Мұғалімдерді бір партияға «байлап» қою дұрыс емес - Өмір Шыныбекұлы
Ұстаз – мектептің жүрегі іспетті. Қазіргі таңда сауатты халықтың көбейіп, пікірін ашық жеткізе алатын тұлғалардың қалыптасуына себепкер жандардың бірі – ұстаздар. Биыл пандемия кезінде мемлекетіміздің бас педагогі, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің бастамасымен қашықтан оқыту жүйесін де меңгердік. Соңғы қоңырау үнін де онлайн естіп, бітіруші түлектерге мектеп формасын киіп, атестат алу салтанатына да мүмкіндік берілді. Осы орайда, Шымкент қаласындағы А. Макаренко атындағы №41 мектеп-лицейі тарих пәнінің мұғалімі әрі әлеуметтік желі белсендісі Өмір Шыныбекұлымен білім реформаларындағы жаңалықтар мен жүйедегі өзгерістер туралы әңгімелескен едік.
– Әлеуметтік желіде (фейсбукте) жиі пікір білдіріп, жазба қалдыратын белсенді аға буындардың бірісіз. Интернетті қашаннан бастап игердіңіз?
– Негізі өзім тарих пәнінің мұғалімімін. Интернетті өз әріптестерімнен бұрын үйрендім. Әлеуметтік желіні пайдалана білсең, білімнің кені. «Ғаламтор тұңғиық мұхит: оның тереңінен маржанды да табуға болады, сайтанды да табуға болады» деген мақал шығарып алған едім. Кейіннен 2012-2013 жылдары Facebook желісін көп қолдана бастадым. Газет, журналдарға шығара алмай жүрген пікірімізді жұртқа жеткізіп, ой салып жүрміз.
– Мектеп мұғалімінің ойын ашық білдіруі сирек кездеседі, соңғы кездері ғана батылы жететіндер шыға бастады. Осы орайда сізге пікіріңізді ашық білдіруге басшылық рұқсат бере ме? Желіде жазған пікірлеріңіз үшін жоғары жақтан ескертулер жасалып, қорқыту-үркіту болып па еді?
– Қысым өте көп болды. Тіпті бір жолы қалалық білім бөлімі шақырып алып, бұдан былай жазбауымды сұрады. Оларға: «Жоғарыдағыларға бұл кісі өзі сондай біртүрлі адам» деп жамандай салыңыз дедім. Тағы бір жолы шақыртып: «Сізді Сағадиев қара тізімге алып қойды», дейді. Қаланың бір бұрышындағы мектептің мұғалімін «қара тізімге» алып отырса, ол министрде басқа жұмыс жоқ екен де. Қайбір жылы Түркістанға 16 желтоқсанда құдалыққа барайын деп үйден шықсам, таңғы 7 жарымда есігімнің алдында біреу тұр. Мені Әблязовтың адамы деп, үстімнен біреулер арыз жазып, артыма қарауыл салыпты. Сөйтіп құдалықтан қалып қойған да жайым бар.
– Сонымен сіз әрі мұғалім, әрі блогер болдыңыз ба? Белсенді блогермін деп бетпақтыққа салынып, өзіне керегі жоқ істермен айналысып жүргендерге көзқарасыңыз қандай?
– Өзімді блогермін деп санамаймын. Бірен - саран газетке шыққан мақалаларым үшін Журналистер одағының мүшесі болдым. Бірақ куәлігімді жоқ жерге пайдаланбаймын. Әр адамның өзінің ішкі цензурасы болуы керек. Талай мәрте «жазғыштар» мен «айтқыштар» өзіміздің мектепке де қорқытып келген. «Менде сұмдық материал бар, жарияласам масқара боласыз», деп бопсалады да. Бұл енді адамның тәрбиесіне байланысты.
Олардың ақшаға жазатынына да көзім жетті. Себебі маған әкімдік тарапынан талай тапсырыстар түскенін айтқым келеді. Тапсырыс болғанда, соларды мақтап жазу керек те. Бірде Қазақстанға белгілі бір кісі істі болып жатқан кезде оның жақтастары «100 мыңнан беріп тұрамыз, сіздің оқырмандарыңыз көп қой» деген ұсыныс айтты. Бай емеспін, бірақ мен түрмеде отырған адамды қалай мақтаймын? Қатқан нан кемірсем де, ондай іске бара алмаймын.
