Момбек Әбдәкімұлы: «Ашаршылық қазақтың жалқаулығынан болды» деген қате пікір»

Oinet.kz 31-05-2020 3778

Screenshot_1.jpg

-1931-32 жылғы ашаршылық зерттеушілердің тісі бата бермейтін  кезең. Өте көп зерттеуді, ізденуді қажет етеді. Бұл тақырыпқа қай кезде келдіңіз?

-Бала кезден үлкендердің ашаршылық туралы айтқан естеліктерін естіп өстік.  Қызылордалық бір әжейдің айтқаны әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Зобалаң жылдары 3-4 жастағы және емізулі тағы бір қызын арқалап, Қызылордадағы базарда қайыр сұрап жүреді екен. Ол кезде қаланың бәрі өзге ұлттың өкілдері. Нан сұрап келген қазақтарды қуалап жібереді. Милиция, өкімет адамдарының бәрі солардың сөзін сөйлейді. Қазақтарды мал құрлы көрмеген заман ғой. Ашаршылықтан ақыры аяғы өлетін болған соң бейшара әйел үлкен қызын тастап кетпек болған. Басындағы әдемі орамалын қызының басына байлап, базар ішіндегі қалтарыста адастырып кетіпті.  «Анандай жерге барып «бұл не істер екен» деп қарап тұрдым. Қызым «апалап» ары бері жүгірді де бір кезде отыра қалып, «апа, апа, мына әйи  орамалды бөпенің байлап кетсеңізші, ол жаурайды ғой» деп жылады. Бірақ қолдан келер қайран жоқ еді,-деп әжейдің кемсеңдегені әлі күнге есімнен кетпейді. Арада 2-3 жыл өтіп, халықтың қарны тоя бастаған кезде әлгі әйел Қызылорданы аралап қызын іздегенімен таба алмапты. Адамның жүрегіне ауыр тиетін осындай естеліктерден кейін «қазақ мұндай апатқа қалай ұрынды, анасы туған перзентінен безетіндей, пойыздың астына тастап жіберердей бұл неғылған сұмдық,  неге ресми тарих ол туралы жақ ашпайды?» деген ой мазалайтын. Сексен төртінші жылы Саудакентте жүренімде бір ақсақал жөн сұрады. Қазығұрт ауданы Атбұлақ ауылынан екенімді естігенде құшақтап, өкіріп жылады. Ашаршылық жылдары салынып, құрылысы аяқталмай қалған  Шымкент пен Ташкенттің арасын жалғайтын төте темір жол Атбұлақ арқылы өткен. Сонау Сарысу жерінен ашаршылықта тентіреп келген ақсақал сол жерде жұмыс істеп, жан баққан екен. Осы темір жолда мыңдаған қазақтар бір күндік тамақ үшін еңбек еткен. Оның ішінде өзімнің әкем де бар. Ашаршылық жылдары әкемнің әпкесі қыстың күні боранда Қазығұрт асуынан асып, әулиенің сағанасына түнеген екен. Сол жылдары қасқыр көбейген. Аш бөрілер онсыз да әл-дәрмені жоқ адамның соңына түседі екен. Түнде қасқырлар сағананы паналап отырған әпкеміздің үш баласын жеп кетіпті. Ашаршылық тақырыбындағы ізденістер міне,  адамды қан жылататын осындай естеліктермен өрілген. 

- Сіздің ашаршылық туралы жазылған «Зобалаң» тарихи шығармаңызға осы Шымкент-Ташкент төте темір жолының құрылысы арқау болған. Бұл құрылыс неге аяқталмай қалды?

