Ақұштап Бақтыгереева: «Пәренжі жамылған қазақ қызын көрсем, бетінен жұлып алғым келеді»
– Ақұштап апай, қай заманда да ақын деген қоғамның барометрі, тура жол нұсқайтын темірқазығы болды емес пе? Сіз Алаштың арқа тұтар ақын қыздарының бірісіз және көңілшектікке салмай, бетке айтар өткір мінезіңіз бар. Ендеше, сіз дәл бүгінгі қоғамға қандай баға берер едіңіз? Қандай диагноз қояр едіңіз?
– Қай ғасырда да, қай қоғамда да талантпен кім санасып еді? Өкінішке қарай, кейінгі кезде біз қоғамға ықпал етуден қалдық. Біздің тыңдап жатқан жан баласы жоқ. Ақша тапқыш пысықтар өз бағытына кетті. Ар-ождан мен ақыл-ой таразыға түскенде екінші жағындағы ақша басып кетті ғой. Интеллигенция жайына қалды. Содан біздің сөзімізді жүре тыңдайтын болды қалтасы қалыңдар. Әйтпесе бізден, қаламгерлерден сұраса, жастарымызды бүгінгі вахабизмге жібермес едік қой. Біз бүгінгідей, адамгершілікті таптап өтіп жатқандарға жол бермеу үшін күресер едік. Қаламды бізге Жаратушы иеміз сол үшін ұстатып еді ғой.
Біз бүгінде болып жатқанның бәрін көріп және бәріне көніп отырмыз. Неге? Өйткені бізге бәрінен бұрын Ұлы даланың егемендігі қымбат болды. Зарығып күткен еркіндік нығайсыншы деп, көп нәрсеге көз жұма қарадық. Біз егемендікпен бірге ата салттың, ұлттық дәстүрдің қайта тірілгеніне жұбандық. Әйтпесе айта берсек, жаманатты боламыз ба дедік. Қанағатсыз адамдай болып көрінбейік дедік. Шыдайық дедік. Бірақ қарап отырсақ, бүгінде жастардың тәрбиесін бетімен жіберіп алыппыз. Әлемнің оқыту методикасын әкелеміз деген желеумен бүтін қалыптасқан салт-дәстүрімізді бұзып алыппыз. Әйтеуір, тіл білсе болды деп, соған риза болдық. Бірақ бүгінде сол тіл білгендер қазақтың тілін қадірлеп жатыр ма? Басқаны былай қойғанда, қалам ұстаған, микрофон ұстаған тілшілердің өзі қазақ тілінің заңдылықтарын белшеден басып, экранның ар жағынан «отырқ», «жатырқ» деп сөйлейді. Сөйлем құрай алмайтын адам халықтың алдында бағдарлама жүргізеді. Бүгінде теледидардан біз көретін парасатты әңгіме қалған жоқ. Бәрі селкілдеп ән салады, ал ол әннің мазмұны жоқ, ол әннің жүрек тербейтін әуені жоқ.
– Осыған не себеп? Біз қай тұстан қателік жібердік?
– Меніңше, барлығы еліктеуден басталды. Сонда «тәйт, мына Ұлы даланың салты, ата бабаның анты бар еді ғой» деп бір адам айтқан жоқ.
– Яғни қазақ болу сәннен қалды дейсіз ғой?
– Қазақ болу сәннен қалды. Ал қазақ болмаған жерде біз ешкім емеспіз. Ешкім бізге Абай заманының күпісін ки деп жатқан жоқ. Бірақ еркіндіктің жөні осы екен деп, көрінген көшке ерудің де жөні жоқ. Даланың өз салты бар. Бүгінгі жастар қазақтың тарихын бір ашып көрсінші, қай ғасырдың тарихында қазақ әйелін сабап, бес-алты баласымен далаға қуып шығып еді?! Қай ғасырда қазақ анасын керек қылмай тастап еді? Қазақтың қызы қашан оратылған көйлек киіп, қара жамылып жүріп еді? Тарихымыздан сондай бір суретті, бір жазбаны тауып көрсетіңізші маған... Ғасырлар бойы жырауларымыз қазақ қызын үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек киген деп суреттеді емес пе?!. Міне, сондағы Ұлы даланың еркіндігі мен еркелігі қайда? Жүйрікке мініп, жігітке жеткізбейтін қыздарым қайда? Неге олар мынадай еркіндік ғасырында таяқ жейді? Ұлы даланың ар-намысы қайда? Бүгінде әлем аяқ тартатын Қытай секілді алып империяның өзі кезінде біздің аталарымыздан қорқып, Ұлы даладан сақтар мен ғұндар келіп қалады ғой деп, ұлы қорған тұрғызды емес пе? Ресей де бізден қорқып, биік қорған салды емес пе? Орынбордан ассаңыз, әлі ізі жатыр соның... Сол сақтар мен ғұндардан шыққан батырлардың ұрпағы қайда қазір? Сол батырдың ұрпағы қысқа шалбар киген, қаба сақалды, өз діні мен салтын білмейтін вахабизмге еріп кеткен жігіттер ме? Мен солардан тіпті жиіркенемін. Анасынан безіп, әкесіне «сен мұсылман емессің» деп, қол үзіп кеткен, салтынан безіп, «біз мәйітті былай көмеміз» деп, аруақпен алысқан мұндай ұрпақты Ұлы даланың бабалары армандаған жоқ қой. Осының бәрінен айырылғанда біздің қаламымыздан қандай қуаныш жыры тууы мүмкін?!. Тумайды. Жүрегіміз жаралы біздің, ақындардың. Амал жоқ, бір нәрсе жазып жүрген сыңайдамыз. Мына нарық ақындарын жалдамалы тамадаға айналдырып жіберді.
Кезінде Зейнолла Қабдоловтай ұстазымыз «Әдебиет – ардың ісі, оның табалдырығын тазалықпен аттаңдар» деп айтып еді.
Әдебиет ардың ісі болмай қалды-ау, жан аға,
Поэзия айтыс болып сіңіп жатыр санаға.
Ақын деген Тәңірінің сүйіп берген ұлы емес,
Ақшалының тойындағы сайқымазақ, тамада,
Әдебиет ардың ісі болмай қалды-ау, жан аға, – деп жырлап отырмын өз басым бүгінде.
– Мына қоғамның диагнозын тура қойып тұрсыз ғой...
– Енді ше? Мен басқаша айта алмаймын. Әрине, алты тілде антологиямыз шықты, әлем кітапханасына таралды, оған рақмет. Ол да керек дүние. Оған қуанайық, себебі ол егемендіктің арқасы. Бірақ елімде одан басқа не болып жатыр? Неге бүгінде қанағат деген сөз айтылмайтын болып кетті? Ол сөз тіпті біздің лексиконымыздан да түсіп қалды ғой. Неге арыстай азаматтарымыз ақшаға құнығады? Неге олар бірінен кейін бірі жемқорлықпен түрмеге түседі? Ұлы даланың арын ойламай ма? Ата- бабамыздың киелі санап, «денемді туған жеріме қойыңдар» дейтін сүйемдей жерді қастерлейтін кім қалды қазір? Неге оның байлығын сатып, өзі шетелде балқып, шалқып жүреді? Тойханаға барып той тойлағанша, баланы оқытуға жұмсау керек сол ақшаны. Ұрпақ сауатты болуы керек еді ғой.
Ал бүгінде бізде он бір жыл оқып, мектеп бітірген ұл мен қыз өзінің атасы мен бабасының өмірбаянын жазып бере алмайды. Оны қоя беріңіз, жұмысқа арыз жазып кіре алмайды ғой. Мен осының бәрін көзбен көріп отырған соң айтамын. Оларға өзім күнде сабақ беріп жүрмін. Сонда біз оларға не оқытып жүрміз? Кімді алдап жүрміз? Міне, бүгін бәрінің беті ашылды. Мына коронавирус көп нәрсеге көзімізді ашып берді. Ауыл балалары сабақ оқи алмай отыр. Себебі ауылға интернет жетпеген. Олар түгіл, менің қалада тұратын немерелерім интернет жоқ деп шырылдағанда, солармен бірге бүкіл үй іші жынданып кете жаздаймыз. Сонда осы мәселені жолға қоюға, ауыл-ауылды үздіксіз істейтін интернетпен қамтуға шамамыз келмей ме?
Бір байқағаным, менің бала кезімде қойылған бағандар әлі күнге дейін ауыстырылмаған. Ескі, шіріп құлағалы тұр. Неге оны ешкім ойламайды? Неге бұл дала иесіз қалды? Сол бағанды жаңалауға шамамыз жетеді ғой. Онда неге жаңармайды? Ауыл түгіл, облыс орталығында интернет неге ұйықтап қалады мына ғасырда? Осы түрімізбен дамыған елдердің қатарына қалай қосылмақпыз? Айта берсек, ана ретінде менің жүрегімді ауыртатын нәрсе көп. Бірақ тыныштық болсыншы, еліміз тату болсыншы деп, ұрпақтың амандығы үшін көп жерде үндемей қоя саламын. Жүрек жаралы, көңіл алаң. Сондықтан айтқымыз келгенді айта алмай, аузымызды жауып отырған жайымыз бар.
– Ақұштап апай, кезінде Ғабит Мүсірепов «Әр қазақ ең кемі екі ақыл айтады, егер де сол ақылының ең құрығанда біреуін өзі істесе, әлдеқашан ел болып кетер еді» деген еді. Ол кезде қайта ақыл тегін еді ғой. Ал бүгінде ақылын тегін емес, ақыға сатып беретіндер көбейген. Бір қызығы, соларға бас шұлғитындар көп. Осы нені білдіреді? Сіздерді, яғни зиялы қауымды ығыстырып шығарған, сіздердің орындарыңызды басып алған солар емес пе? Сіз қалай ойлайсыз?
– Қазір ешқандай аты-жөні таныс емес, өздері де шала сауатты адамдар интернеттен бірдеңені оқып алып, соны елге үйретіп жүр. Әр жерде әңгіме өткізіп жатады. Көзіміз көріп жүр. Кейде арасында тыңдап та тұрамын. «Осылар не айтып жатыр елге?» деген оймен. Бірақ соңына дейін шыдай алмаймын, шығып кетемін. Себебі, Құдай біледі, сөйлеп тұрған адамның сөйлемін өзге түгіл, өзі түсінбейтін шығар. Мен тіпті солардың өзінің білімі өз басын алып жүруіне жететініне күмәнім бар. Әйтеуір, «аңқау елге арамза молда» дегендей, олардың көздегені ақша табу. Бір жағынан, оларды басқа шығарып, төске өрлеткен идеологияның жоқтығы. Бұрын орталықтан құрылған идеология бекіткен баяндама оқитын лекторлар болатын. Олар халыққа шыға алатын, білімі толысқан ұстаздар, кәдімгі бір саланың ғалымдары болатын. Ал енді бүгін... Сірә, «Бас басына би болған өңкей қиқым, Мінекей, бұзған жоқ па елдің сиқын», – деп Абай кезінде осындайлар жөнінде айтқан-ау, шамасы. Абайды қайта оқуымыз керек. Оның ұлылығы да осында, ол қай заманда да өзектілігін жоймайды. Бірақ біз Абайды дұрыс оқыта алмай жүрміз бе деп қорқамын.
– Биыл Абайдың 175 жылдық мерейтойында жаппай челендж өтіп жатыр, оқылып жатыр емес пе?
– Жоқ, Абайдың екі ауыз сөзін жаттап айту оны түсіну деген сөз емес. Бір той өткізіп, бір өлеңін оқу Абайға насихат бола алмайды. Абайдың ұлылығы да, ұмытылмайтыны да сонда – ол өте терең әрі әр жаста әртүрлі ой қалдырады. Яғни Абайды оқу деген – оны өмір бойы оқып, терең ақылмен бойға сіңіру деген сөз. Ұлт болудың ең негізгі басы – білім. Ал біз білімнен гөрі ақшаны жоғары қойып, жаппай саудаға көшіп кеттік. Бәрі ақша үшін. Бүгінгі жастар ақшаға бәрін сатып алуға болады деп ойлайды. Ең бір қасиет тұтар құндылығымыз тіл мен ата-бабамыздың сенімі еді. Тілдің жайы анадай, өзге тілде сайрағанымен, өз тілін білмейтіндер көп. Ал дінде шала сауатты молдалар көбейіп кетті. Мешітке бір кіріп шығады да, сонымен Құдайды алдайды. Осының бәрі дұрыс емес қой, шырағым. Ендігі үмітіміз өсіп келе жатқан ұрпақта. Солар дұрыс білім алса, солар шала сауатты емес, нағыз білімді болса, солар ақшадан гөрі адалдықты биік ұстаса... Ол үшін әр отбасы, әр ата-ана өз ұрпағын дұрыс тәрбиелеуі керек. Әйтпесе бүгінде ақыны мен жазушысын оқып, оларды тыңдап жатқан адам жоқ. Ақын сөзі тегін айтылмайды. Оған бір құдірет айтқызады. Ал, бірақ, оның қадірін біліп отырған жан баласы жоқ. Сол құрметтің жоқтығынан әркім өзіне би, өзіне қожа.
– Сіздің жас күніңіздегі жастар қандай еді? Олар нені аңсайтын? Неге ұмтылатын? Қазіргі жастарда не жетіспейді?
– Менің жас күнімдегі жастар: Әбіш Кекілбай, Мұхтар Мағауин, Фариза Оңғарсыновалар. Халық оларды осы күнге дейін неге жақсы көреді? Олардың өмірге деген адалдығы, бойындағы тазалық пен құштарлығын сезетін болса керек. Бізден үлкен буыннан Мәлік Ғабдуллин, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқановтар, оған дейінгі Майлиндерді алсақ, олардың бар көздегені ұлт мүддесі болды. Оларда жеке бас мүддесі деген болған жоқ. Олар мөлдір, таза болды. Соғыстан кейінгі ұрпақтың бар арманы тыныштық пен сыйластық болды. Біз үстіміздегі бір көйлекті адал еңбегімізбен тапқанымызға қуанатынбыз. Біз біреудің артық бір нәрсесінен пайда көруден аулақ болдық. Біз адалдық пен адамдықты бәрінен жоғары қойдық. Біздің арманымыз Қазақ еліне еңбек ету, соның әніне ән қосу, үніне үн қосу болды. Менің әлі күнге күйттегенім – сол мақсат, тым құрыса қазағымның бір қызына «тәйт деп айтайын», «ана болыңдар деп айтайын» деген ұстаным. Біздің кезімізде ақындардың кез келген әнінің туған жерді сүюге әсері болды. Оның үстіне әжелеріміз де «адал бол, ұлттың бетіне кір келтірмейтін қыз бол» дегенді тәй-тәй басқаннан бастап, өздері өле-өлгенше айтып отырды. Міне, біз бүгінде осындай ұлттық тәрбиеден қол үзіп қалдық. Сол кез бен бұл кездің адамдарының айырмашылығы осында деп ойлаймын.
– Иә, кейісіңіз орынды. Алайда күллі әлемді бір-ақ сәтте үйге қуып тыққан пандемия әркімге өз орнын көрсетіп берген сияқты. Адамзат баласы індеттен жазылудың жолын іздеп шарқ ұрғанда, әр қазақтың көкейінде «әттеген-ай, біз шоу-бизнесті дамытқанша, неге медицинаны, ғылымды дамытпадық екен?!» деген ой туғаны жасырын емес. Ендеше, осы жағдайдан кейін әлем қаншалықты өзгереді деп ойлайсыз? Қоғам өз құндылықтарын қайта саралайды деп сенесіз бе?
– Меніңше, енді үкімет те, адамдардың өздері де ойлануы керек. Солай ететін шығар. Селкілдей беру, адамды алдап ақша табу, оның бәрі өткінші екенін сезінген шығар. Болмаса бір ұлы күш бар екенін білді. Сол ұлы күш адамдар шектен тыс есіріп кеткенде, бір жағынан, топан су ағызып, екінші жағынан індет жіберіп жатқан жоқ па? Негізі, бір ұлы күш Ұлы даланың жүрегінде бұрыннан болған. Қазақтың қай ғасырдан бері келе жатқан мұсылмандығы бөлек қой. Біздің қазақ қай заманда да адамды сыйлау, қарғыс алмау, алғыс алу деген ұлы принциппен өмір сүреді емес пе?! Ұлы даланың қарапайым молдасының өзі өте сауатты еді. Молда дегенді біздің қазақ қатты құрметтеді. Бұрын ауылдағы бір молда қазіргі қалалардағы шетелден оқып келген имамдардан мінездері де, өзін-өзі ұстаулары да мүлдем бөлек болатын. Мүмкін, ренжір, мүмкін ренжімес, бірақ маған қазіргі заманауи имамдар арабтан шала алып келген дүниелерін қазаққа шала күйінде таңып жатқан сияқты көрінеді. Ұлы даланың Құдайы – әр адамның жүрегінде, бесігінен берілетін үйдегі тәрбиеде. Міне, бізге сол жетіп жатыр. Ал енді бүгін вахабизмге қосылып, пәренжі жамылған қазақ қыздарын көргенде, бетінен жұлып алғым келеді. Себебі оның артында кім тұрғанын кім білсін? Сол ағымға еріп, олардың жеткен жері терроризм болып жатқан жоқ па? Өйткені олар ұлттық тәрбиеден айырылды.
– Ұлтсызданудың үлгісі десеңізші...
– Иә, тап солай. Мұның басында кім отырса да, қыздарымызды бұзу арқылы халқымызды ұлтсыздандыруды көксеп отыр. Мен бұны ұлтқа қарсы жасалған қастандық дер едім. Мұнымен күреске бел шеше, білек сыбана кіріспесек, енді тоқтау жоқ па деп қорқамын. Әсіресе батыста дүмшелер ойран салып жүр. Егер осылай кете берсе, онда біз көп ұзамай ұрпақтан айырыламыз. Бірақ бір үмітім бар – біз, қазақ, құлап барып, сүрініп барып, қайта бойымызды тіктейтін халықпыз ғой, осы жолы да солай болатын шығар. Бәрін дұрыстаймыз десек, бізде әлі де мүмкіндік бар. Себебі біз еркін де егемен елміз. Ешкім бізге «өйт, бүйт» деп әмірін жүргізе алмайды. Өзімізге өзіміз биміз. Тек ол үшін бізге сауатты ұлттық тәрбие керек. Ол үшін бізге бойында ар-ұяты жоғары, кәдімгі Абайды оқып өскен парасатты азаматтар керек. Бастысы, бізге елмен сөйлесе алатын интеллигенция, елмен сөйлесе алатын әкімдер керек. Халықпен ашық-жарқын сөйлесе алатын жүрегі таза, сөзге шебер, оқығаны мол басшылар керек. Халыққа кекірейе қарайтын, шіренген шенеуніктер емес. Біз «басшыға бағын» дегенді ұстанатын елміз. Сондықтан бізге дұрыс басшы керек. Ал бағынбаудан әр есікке жүгіріп баратын, «Нұр Отанның» есігін қирататын әйелдер шығады. Алайда біз бетпақтықпен ештеңе өндіре алмаймыз, ешқайда бара алмаймыз. Әрбір іске парасатпен келу керек. Осы елде өмір сүретін әр адам оның дамуына өз үлесін қосуы керек.
– Әркім өз орнында болуы керек дейсіз ғой?
– Иә, әркім өз орнында болуы керек. Әркім өз парқынша өмір сүруі тиіс. Сен жұмыс істеуге жаралдың ба – жұмысыңды жақсылап істе. Қолыңнан тек күрек ұстау келе ме, ендеше, соны дұрыстап ұста. Сен бағбансың ба – онда бақшаңды жайқалт. Құрылысшысың ба – үйіңді үп еткен желден шатыры ұшып кетпейтіндей етіп мықтап жаса. Ісіңді шала жасауға Құдайдан қорық, адамнан ұял! Сонда ғана бәрі дұрыс болады. Егер қолыңнан құрылыс келмей ме, онда барма, ешкімнің обалына қалма. Етігіңді тігесің бе, егісіңді егесің бе, әйтеуір, қолыңнан шын келетін істі жаса. Ешкімге қиянат жасама. Осының бәрі біздің ұлттық тәрбиемізде бар нәрселер, негізі. Тек біз содан қол үзіп қалдық. Оны керек етпей қойдық. Шетелдікі таңсық болды. Ал нәтижесі қайсы? Нәтижесі – ұрпақ сауатсыз, ерме. Отанын сүйетіндер аз. Бұл – бір. Екіншіден, ел басында отырғандарға жармаса беру, оңды-солды өсек соғу – болмайтын елдің ісі. Сосын, мына желідегі ұсақ өсектермен деңгейді түсірмеу керек. Оқу керек. Білім іздеу керек. Елдікті бүтін ел болып ойлау керек. Ұрпақты сауатты етіп шығару керек. Ақылы жоғары оқу орындары мен сатылған дипломдар елімізде көп нәрсенің бетін ашып берді. Ол өз нәтижесін берді: ұрпақ сауатсыз болып өсті. Тіпті арыз жазып, жұмысқа тұра алмаған соң, басқасын қоя салайық.
– Қатты айтсаңыз да, қазаққа жаныңыз ашып айттыңыз. Әңгімеміз әзірге таусылмайтын секілді. Бәлкім, кейін тағы оралармыз. Әзірге осы жерден түйіндесек. Тұшымды әңгімеңізге көп рақмет. Аман болыңыз!
Әңгімелескен Мәриям ӘБСАТТАР
Дереккөз: "Жас Алаш" газеті