– Директорларды ата-аналардың «Қамқоршылар кеңесі» арқылы тағайындау мәселесі де көтеріліп жатыр. Қалай ойлайсыз, тағайындаудың бұл тәсілі сыбайлас жемқорлықты азайта ма?
– Ең алғаш жаңартылған бағдарлама туралы реформалар қолға алынып жатқанда 2013 жылы «Қамқоршылар кеңесі» құрылатынын естіп, қарсы болдым. Олар мектепке тек материалдық көмек қана беріп қоймай, білім бағдарламасын жасауға қатысады. Кембридж үлгісін бізге енгізу мүмкін емес. Бізде ат төбеліндей бай кісілер бар, бірақ қалғаны ары барса, 20-30 мың бере алуы мүмкін. Сол үшін «Қамқоршылық кеңесі» үшін ең алдымен мемлекеттік орта тап қалыптасуы керек. Мәселен, менің жағдайым керемет болса, мен не үшін баламды жалпы орта мектепке беруім керек? Бетке ұстар мектептің директорына кіріп, жылдық ақшасын төлеп оқытар едім. Балам нашар оқыса да, кіл мықтылардан шабыт алып, жарыса оқып жөнге келер еді. Мектеп директорын тағайындамас бұрын, «Қамқоршылар кеңесінің» мақсаты мен міндетін айқындап алу керек.
– Ал 12 жылдық білім алуға көзқарасыңыз қандай?
– Кеңес заманында Тәжікстан мен Өзбекстанда қыздарға 17-18 жасынан бастап тұрмыс құруға рұқсат беретін. Себебі, күні ыстық жақтың қыздарының организмі ерте жетіледі. Әрі ұлттық салт-дәстүрлері де бар. Оны айтып отырған себебім, 12 жылдық мектеп болатын болса, қыз-жігіттеріміз 18-ге толып қояды. Ал, сол мектепте жүріп бойжеткендер тұрмысқа шығып жатса, әкесі мен шешесі қайда қарап отыр? Мектеп директоры, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары оқушыны тұрмысқа беріп не істеп отыр деген дау - дамайлар көбейіп кете ме деймін. Осы тұрғыда мәселе туындайды. Біздің биліктегілер сыртынан тон пішіп, құжатқа қол қоя салмай ойлануы керек еді.
– Мектеп, университет бағдарламасындағы тарих пәніне енгізуі керек өзгерістер туралы не айтасыз?
– Ең алдымен, тарихқа деген қызығушылық үйіңіздегі ескі альбомнан басталады. Екіншіден, Ежелгі Қытай, Мысыр, Спартактың көтерілісін жаттап алдық, бірақ өзіміздің туған ауылымыздың түбінде не жатқанын білмейміз. 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шыққан кезде «Өлкетану» пәні енгізіліп қуанған едім. Бірақ орындалуы көңіл көншітпеді. 5, 6, 7 сыныптарға небәрі 20 сағат берілді. Ол дегеніміз тым аз. Егер қазір бұлақтың басынан сіз ішкен суды кезінде қандай жаужүрек батырлар ішкенін білсеңіз ерекше сезімде боласыз ғой. Сол секілді тарихты оқыту барысында баланың туған жеріне деген сүйіспеншілігін қоса арттыру үшін осындай құнды мәліметтерді бағдарламаға қосу керек деп ойлаймын. Біздің Шымкенттің өзінде қаншама тарихи орындар, құнды ескерткіштер бар. Мәселен, 1860 жылы Байзақ датқаны Қоқан ханы Әлімқұлдың бұйрығымен зеңбірек аузына байлап атып жіберген. 1864 жылы орыс әскерлері шайқасқа келген кезде бізде мықты бекініс болған, бірақ іштен бір сатқын шығып ашып қойған екен. Содан орыс әскерлері өзінің солдаттарына олжа жию үшін қаланы үш күн тонауға рұқсат берген. Осындай жасырын жатқан тарих сырларын ашу керек. Сонда кімнің болсын тарихқа, туған жерге деген қызығушылығы ояна түспек.
– Оқушыға қай пән керек емес деп ойлайсыз?
– Қазір «Өзін-өзі тану» деген пән бар. Оны өз деңгейінде оқыту үшін мұғалімнің шеберлігі өте жоғары болуы керек. Ол пәннің кітабын ашсаң, ішінде өмірі аты шықпаған, танымайтын кісілердің жазбалары, 1000 тиражды газетке шыққан мақалалар жүр. Міне, соның орнына пайдасы бар «Өлкетануды» оқытсақ нұр үстіне нұр. Бізге ата-бабаларымыз осынша ұлан-байтақ жерді тапсырып кетті. Біз оны сақтап қалуымыз үшін әрбір жерінде қандай тарихи оқиға болғанын білуіміз керек.
– Қазіргі таңда қызу талқыға түсіп жатқан Серік Таластың «Жезөкше» ролигіне сіз де пікір білдіріпсіз. Бізде феминист қыздар көбейіп кеткен бе, қалай?
– Әке мен баланың өмірге көзқарасы екі түрлі. Мың жылдан кейін де «қазіргі жастар бұзылып барады» деп айтатындар табылады. Бұл – табиғи құбылыс. Ұлдарыммен көзқарасым тура келмейді, бірақ одан мәселе туындатуға болмайды. Роликтің жалпы идеясына айтарым жоқ, дұрыс. Бірақ орындалуының деңгейі төмен. «Қызға қырық үйден тыйым» деген мәтел көшпелі заманның адамдарына ғана өтеді. Ал қазір неге менің қызыма айдаладағы біреу машинасын іштен құлыптап алып, мораль оқуы керек? Міне, орындалуы нашар. Мұндай роликті түсірер алдында сценарий көркемдік кеңестің алдынан өтуі керек. Мәтінді ғана емес, педагогикалық аспектілерін қарастыру керек. Көркемдік кеңеске ақша қимайды ғой. Бір роликтің кесірінен бүкіл Шымкентке сөз тиді.
– Қазіргі балалардың психологиясы салыстырмалы түрде өзгерген. Педагог қандай болуы керек? Және оқушыларды қалай тәрбиелеген дұрыс?
– Педагогке бірінші кезекте жанның тазалығы керек. Содан соң баланың тілін таба білу маңызды. Мектепте әр баланың әлеуметтік жағдайы әртүрлі. Біреуі қымбат дүкеннен киінсе, екіншілері «Алаш» базарынан киінеді. Қысқа немесе ұзындығы емес, «адам көркі – шүберек» болған соң қазіргі сапасы мен қымбаты айқын көрініп тұрады. Мен әлеуметтік жағдайы төмен, ұялатын балаларды тақта алдына көп шығармауға тырысамын. Орнында отырып, жауап беруге мүмкіндік жасаймын. Ұстаз болған соң оқушың балаңа айналады. Сондықтан ата-аналарға айтарым: баласына мұғалім туралы артық ауыз әңгіме айтпаса екен. Мейлі, өміріңізде ең жаман ұстазды сіз көрген шығарсыз, бірақ оны балаңызға айтпаңыз.
Оқушылар менің аузымнан шыққан сөзді әртүрлі қабылдайды. Абай болмасақ, интернет шыққан заманда әп сәтте-ақ қара ниетті болып шыға келесің. Ал әншейін күн өткізіп жүре берейін десем, тағы болмайды. Негізі мектепте мұғалім 15 жыл істеуі керек екен. Ары қарай ол дамымайды. Басқа жұмысқа ауысқаны жөн. Балалаға берері болмай, жауыр ат болады.
– Ал өзіңіздің мектепте қызмет атқарып жүргеніңізге неше жыл болды?
– Менікі сол 15 жылдан асып кеткен соң айтып отырмын ғой. Мектепке 41 жасымда келгем.
– Өзіңіз айтқандай, интернет дамыған заманда қазір балаға қолыңыздың ұшын да тигізе алмайсыз. Тіпті, артық ауыз сөз айтуға қорқамыз. Жаңа заманның оқушыларын қалай тәрбиелеген дұрыс?
– Әзіл деген дүние бар. Күліп тұрып-ақ талай дүниені түсіндіруге болады. Оқыушыға әкіреңдеу, күн көрсетпеу әлсіздіктің белгісі. Өзін сыйлата білген ұстазды ғана оқушылар құрметтейді. Бір кездері оқушыларым менің жанымды алып қалған десем де болады. Бұрынғы бастығыммен арамыз жақсы болмап еді. Мектебімізде түгел дерлік басқа ұлт өкілдері, қазақтар бірен-саран еді. Тіпті, жас маман болып келген қазақ мұғаліміне өзге ұлттың еден жуушысы жекіп сөйлеп отыратын. Қарап отырмай, 2009 жылдан бастап шабуыл жасай бастадым. Ойымды ашық айтып, әрекеттеріне қарсылық таныттым. Содан «горонадан» бір ескерту, шағым болса, әр жиналыста мені тұрғызып қойып, «осы айтып қойған шығар» деп айыптайтын. Ақырында араға жігіттер салып жұмыстан кетуімді талап етті. Мен де қырсықтау адаммын ескертулерге мән бермедім. Ақырында «Увольняйся!» деген түрлі дауыстармен үйдегі телефонға тыным болмады. «Мектептегі беті жылтыр апайлардың шаруасын бітіріп, енді оқышуларға көзі түсіп жүр» деген де қаңқу сөз таратты. Оны естігенде бірден ауруханаға түсіп қалдым. Сонда деймін, ауырып жатқанда да мектеп басшылығы «Ағай менің қолымнан ұстады» деп айтатын бір оқушы қызды іздеген екен. Бірақ менің оқушыларым ондай әрекетке бармады. Керісінше, жеміс-жидектерін алып артымнан ауруханаға іздеп келді. Кейіннен ол директорды да орнына қоятын сәт туды ғой.
Тәрбиені тек мұғалім бермейді. Түсіне білген адамды оқушы да тәрбиелейді. Ең алғаш мектепке келгенімде 7 сыныпты берді. Арасында ерекше ақылды қыз болды. Бірде ол сыныптан үйдегі ескі альбом құжаттарды әкелуді тапсырдым. Ол қыз ескі журнал әкелген екен. Міне, менің 102-дивизия туралы зерттеуімнің негізі де сол болды. Тарихқа деген қызуғушылықты арттыра түсті десем де болады.
– Алдағы уақытта аудандық білім бөлімдері толығымен облыстық білім басқармаларына қарайтын болып жатыр. Мектеп енді аудан әкімшілігіне бағынбайды дейді. Бұл өзгерістерден не күтуге болады?
– Ендігі мәселе мұғалімдерді бейпартияландыру. Бізді бір партияға байлап қою дұрыс емес. Асхат Аймағамбетовтің тікелей өзіне: «Егер ертең сайлау болса, интернет дамыған заманда бір мұғалімнің дауыс ұрлап жүргені видеоға түссе, өзіңізден бастап бүкіл педагог жексұрын болады. Түк жазығым жоқ мен де айыпталамын» дедім. Дәл осы сайлаудағы, партиядағы әрекеттерге байланысты заңға бір қосымша енгізуді ұсындым. Жақсы идеяны қолдаған дұрыс, бірақ жергілікті басшысының тырнақшаның ішіндегі «өтінішін» орындамауы керек. Білім басқармасының бастығы тікелей министрлікке қарайтын болса жағдай өзгеру мүмкін.
– Бір тоқсан қашықтан білім бердіңіз. Не түйдіңіз?
– Салыстырмалы түрде білім министрлігі қашықтан білім беруге дайын болып шықты. Бізді масқара қылған интернет жылдамдығы болды. Және бұл оқыту форматы халықтың шын мәніндегі деңгейін айқындап берді. Кезінде «Цифрландыру» бойынша жоғары жаққа біраз есептер кетіп еді, енді интернетпен оқыту оның барлығын жалаңаштап берді.
Бұл оқыту жүйесінің артықшылықтары жоқ. Баланың көзіне қарап тұрып сабақ түсіндірудің қадірін ұқтық. Мұғалім оқушының көзінен-ақ бәрін оқып отыратын адам. Қашықтан оқыту – амалсыздан барған дүние. ZOOM-мен сабақ өткім келгенмен, көп балаларда мүмкіндік болмады. Бірақ оншақты баламен өткенімде түсінгенім, олардың не ойлап отырғанын, қандай дайындықта екенін, түсініп-түсінбей отырғанын білмейді екенсің. Мұғалім мен оқушының бетпе-бет диалогқа түсіп, сабақ өтуіне ештеңе жетпейді.
Сұхбаттасқан Мария СӘУЛЕБЕКҚЫЗЫ