-Темір жол 1927 жылы РФСР халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарып жүрген Тұрар Рысқұловтың бастамасымен жоспарланған. Рысқұлов оны 1922-24 жылдары Түркістан республикасын басқарып жүрген кезде қолға алған. Шымкент-Ташкент төтен темір жолын Түркісібтің бір тармағы ретінде салу көзделген.  Темір жол 1931 жылы басталып, 1934 жылы аяқталуы тиіс еді. Жоспар бойынша шойын жол Шымкенттің іргесінен басталып, Қазығұрт тауының етегіне қарай тартады. Жаңаталап, Жарбастау, Атбұлақ ауылдарын кесіп өтіп, одан әрі Ташкентке дейінгі жазық даланы қуалап, Өзбекстан шекарасындағы Көктерекке барып тіреледі. Одан әрі Ташкентке дейін жалғау Өзбекстан өкіметіне тиесілі болған. Ақсақалдар бертінге дейін осы құрылыс басталар кезде  Рысқұловтың ауылдарды аралап, жергілікті халыққа осы темір жолдың маңызын түсіндіргенін айтып жүретін. Шымкент-Ташкент темір жолы басталғанымен, аяқталмай қалды. Неге аяқталмай қалғаны осы уақытқа дейін белгісіз. Тарихи құжаттарда осы құрылыс үшін 77 адамның ұсталғаны, оның 60-ының сотталып, 17-ісінің атылғаны туралы деректер кездеседі.  Бірақ осы темір жол жүз мың қазақты аштан аман алып қалды. Жан-жақтан босып келген келген мыңдаған адам бір мезгіл тамақпен жан бақты. Бүгінде темір жол  құрылысының қалдықтары, бетон көпірлердің қалқиған сұлбалары  әр-әр жерден байқалады. Бұл Оңтүстік өңірінде ашаршылықтан қалған, «Мәдени мұра» бағдарламасының картасына енген  бірден-бір  ескерткіш болып табылады. 

-Ашаршылықтың қолдан әдейі ұйымдастырылғаны туралы пікір көп, бірақ мұны мұрағат құжаттарымен дәлелдеуге бола ма?

-Өкінішке қарай, ашаршылық туралы архивте жартымды деректер жоқ. Тіпті сол кездегі Қазақстаннан шығатын газеттер де бұл туралы ештеңе жазбаған. Қайта Өзбекстаннан шыққан баспасөзде қазақтардың босып келіп жатқаны, аштан қырылғаны туралы деректер кездеседі. 

Жалпы қазақ жеріндегі бұл зобалаң бір айда немесе бір жылда келген жоқ. Голощекин халықты қырғынға ұшыратудың жоспарын 1926 жылдан бастап бес бағытпен дайындаған.  Бірінші бағыты -ел қамын ойлайтын қайраткерлерді кетіріп, олардың орнына шаласауатты, айтқанынан шықпайтын белсенділерді іріктеп алды.  Екінші бағыт ОГПУ мен НКВД-ның жергілікті жердегі өкілдерінің өктемдігін күшейтті. Үшінші бағыт бойынша Голощекин байлардың мал-мүлкін тәркілеп, өздерін соттады, жер аударды.  Нәтижесінде шаруашылықтың қалыптасқан жүйесі бұзылды, қазақ ауылы асыраушысынан айырылды. Төртінші бағыт колхоздастыру мен отырықшыландыру қабаттастырыла жедел түрде жүргізілді. Өзара жарыс деген ойлап табылды. Ана колхозда 100 қой болса, мына колхоз одан озу үшін 200 деп көрсетті. Бесіншіден, елді тікелей ашаршылыққа әкеліп тіреген жоспар болды.   Ет пен астық өткізуден одақ бойынша бірінші орынға көтерілу керек деген ұранмен Қазақстандағы 14 ет комбинатынан 1930 жылы 5 мың тонна ет, 970 мың пұт астық Ресейдің өнеркәсіп қалаларына жіберілді. 1931 жылы 9 мың тоннадан астам ет, 950 мың пұт астық жөнелтілді.  1931 жылы мал есепсіз сойылып, етке өткізілді.  Белсенділер  ақыр аяғында тігерге тұя қалдырмай, бәрін сыпырып алды. Халық әп-сәтте ашаршылыққа ұрынды. Голощекин бес-алты жылдық жоспардың ойдағыдай іске асқанына қуанған болар,  әйтпесе, 1931 жылы қыс басталған кезде «мемлекетке шұғыл түрде жүн керек, қой қырқыңдар» деп тапсырма бере ме? 

- Ашаршылықта тек қазақ қырылды деген пікір қаншалықты негізді?

-Өзге ұлттардың ашаршылыққа ұрынғаны туралы деректер де, естеліктер де жоқ. Мұрағаттарда Голощекиннің «пәлен ауылдарда орыстар мен өзбектер тұруы себепті халықтың мүлкі тәркіленбесін» деген сөздері қалып кеткен. 1931 жылы өткен бір жиналыста «Біз кеңес одағын құруда қазақ халқын аямаймыз, бұл халық оянғанша аяушылық болмайды, бірақ біздің істеген ісіміздің архивтерде қалып кетпеуін қатты қадағалаңдар» деген. Голощекиннің осы екі сөзінің мұрағатта қалай сақталып қалғаны таңқаларлық. Өзбектер тұратын Сайрам сияқты ірі елді мекендердің көшелері аштан өлген қазақтардың өлігіне толып кеткен. 14 жастағы қыздарын нанға, ұнға сатқандар да кездескен. Осы зобалаң жылдары көптеген қазақтар өзге ұлттарға сіңсіп кетті. Аштық жылдары Арыста, қазіргі Төлеби ауданында балалар үйі ашылды. Округтің орталығы Шымкентте неге ашылмағаны түсініксіз.  

-Ашаршылықтың алдын, 1930 жылы Қазақстанның әр өңірінде көтерілістер болды.   Режиссер Еркін Рақышев  сол жылдары Т.Рысқұловтың, С.Қожановтың ұйымдастыруымен арнайы ұйым болғанын айтады. Сіздің ойыңызша, бұл мүмкін бе?

-1937-38 жылдарғы қуғын-сүргінде НКВД жендеттері тұтқынға алынғандарды аяусыз ұрып-соғып, жасамаған ісін мойындатқызған. Олар 1930 жылы Кеңес өкіметіне қарсы көтерілістерді Рысқұлов, Қожанов сияқты ұлт зиялылары әдейі ұйымдастырды деген пікірді қалыптастырмақ болған сияқты. Мұрағаттарға бәлкім осындай деректерді қасақана, көзі ашық азаматтарды халықтың жауы ретінде көрсету үшін тастап кеткен болуы мүмкін. 1930 жылы көтерілістер Кеңес өкіметінің озбыр саясатына, талап-тонауға қарсы ұйымдастырылды. Бұл халықтың ашу-ызасынан туындаған. Ашаршылық жылдары бұрынғы алашорда өкіметінің азаматтары да халық үшін шырылдады. Жоғарыға хаттар жазған.  Бірақ оның бәрін НКВД мұрағаттан тазалап тастаған. 

-Сол жылдары аштан қырылған қазақтардың саны жөнінде әртүрлі мәліметтер айтылады. Сіздің пікірінше қанша?

-1927 жылы Сырдария губерниясында халық санағы жүргізілген. Осы санақ бойынша  1,5 миллион қазақ, 7 миллионнан астам мал есепке алынған. Мирзоян келгеннен кейін 1934 жылғы санақта 701 мың қазақ көрсетілген. Яғни 1932 жылы құрылған Оңтүстік Қазақстан облысында (бұған қазіргі Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстар мен Шымкент қаласының аумағы кірген)  кемінде 700 мыңнан астам халықтың орны жоқ. Оның біразы шетелге ауып кетті, шамамен 400 мың қазақ өлген болуы мүмкін. Халқы Шымкент-Ташкент төте темір жолының құрылысына қатысып, ашаршылықтан аман қалған  туған ауылым Атбұлбақта 1927 жылы 111 үй болса, 1934 жылы 77 үй қалған. Егіншлікке бейім облыстың өзінде осыншама қазақ қырылса, күні тек төрт түлікке қараған, ашаршылықтың тырнағы қатты батқан Қазақстанның орталығында қанша адам аштан өлгенін өзіңіз ойлай беріңіз. 

Кейбір зерттеушілер «қазақ аштыққа өзінің жалқаулығынан ұрынды, сол кезде егін екпепті, тіпті судағы балықты да ұстап жеуді білмепті» деген сөздерді айтады. Аштықтан бақа-шаян, шөптің тамырын теріп жеген қазақтың балық жеуді білмеуі мүмкін бе?! Ашаршылықтың арғы жағына терең үңілмеген,  орашолақ пікірлерге, шаласауатты тарихшысымақтарға қарның ашады. Ашаршылық тек ақсақалдардың, әжелеріміздің естелігімен ғана сақталып қалмауы тиіс. Зобалаң жылдарды көзі көргендер қалмауға айналды. Ертең сол көзкөргендердің естелігін естігендер де кетеді. Сондықтан қазақтың тарихындағы ең қасіретті кезең туралы кешенді зерттеу жүргізіп, тиісті бағасын беру бүгінгі тарихшылардың міндеті деп ойлаймын.

-Әңгімеңізге рахмет! 

Сұхбаттасқан Бақытжан Әбдірашұлы, 

"Рейтинг" газеті

Диагноз – үкім емес!
Ақұштап Бақтыгереева: «Пәренжі жамылған қазақ қызын көрсем, бетінен жұлып алғым келеді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу