаражатты IT саласынан табамын. Әдебиеттен керемет ақша тауып көрген емеспін. Керісінше әдебиетке инвестиция салып, ақшамды жаратып жүрмін. Кітап шығаруға, иллюстраторға ақысын өзім төлеймін. Кітап сату ісінде өз бағасынан сәл ғана асырып, оқырманға қолжетімді етуге тырысып жүрмін. Әдеби ауқымда ұтып яки ұтылып жатырмын деп ойламаймын. Автор үшін туындының тағдыры көппен бірге болғаны дұрыс. 

Екінші пункті айту үшін тарихқа жүгінген жөн. Екінші Дүниежүзілік соғысқа дейін кітап индустриясында мұқабасы жұқа кітап шығару  ұтымды жаңалық болды. Бұрын тек мұқабасы қатты кітаптар сатылымда болған. Мұқабаның жұқаруы кітап құнын 10 есе арзандатады. Сол кезде жазушылардың бәрі жаңа тенденцияға қарсы шықты. Тіпті ағылшын публицисі Джордж Оруэлл : « Баспалардың сараптау қабілеті болса, мұқабасы жұқа кітаптан бас тартуы керек» деген сөзі бар. Кітаптың құны түскенмен жазушылар қаламақыдан қағылып қалған жоқ. Қайта кітаптың сатылымы көбейіп, қаржы айналымын теңестірді.  Айналымдағы ақша азаюдың орнына көбейіп кетті. 

Электронды кітаптар қарақшылық жолмен яғни  авторлық құқықтан тыс тарауы ықтимал. Осы тектес факторды – маркетинг шығыны деп қана қабылдаған дұрыс шығар. Тегін немесе сатып алып оқуды оқырман еркіне қалдырдық. Бұл жағдайды қоғамда есім қалыптастырып, танылуға септігін тигізер деп қана бағалаймын. «Танымал жазушымын» деп айта алмаймын. Ұтылдым деп емес, ұтып жүрмін деп ойлаймын. Сөзімнің қаншалықты қисынды екенін уақыт көрсетеді. 

Әңгімелескен Балерке ӘСІЛХАН

Ақан МЕРГЕМБАЙ, отбасылық кеңесші: Кездейсоқ таңдаудан кездейсоқ проблемалар туындайды
Серікбол Хасан: «Балалар әдебиеті жылы» министрлік аясында ғана аталып жатыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу